1 Пәк таза да тура жолмен жүріп,
Жаратқанның тәліміне бағынғандар бақытты!
2Иеміздің ережелерін ұстанып,
Шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты!
3Олар әділетсіздік істемейді,
Тек Жаратқанның жолымен ғана жүреді.
4Ием, тұрақты орындауымыз үшін,
Өз бұйрықтарыңды шығарған едің.
5Сенің жарлықтарыңа бағынып мен
Жүре берсем, шіркін, тура жолыңмен!
6Сонда ден қойып бар өсиеттеріңе,
Ешқашан масқара болмас та едім.
7Әділ шешімдеріңді үйренгенде
Сені дәріптеймін таза жүрекпен.
8Мен жарлықтарыңды ұстана берем,
Жалғыз қалдыра көрме мені мүлдем.
9Жастар қалай таза жолмен жүре алады?
Сөзіңе бағынып соны істей алады.
10Шын жүректен Саған бет бұрып келемін,
Тайдыра көрме мені өсиеттеріңнен.
11Күнә жасамауым үшін Саған қарсы,
Жүрегіме сақтадым айтқандарыңды.
12Даңқталуға лайықсың, уа, Жаратқан,
Үйрете гөр жарлықтарыңды маған.
13Мен дауыстап айтып та отырамын
Бар шешімдеріңді Өзің шығарған.
14Жұрт шаттана қуанғандай мол байлыққа,
Мен ережелеріңмен жүремін шаттана.
15Бұйрықтарың жайлы терең ойланамын,
Сенің жолыңа мұқият ден қоямын.
16Жарлықтарыңды қуана орындаймын,
Сөздеріңді ешқашан ұмытпаймын.
17Уа, Ием, мол мейірім көрсете гөр маған,
Сонда аман болып, сөзіңді сақтай аламын.
18Рухани көзімді аша гөр менің,
Тәліміңнен кереметтер көрейін.
19Бұ дүниеде жат жерлік кірмедеймін.
Өсиеттеріңді жасыра көрме менен.
20Шешімдеріңді үйренуді сағынып,
Жаным әрдайым шөліркейді зарығып.
21Сөгіп ескертесің тәкаппар адамдарды,
Өсиеттеріңнен тайған сол қарғалғандарды.
22Масқара, қорлықты алып тастай гөр менен,
Ережелеріңді ұстанып келемін мен.
23Әкімдер жиналып, мені өсектегенмен,
Жарлықтарың жайлы толғанамын, уа, Ием.
24Ережелеріңнен рақат табамын,
Олар маған ақыл береді әрдайым.
25Ажал аузында жанымның жатқаны-ай,
Аман сақтай гөр берген уәдеңе сай!
26Жүрген жолдарымды айтып бергенімде
Өзің құлақ салып, жауап бердің де,
Жарлықтарыңды маған үйрете гөр енді.
27Ұқтыра гөр бұйрықтарыңның мағынасын,
Кереметтерің жайлы терең ойланамын.
28Жаныма қайғы батып, шаршап-шалдыққам,
Уәдеңе сәйкес күш сыйлай гөр маған.
29Тәліміңді маған сыйлап рақымменен,
Жалғандық жолын алшақтата гөр менен.
30Шындық жолымен жүруді таңдап алдым да,
Шешімдеріңді ұстаймын мен көз алдымда.
31Берік ұстанамын Сенің ережелеріңді,
Уа, Жаратқан, ұятқа қалдыра көрме мені.
32Менің жүрегімді азат еттің Сен,
Жүремін өсиеттеріңнің жолымен.
33О, Ием, үйретсеңші жарлықтарыңның жолын,
Оны соңына дейін берік ұстанбақпын.
34Түсінік сыйлашы, тәліміңді сақтамақпын,
Оған шын жүректен мойынсұнбақпын.
35Жүргізе гөр мені өсиетіңнің жолымен,
Содан зор қуаныш тауып келемін мен.
36Жан дүнием пайдақорлыққа салынбасын,
Оны ережелеріңе құштар етсең, шіркін!
37Бос нәрселерге түсірмей көзімді,
Өз жолыңда жаңарта гөр өмірімді.
38Ием, орындай гөр маған берген сөзіңді,
Содан бәрі терең қастерлесін Өзіңді.
39Менен алшақтата гөр үрейлі масқараны,
Себебі шешімдерің сондай жақсы!
40Қалаймын бұйрықтарыңа бағынуды,
Әділдігіңмен сергіте гөр жанымды.
41Уа, Жаратқан, маған рақымыңды түсіре гөр,
Берген сөзіңе сай мені құтқара гөр.
42Сонда сөккенге жауап бере аламын,
Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
43Шындық сөзін алып қойма аузымнан,
Шешімдеріңе үмітімді артамын,
44Тәліміңді мен ұдайы ұстанамын,
Әрдайым оны орындайтын боламын.
45Содан жүрісім де болады емін-еркін,
Себебі бұйрықтарыңа бет бұрып келемін.
46Патшалар алдында ережеңді айтамын,
Сонда ешқандай қаймықпайтын боламын.
47Өсиеттеріңді қатты ұнатамын,
Олардан жұбаныш пен рақат табамын.
48Өсиеттеріңді сүйіп, қабылдаймын,
Жарлықтарың жайлы үңіле ойлаймын.
49Ескере гөр пендеңе берген уәдеңді,
Өзің қалайсың соған үміттенуімді.
50Сенің сөзің мені жандандырады,
Бұл мені жапа шеккенде жұбатады.
51Паң жандар мені мазақтай бергенмен,
Тағылымыңнан тайып кетпедім мен.
52Ежелгі шешімдеріңді еске аламын,
Уа, Жаратқан, содан жұбаныш табамын.
53Тағылымыңнан безген зұлымдарды
Көргенімде ашу кернейді бойымды.
54Жат жерлік болып тұрған жақтарда мен
Жарлықтарыңды жырлап жүремін.
55Уа, Жаратқан, түнде атыңды есіме саламын,
Сенің тәліміңді ұдайы ұстанамын.
56Бұл менің берік әдетіме айналды:
Іске асырамын берген бұйрықтарыңды.
57Уа, Жаратқан, Өзіңсің менің үлесім,
Сөздеріңді сақтаймын деп уәде бердім.
58Шын жүректен сиынып келемін Саған:
Уәдеңе сай рақымды бола гөр маған.
59Жүрген жолдарыма түңіле толғандым,
Ережелеріңмен жүруге бел будым.
60Мен өсиеттеріңді тез орындап,
Кешеуілдеткен жоқпын жалтақтап.
61Зұлымдар шырмап алды айналамды,
Ал мен ұмытпадым тағылымыңды.
62Сені әділ шешімдеріңе бола
Дәріптеймін, тұрып түн ортасында.
63Мен Сені терең қастерлеген жандардың
Әрі бұйрықтарыңды ұстанғандардың
Барлығымен де жақын жолдаспын.
64Жер мейіріміңе толы, о, Жаратқан,
Жарлықтарыңды үйрете гөр маған.
65Берген сөзіңе сай, уа, Жаратқан,
Көп жақсылық жасап келесің маған.
66Мені үйретші дұрыс түсінік пен білімге,
Себебі сенемін Сенің өсиеттеріңе.
67Мен азап шекпес бұрын жолдан адасқан едім,
Ал енді Сенің сөзіңді сақтап жүремін.
68Ізгісің Сен, істейсің игі істеріңді,
Үйрете көрші маған ережелеріңді.
69Тәкаппарлар жапса да маған жалаларын,
Мен шын жүректен бұйрықтарыңа бағынамын.
70Олардың жүрегі сезімсіз боп қасарысқан,
Ал мен рақат табамын тағылымыңнан.
71Үйренуім үшін жарлықтарыңды,
Азап шеккенім маған жақсы болды.
72Мыңдаған алтын-күміс ақшалардан
Аузыңнан шыққан тәлімің қымбат маған!
73Сенің қолың мені жаратып қалыптастырды,
Енді түсінік сыйлап, үйрете гөр бұйрықтарыңды.
74Сені қастерлейтіндер мені көргенде шаттансын,
Себебі Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
75Сенің шешімдеріңнің әділдігін мойындаймын,
Мені жазалағаның да әділ, уа, Жаратқаным.
76Осы пендеңе берген уәдеңе сай мейірімің
Маған ұдайы жұбаныш бола берсін.
77Рақымың түсіп, мен аман болайын,
Тағылымыңнан қуаныш табайын.
78Мені себепсіз езген паңдар масқаралансын,
Ал мен бұйрықтарың туралы толғанамын.
79Қастерлеп Сені, ережелеріңді білетін
Кісілер маған бет бұрып, қосылса, шіркін!
80Масқара болмауым үшін жүрегім менің
Жарлықтарыңа түгел адал бола берсін!
81Құтқаруыңды аңсап шаршап келемін,
Бірақ Сенің сөзіңе үміттенемін.
82«Мені қашан жұбатасың?» деп зарығып,
Көзім талды сөзіңнің іске асуын тосып.
83Түтінге қақталған торсықтай мен
Еш нәрсеге жарамсыз көрінгенмен,
Шығармадым жарлықтарыңды есімнен.
84О, Ием, мен тағы қанша уақыт тосайын,
Мені қудалағандарды қашан соттайсың?
85Сол тәкаппарлар Сенің заңыңа қарсы
Мені құлатпақ болып терең ор қазды.
86Күллі өсиет атаулың адал да ақиқат,
Жар бола гөр, жау артымнан қуады нақақ!
87Олар мені аластата жаздады жерден,
Бірақ Сенің бұйрықтарыңнан безбедім мен.
88Сақтауым үшін шығарған ережелеріңді,
Рақымыңа сай нығайта гөр өмірімді.
89Сенің айтқан сөздерің, Жаратқан Ием,
Көкте тұр мәңгілікке бекітілген!
90Күллі келер ұрпаққа адал боласың,
Жер бола береді, Сен оны орнаттың.
91Шешімдеріңе сай бұған дейін бәрі тұрады,
Бір Өзіңе барлығы да қызмет қылады.
92Сенің тәлімің мені жұбатып қуантпағанда,
Құрып кеткен болар едім мүшкіл жағдайымда.
93Ешқашан ұмытпаймын ережелеріңді,
Солармен аман сақтайсың өмірімді.
94Құтқара гөр мені, себебі Сенікімін,
Мен бұйрықтарыңа көңіл бөліп келемін.
95Зұлымдар аңдып жүр мені құртуға,
Мен болсам үңілемін жарлықтарыңа.
96Әр кемелдіктің шегі бар екенін түсіндім,
Ал аясы шексіз Сенің өсиеттеріңнің!
97Сенің тәліміңді сондай қатты сүйемін!
Күні бойы сол жайлы ойланып та жүремін.
98Өсиеттерің есімде мәңгі бақи қалады,
Олар мені жауларымнан парасатты қылады.
99Бар ұстазымнан терең ұға аламын,
Себебі жарлықтарың туралы толғанамын.
100Тіпті жасы үлкендерден де білімдірекпін,
Себебі бұйрықтарыңды сақтап келемін.
101Сенің сөздеріңді ұстанып келемін,
Сол үшін теріс жолдан аулақ жүремін.
102Сенің шешімдеріңнен тайып кетпеймін,
Өйткені Өзің маған тәлім беріп келесің.
103Қандай тамаша Сенің сөзіңнің дәмі,
Ол тіпті тіл үйірген балдан да тәтті!
104Ақыл-кеңес табамын бұйрықтарыңнан,
Бар жалған жолдар сондай жексұрын маған!
105Сенің сөздерің қадамдарымды жарқыратады,
Өмір жолыма шам-шырақтай нұрын шашады.
106Мен ант еттім әділ шешімдеріңді сақтауға,
Сөзімде тұрып, сертімді орындаймын да.
107Уа, Жаратқан Ие, қиналып жүрмін тым қатты,
Берген сөзіңе сай өмірімді жаңартсаңшы!
108Аузымнан шыққан мадақтауымды, уа, Жаратқан,
Ерікті сый-тарту деп менен қабылдасаң,
Әрі өз шешімдеріңді үйретсеңші маған,
109Әрқашан жанымды қиюға дайынмын,
Сенің тәліміңді есімнен шығармаймын!
110Зұлымдар маған тор салып, тұзақ құрған,
Ал мен тайып кетпедім бұйрықтарыңнан.
111Ережелеріңді қабылдадым мәңгі мұраға,
Жүрегімді кенелтеді олар қуанышқа.
112Жүрегімде нық шешім қабылдадым бағынуға
Ақырына дейін Сенің жарлықтарыңа.
113Жалтақтайтын жандарды еш жақтырмаймын,
Сенің тәліміңді қатты ұнатамын!
114Сен қорғанымсың әрі қалқаным,
Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
115Әй, әділетсіздер, аулақ кетіңдер қасымнан,
Құдайымның өсиеттерін ұстанатын болам.
116Тірі қалуым үшін мені қолдасаңшы,
Берген уәдең бойынша нығайтсаңшы,
Үмітім Өзіңде: ұятқа қалдырмасаңшы.
117Мені қолдай гөр, сонда аман қаламын,
Жарлықтарыңа ұдайы ден қоямын.
118Жарлықтарыңнан безгендерді құлатасың,
Құр бекер — айлалы қылықтары олардың.
119Қоқыстай шығарасың жердің бар зұлымдарын,
Ережелеріңді сондықтан қатты ұнатамын.
120Тұла бойым дірілдеп Сенен қорқамын,
Шешімдеріңді елемеуден шошынамын.
121Қуғыншылардың қолына түсіре көрме мені,
Жасап келемін ғой әділ де дұрыс істерді.
122Осы пендеңді игілікке жеткізіп, қолдай гөр,
Паң жандардың жәбірінен мені сақтай гөр!
123Әділ уәдеңнің іске асуын тосып,
Көзім талды құтқаруыңды аңсай күтіп.
124Осы пендеңе рақымшылықпен қарай гөр,
Жарлықтарың жайлы тәлім бере гөр.
125Пендеңмін, түсінік сыйлай гөр маған,
Сонда ережелеріңді ұғына аламын.
126Уа, Жаратқан, шара қолданатын уақытың жетті:
Адамдар Таурат заңыңа бағынбай кетті!
127Ал мен Сенің өсиеттеріңді алтыннан
Артық көремін, әрі саф алтыннан!
128Содан бар бұйрықтарыңды әділ деп санаймын,
Бүкіл бұрыс жолдарды да жақтырмаймын.
129Сондай керемет — Сенің ережелерің,
Сондықтан оларға шын жүректен көнемін.
130Мәнісі ашылғанда сөздерің нұрын шашады,
Білімсіздердің де санасын оятып ашады.
131Аузын ашып, ауаға зәру болған кісідей,
Мен шексіз құштармын Сенің өсиеттеріңе.
132Есіміңді сүйген өзгелерге істегеніңдей,
Маған да бет бұрып, көрсете гөр мейіріміңді.
133Қадамдарымды табанды ете гөр сөзіңмен,
Еш жамандық жүргізбесін маған өктемдігін!
134Мені құтқара гөр адамдардың езгісінен,
Сонда бұйрықтарыңды сақтай аламын мен.
135Уа, Ием, маған нұрын төгіп бет-жүзіңнің,
Үйрете гөр ережелеріңді Өзіңнің.
136Көпшілік көнбегендіктен тағылымыңа,
Көз жасым менің көл болып ағылуда.
137Уа, Жаратқан Ие, Сен әділсің,
Әрі әділетті күллі шешімдерің!
138Әділдікпен және шексіз адалдықпен
Ережелеріңді белгілеп бердің Сен.
139Сөздеріңді менсінбейді дұшпандарым,
Соған қатты налып, шаршап-шалдығамын.
140Уәделеріңнің шындығы іс жүзінде сыналған,
Уа, Ием, оларды қатты ұнатамын сондықтан.
141Жұрт менсінбей, кішік болғаныммен,
Бас тартпаймын Сенің ережелеріңнен.
142Сенің әділдігің — мәңгі бақи хақ,
Әрі тағылымың — нағыз ақиқат.
143Ауыртпалыққа ұшырап, қысылып қалдым,
Ал өсиеттеріңнен жұбаныш пен рақат таптым.
144Мәңгілік әділетті ережелерің Сенің,
Түсінік сыйлай гөр шын өмір сүруім үшін.
145Уа, Ием, шын жүректен Саған сиынамын:
Құлақ сала гөр, жарлықтарыңа бағынамын.
146Мені құтқара гөр деп Саған жалынамын,
Ережелеріңді ұстанатын боламын.
147Таң атпас бұрын Сені көмекке шақырамын,
Сенің берген сөзіңе сенімімді артамын.
148Сөзіңе терең үңілу мақсатында
Ұйқыдан бас тартамын таң алдында.
149Уа, Ием, рақыммен үніме құлақ сала гөр,
Әділдігіңе сай өмірімді нығайта гөр!
150Сұм жоспар құрғандар таяп қалды маған,
Олар алшақтап кетті тағылымыңнан.
151Ал, Жаратқан Ие, Сен маған жақынсың,
Нағыз шындық — күллі өсиет атаулың.
152Баяғыда-ақ мен Сенің ережелеріңнен
Оларды мәңгілік орнатқаныңды білгенмін.
153Мүшкіл халіме көз салып құтқарсаңшы,
Есімнен шығармадым тағылымыңды.
154Сен мені жақтап, мүддемді қорғасаңшы,
Уәдеңе сәйкес өмірімді сақтасаңшы.
155Құтқарылу тым алыс зұлымдардан,
Өйткені олар безеді жарлықтарыңнан.
156Уа, Ием, ұлан-ғайыр — Сенің мейірімің,
Шешіміңе сай нығайта гөр өмірімді менің.
157Мені қудалауда жаулар сонша көптеген,
Бірақ мен бас тартпаймын ережелеріңнен.
158Опасыздарды көргенде жиренемін,
Олар сақтамайды сөздеріңді Сенің.
159Бұйрықтарыңды қалай сүйетініме қарасаңшы,
О, Ием, рақымыңа сай өмірімді нығайтсаңшы.
160Түп-тамырымен ақиқат Сенің сөздерің,
Әділетті де мәңгілік әрбір шешімің.
161Басшылар жазықсыз мені қудалайды,
Ал жүрегім сөздеріңді қастерлеп қалтырайды.
162Зор олжаға тап болған адам сияқты,
Сенің сөздеріңе қуанамын сондай қатты!
163Жалғандықты жек көріп, одан жиренемін,
Өз тағылымыңды қатты сүйемін!
164Сені әділетті шешімдерің үшін
Күніне жеті рет дәріптеудемін.
165Тәліміңді сүйгендер тыныштыққа кенелер,
Ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүрер.
166Уа, Ием, өсиеттеріңді іске асырамын,
Мені құтқарасың деп үміттене тосамын.
167Ережелеріңді жан дүниемде сақтап келемін,
Өйткені мен оларды қатты сүйемін.
168Мойынсұнамын ережелерің мен заңдарыңа,
Барлық жүрген жолдарым Сенің көз алдыңда.
169Жалбарынған үнім құлағыңа жетсе екен,
Түсінік сыйлай гөр уәдеңе сай, уа, Ием.
170Өтінішім Өзіңнің алдыңа жетсінші,
Берген сөзіңе сай мені құтқара көрші.
171Сен маған үйреткендіктен ережелеріңді,
Лайым аузым мадақтай берсін Өзіңді.
172Тілім сөздеріңді ән-жырға қоса берсін,
Өйткені әділ күллі өсиеттерің Сенің.
173Бұйрықтарыңды орындаймын деп шешкенмін,
Құдіретті қолың маған көмектесе көрсін.
174Уа, Жаратқан Ием, құтқаруыңды аңсап тосамын,
Сенің тағылымыңнан зор қуаныш табамын.
175Жаным аман қалып, Сені дәріптей берсін,
Шешімдерің тірек болып мені қолдай көрсін.
176Жоғалған қой іспетті адасып келемін,
О, Ием, іздеп мені, қасыңа қайтарсаң екен,
Өсиеттеріңді енді шығармаймын есімнен.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.