Еврейлерге хат 5 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Әдетте әрбір бас діни қызметкер пенделер арасынан таңдалып, олар үшін Құдайға қызмет етуге тағайындалады: Оған арнап сый-тартулар ұсынып, адамдардың күнәларының құнын өтеу үшін құрбандықтар шалады.

2Бас діни қызметкер өзінің де пенделік кемшіліктері бар болғандықтан, білмей тура жолдан адасып кеткендерге мейірімділік көрсете алады.

3Сол себептен ол халық үшін де, өзі үшін де күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар шалуға міндетті.

4Бас діни қызметкер болу құрметін ешкім өз бетімен иемденбейді, оны Құдай белгілейді. Һарон да қызметіне осылай тағайындалған еді.

5Сондай-ақ Мәсіх те Бас діни қызметкер болу құрметін өз бетімен иемденген жоқ. Қайта, Құдай Оған: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған» деген.

6Киелі жазбалардың тағы бір жерінде былай да делінген: «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!»

7Сонымен қатар Мәсіх жер бетінде жүргенде Өзін өлімнен құтқаруға құдіреті жететін Әкесіне қатты дауыстап сиынып, көз жасын төгіп жалбарынды. Мәсіх Әкесін терең қастерлегендіктен мінажаты қабыл болды.

8Құдайдың рухани Ұлы бола тұра, Мәсіх ауыр азаптар шеккен кезінде де Әкесіне мойынсұнуға үйренді.

9Жүктелген тапсырмасын толық орындап шыққан Ол Өзіне мойынсұнғандардың барлығы үшін мәңгілік құтқарылуға жол ашты.

10Құдайдың Өзі Мәліксадықты тағайындағанындай, Мәсіхті де Бас діни қызметкер болуға белгіледі.

Сенімнен таймас үшін Құдайдың шындығын ұғу

11Бұл тақырып туралы тағы бірталай нәрселерді айтқанымыз жөн болар еді. Бірақ оларды түсіндіру қиын, өйткені сендер зейін қойып тыңдамайтын болдыңдар.

12(Мәсіхтің тура жолына түскеннен бергі) кездеріңді ескерсек, өзгелерге тәлім берулерің орынды болар еді. Керісінше, сендер әлі де Құдайдың хабарындағы ең бастапқы қарапайым тәлімді басқа біреуден үйренуге мұқтажсыңдар. Өздеріңе «қатты тағамның» орнына әлі де жай «сүт» керек!

13«Сүтпен» тамақтанатындар Құдай алдында ақталу туралы Ізгі хабарды әлі де не ұқпайды, не дұрыс қолдана да алмайды. Олар — рухани сәбилер.

14Тек рухани кемеліне келгендер ғана «қатты тағамдарды» жей алады. Байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да, олар жақсы мен жаманды айыра біледі.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help