1Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар, уа, Исраил халқы! Ол осы елдің тұрғындарына қарсы дау көтермек: «Елде адалдық пен мейірімділік әрі Құдайды жақыннан тануға деген ниет жоқ.
2Сендер қарғанып ант бергенмен алдайсыңдар, әрі кісі өлтіріп, ұрлап неке адалдығын бұзасыңдар. Халық адамгершіліктің шегінен асып кеткен, қан төгу қан төгумен ұдайы ұласқан.
3Сол себепті бүкіл елді қайғы басып, барлық тұрғындары әлсіреп қалды. Тіпті даладағы аң, құс, балық атаулы да қырылып жатыр».
Дінбасыларға арналған ескерту4«Бірақ ешкім басқа біреуді айыптап, оған ұрыспасын, ей, діни қызметкерлер! Мен сендерге наразымын!
5Сендер күндіз құлайсыңдар, қастарыңдағы жалған пайғамбарлармен бірге түнде де құлайсыңдар. Сондықтан Мен шешелеріңді (Исраил халқын) құртпақпын.
6Осылай Менің халқым Өзімді шынайы білмегендіктен құриды. Сендер осы білімді қажетсіз деп санағандықтан, Мен де енді сендерді діни қызметкерлерім болуға қажетсіз деп санаймын. Өздерің Құдайларыңның Таурат заңын естеріңнен шығарғандарың үшін Мен де енді сендердің балаларыңды жарылқауды есімнен шығарамын.
7Діни қызметкерлер көбейген сайын олар Маған қарсы күнә жасауларын да көбейте түседі. Мен олардың салтанаттарын масқарамен алмастырамын.
8Халқым күнәларының құнын өтеу үшін құрбандықтар шалып, Маған ұсынғанда діни қызметкерлер соларды жеп қояды. Олар тіпті халықтың зұлымдық жасағандарынан ләззат табады!
9Сонда халықпен қалай болса, діни қызметкерлермен де солай болады. Мен олардың екеуін де жүрген жолдарына бола жазалап, істеп келген істерінің есесін қайтарамын».
Жалған тәңірлерге табынудан сақтандыру10«Халық тамақ жесе де, тоймайды, (жалған тәңірлердің табыну орындарында) азғындық жасаса да, балалы болмайды. Себебі олар Жаратқан Иеден бас тартты.
11Енді азғындық, шарап пен басқа да ішімдіктер олардың ақыл-санасын құртады.
12Менің халқым ағаш дөңбектен жасалған жалған тәңірге жүгінеді, сәуегейлікке қолданылатын сол ағаш оларға «жауабын береді» екен! Жүгенсіздіктің рухы оларды адастырып, олар өздерінің Құдайынан бас тартып, азғындыққа салынды.
13Халқым тау-төбелердің бастарында малдарын құрбандыққа шалып, саясы ыңғайлы деп емен, терек, пісте ағаштарының түбінде жалған тәңірлерге арнап хош иісті заттарды түтетеді. Сол себепті қыздарың жезөкшелікке салынып, келіншектерің неке адалдығын бұзады!
14Ал Мен қыздарың мен келіншектеріңді сол үшін жазаламаймын. Өйткені еркектердің өздері жай жезөкшелерге де, жалған тәңірлерге бағышталған табыну орындарындағы жезөкшелерге де барады. Осылай жақсы мен жаманды айыра білгісі келмейтін халық құриды.
15Уа, Солтүстік Исраил, сен өзің азғындыққа салынғанмен, Яһуда халқы да сондай күнә жасамасын! Не Ғылғалға, не Бет-Әбенге барып, жалған тәңірлерге табынбаңдар, Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен ант та етпеңдер!
16Исраил иесіне көнбейтін қыңыр сиыр сияқты болып келеді. Жуырда Жаратқан Ие халықты тоқтылар іспетті кең-байтақ далада жайылуға еркіне жібере ме?
17Ефрем халқы жалған тәңірлерге үйір болып кетті, енді оны жайына қалдырыңдар!
18Ішімдіктері бітсе де, олар азғындықтарын жалғастыра береді. Елдің билеушілері осындай масқара істерді қатты сүйеді.
19Оларды құйын көтеріп алып кетпек. Сонда олар жалған тәңірлерге құрбандық шалып, ұсынғандарына ұялатын болады».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.