Езекиел 37 - Киелі кітап(QazBi2010)

Алқаптағы қураған сүйектердің қайта тірілуінің көрінісі

1Жаратқан Иенің рухани құдіреті маған қонып, Оның Рухы мені көтеріп алды да, жазық алқаптың ортасына апарып қойды. Алқап сүйекке толы екен.

2Жаратқан Ие мені соларды айналдырып жүргізді. Сонда алқаптағы сүйектердің өте көп әрі мейлінше қурап қалғанын көрдім.

3Ол менен:

— Ей, пендем, мына сүйектер өмір сүре ала ма? — деп сұрады.

— Уа, Жаратушы Тәңір Ие, оны тек Сен ғана білесің! — деп жауап бердім.

4Сонда Ол маған мынаны айтты:

— Осы сүйектерге Менің хабарымды жеткізіп былай де: Уа, қураған сүйектер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!

5Жаратушы Тәңір Ие бұл сүйектерге мынаны айтады: Біліп қойыңдар, сендерге тіршілік лебін үрлеймін, сонда тіріліп шыға келесіңдер.

6Өздеріңе сіңір, үстеріңе ет бітіріп, терімен жабамын. Сосын тіршілік лебін үрлеп енгіземін, осылайша тірілесіңдер. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар.

7Мен Жаратқан Иенің өзіме бұйырғанындай Оның хабарын жеткіздім. Осылайша істеп тұрған кезімде бір тасырлаған шу пайда болды да, сүйектер рет-ретімен бір-біріне қосыла бастады.

8Мен таңдана қарасам, оларға сіңір әрі ет бітіп, үсті терімен жабылғанын көрдім. Бірақ оларда әлі де тіршілік лебі жоқ болатын.

9Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Пендем, тіршілік лебіне Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ей, тіршілік лебі, желдің соғатын төрт бағытынан кел де, мына өлтірілгендерге лебіңді үрлеп, жан бітіре гөр!»

10Мен Жаратқан Иенің өзіме тапсырған сөздерін дауыстап айттым. Сонда өлі денелерге тіршілік лебі кіріп, жан бітті де, барлығы аяқтарына тұрды. Олар өте үлкен әскер екен.

11Содан соң Жаратқан Ие маған былай деді: «Ей, пендем, мына сүйектер Исраилдің бүкіл халқын бейнелейді. Халық: «Сүйектеріміз қурап қалды, үмітіміз үзілді, біз мүлдем құрыдық!» деп жүр.

12Сондықтан оларға хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, өз халқым, біліп қойыңдар, Мен көрлеріңді ашып, өздеріңді солардан тұрғызып алмақшымын. Бұдан кейін сендерді Исраил еліне қайтарып алып барамын.

13Мен көрлеріңді ашып, өздеріңді солардан тұрғызып алғанымда, Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар, уа, халқым.

14Мен іштеріңе өз Рухымды салып, сендер өмір сүретін боласыңдар. Сендерді өз елдеріңе қоныстандырамын. Сонда Менің, Жаратқан Иенің, мұны айтқанымды да, жүзеге асырғанымды да білетін боласыңдар. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын».

Бір патшаның қол астындағы бір халық

15Бұдан кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:

16«Пендем, бір ағаш тақтайша ал да, оған: «Яһудаға және онымен одақтасқан исраилдіктерге» деп ойып жаз! Сосын тағы бір тақтайша алып, оған: «Жүсіпке, яғни Ефремге, және онымен одақтасқан Исраил халқының бәріне» деп ойып жаз.

17Содан соң екі тақтайшаны алып, оларды бір-біріне қосып, қолыңда біртұтас етіп ұста.

18Елдестерің сенен: «Бұнымен не айтпақсың?» деп сұрағанда, оларға былай деп жауап бер:

19Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен Ефрем руының және онымен одақтасқан Исраилдің өзге руларының қолдарындағы Жүсіптің тақтайшасын аламын да, оны Яһуданың тақтайшасымен қосып, біртұтас етпекпін. Сонда олар қолымдағы біртұтас тақтайша іспетті болады.

20Өзің жазу жазған сол тақтайшаларды елдестеріңнің көзінше ұстап тұрып, былай де:

21Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен бөтен халықтардың арасына тарап кеткен Исраил халқын солардың ішінен алып шығып, жан-жақтан жинаймын да, өз елдеріне қайтарып әкелемін.

22Мен оларды сол елде, Исраилдің тауларында, бір халық қыламын. Барлығының үстінен бір патша болады. Бұдан былай олар не екі халық, не екі патшалық болып бөлінбейді.

23Халық енді қайтып өздерін жалған тәңірлерінің мүсіндерімен, басқа да жиренішті нәрселерімен және бас көтеріп жасаған өзге күнәларымен арамдамайды. Мен оларды Өзімнен бас тартып, опасыздықпен жасаған күнәларынан арылтып тазартамын. Осылай олар тағы да Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын.

24Менің қызметшім Дәуіт оларға патшалық құрады. Осылайша барлығының бағушысы біреу болады. Халқым Менің шешімдеріме сәйкес әрекет етіп, ережелерімді сақтап, іске асыратын болады.

25Олар Мен ежелде қызметшім Жақыпқа уәде еткен, сосын ата-бабаларың тұрған елде қоныс тебетін болады. Бұдан былай олардың өздері де, балалары мен немерелері де сол елде ұдайы тұрып, Менің қызметшім Дәуіт оларға әрдайым әмірші болады.

26Мен олармен амандық пен тыныштық туралы Келісім жасаймын. Бұл Келісім мәңгілікке созылмақ. Мен оларды орнықтырып, жарылқап, өсіріп-өндіріп, араларында киелі орнымды тұрақты орнатамын.

27Осылай Менің (жер бетіндегі) тұрағым олармен бірге болады. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады.

28Менің киелі үйім олардың ортасында тұрақты орнағанда, барлық ұлттар Менің, Жаратқан Иенің, Исраилді Өзіме бағыштап қасиетті ететінімді білетін болады!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help