1Жаратқан Иеміз патшалық құрады,
Керубтер арасындағы «тағында» отырады.
Халықтар Оны қастерлеп қалшылдасын,
Жер де Тәңір Иеден қорқып шайқалсын!
2Жаратушы Сионда салтанатпен тұрады,
Оның даңқы бар халықтардан жоғары.
3Уа, Ием, ұлы да айбарлы есіміңді
Халықтар мадақтасын: ол киелі!
4Құдіретті патша, ұнатасың әділдікті,
Сен жер бетіне орнаттың әділетті.
Жақыптың үрім-бұтағына шындықты
Бекіттің, уа, Ием, және адалдықты.
5Мақтау айтыңдар Иеміз — Құдайға:
Ол киелі! «Табан тіренішінің» алдында
Бас иіп ғибадат етіңдер Құдайға!
6Оның діни қызметкерлерінің арасында
Мұса мен Һарон болды ежелгі заманда.
Атын атап Оған сиынғандар арасында
Самуил пайғамбар да болды баяғыда,
Жаратқан құлақ салды олар сиынғанда.
7Бұлт бағанасынан Ол сөзін жолдады,
Ережелер мен жарлығын жариялады,
Ал халық соларды сақтап орындады.
8Уа, Құдай Иеміз, оларға құлақ салдың
Әрі кешірім беретін Құдайы болдың,
Ал зұлым істерін жазалайтынсың.
9Құдай Иемізді даңқтап дәріптеңдер,
Қасиетті тауында Оған бас иіңдер,
Құдай Иеміз киелі, соны біліңдер!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
