Заңды қайталау 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Пайғамбардың өсиетінің бастамасы

1Бұл — Мұса пайғамбардың бүкіл Исраил халқына Иордан өзенінің шығыс жағындағы иен далада айтқан сөздері. Халық сол кезде Суфқа қарама-қарсы Араба деген елсіз алқапта Паран (атты иен дала) мен Топел, Лабан, Хасирот және Дизахабтың арасында көшіп-қонып жүрді.

2Хориб (яғни Синай) тауынан Сейірдің таулы жеріне апаратын жолмен жүргенде Қадеш-Барниге дейін небәрі он бір күндік жол болатын.

3Ал енді Мұса Жаратқан Иенің исраилдіктерге айт деп бұйырған мына сөздерін (олар Мысыр елінен көшіп шыққаннан кейінгі) қырқыншы жылы, он бірінші айдың бірінші күні жеткізді.

4Бұл Мұсаның аморлықтардың Хешебонда орналасқан Сихон патшасын, әрі Башан өлкесінің Аштарот пен Едірей қалаларында орналасқан Ог патшасын Едірейдегі шайқаста жеңіп, құртқанынан кейін болды.

5Енді халық Иорданның шығыс жағындағы Моаб еліне тоқтаған кезде Мұса оларға мына тәлімін түсіндіріп айта бастады:

Хориб тауынан Қанаханға баруға берілген бұйрық

6— Құдай Иеміз Хориб тауында бізге былай деген болатын: «Осы таудың маңында жеткілікті тұрдыңдар.

7Енді қостарыңды жинап, жолға шығыңдар. Аморлықтардың таулы жеріне және барлық көршілес елдеріне барып кіріңдер: Иордан алқабына, таулы аймаққа, батыстағы төменгі қыраттарға, оңтүстіктегі Негев даласына және теңіздің жағасына, демек, бүкіл Қанахан елі мен Ливанға әрі (солтүстік-шығыстағы) үлкен өзен — Евфрат өзеніне дейін барыңдар!

8Мынаны біліп алыңдар: Мен сендерге осы елді табыстап отырмын. Оған кіріп, оны иемденіп алыңдар! Мен, Жаратқан Ие, оны түп аталарың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа және олардың ұрпақтарына беруге уәде еткенмін».Басшылар мен төрешілердің тағайындалуы

9Сол кезде мен сендерге былай дегенмін: «Сендерді жалғыз өзім бастап алып жүре алмаймын.

10Өз Құдайларың Жаратқан Ие сендерді молынан көбейтіп, қазір аспандағы жұлдыздардай сансыз көп болып кеттіңдер.

11Енді ата-бабаларымыз да сиынған Құдай Жаратқан Ие өздеріңді тағы да мың есе көбейтіп, Өзі уәде еткендей жарылқай көрсін.

12Бірақ мен жалғыз өзім қалай сендердің қиын мәселелерің мен дау-жанжалдарыңның жүгін көтермекпін?

13Өз руларыңның арасынан ақылды, парасатты әрі беделді бірсыпыра адамды алып келіңдер. Оларды өздеріңе басшы етіп тағайындайын!»

14Сендер: «Сіз істеуге бұйырған осы іс дұрыс», — деп жауап бердіңдер.

15Сонда мен руларыңның басшыларын — ақылды да беделді адамдарды руларыңа мыңбасы, жүзбасы, елубасы, онбасы және басқарушыларың етіп тағайындадым.

16Сол уақытта осы тағайындалған билеріңе мына тапсырмаларды бердім: «Исраилдіктер арасында және болашақта исраилдіктермен бірге елде тұратын жат жұрттықтар арасында пайда болып отыратын дауларды тыңдап, әділ шешім шығарыңдар!

17Үкім шығарғанда ешкімнің бет-жүзіне қарамай, үлкенді-кішілі бәріне бірдей құлақ түріп, сот жүргізіңдер! Ешкімнен қаймықпаңдар, себебі үкім шығаруды сендерге Құдайдың Өзі бұйырған. Егер сендерге бір мәселе тым қиын болса, оны менің алдыма әкеліңдер, сонда оған назар аударамын».

18Сол кезде мен өздерің орындауға тиісті істеріңнің бәрі туралы нұсқау бергенмін.

Уәделі елге жіберілген барлаушылар

19Содан соң біз Жаратқан Иенің берген бұйрығы бойынша Хориб тауынан шығып, өздерің көрген ұлан-ғайыр да үрейлі иен дала арқылы аморлықтардың таулы жеріне қарай бет алдық. Осылай жүре отырып Қадеш-Барниге жеттік.

20Мен сендерге тағы былай дегенмін: «Құдайымыз Жаратқан Ие бізге табыстамақ аморлықтардың таулы жеріне жеттіңдер.

21Біліп алыңдар: Құдайларың Жаратқан Ие сендерге осы елді ұсынып отыр. Ол, ата-бабаларыңның да Құдай Иесі, өздеріңе уәде еткеніне сәйкес, енді сол елге өрлеп барып, оны иемденіп алыңдар. Еш нәрседен уайымдап, қорқушы болмаңдар!»

22Сонда сендердің барлығың маған келіп: «Алдымыздан барлаушылар жіберейік. Олар елді барлап, жүретін жолдарымыз бен кезігетін қалаларымыз туралы мағлұмат алып келсін», — дедіңдер.

23Мен бұл ұсыныстарыңды құп көріп, араларыңнан әр рудан бір-бірден, барлығы он екі адамды таңдап алдым.

24Олар жолға шығып, таулы жерге көтерілді. Ешқол аңғарына жеткенде, оны барлап шолып шықты.

25Сол елдің жемістерінен біразын алып, қайта оралғанда: «Құдайымыз Жаратқан Ие бізге жақсы ел табыстап отыр!» — деген хабарды жеткізді.Халықтың Жаратқан Иеге қарсы шығып, жазалануы

26Алайда сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, сол елге өрлеп барудан бас тарттыңдар.

27Сонда қостарыңда наразылық білдіріп: «Жаратқан Ие бізді жек көргендіктен аморлықтардың қолына түсіріп, құрту үшін Мысыр елінен алып шықты!

28Енді қайда барсақ екен? Барлап келген бауырларымыз әкелген мағлұматтарымен зәремізді ұшырды. Сол елдің халқы бізден мықты да бойшаң, қалалары үлкен, қамалдары аспанмен таласқандай биік екен! Анақтың алып ұрпақтарын да сонда көріпті!» — дедіңдер.

29Сонда Мен сендерге былай дедім: «Олардан үрейленіп қорықпаңдар!

30Алдарыңда жүріп, сендерді жетелейтін — өз Құдайларың Жаратқан Ие ғой! Ол Мысыр елінде көз алдарыңда сендер үшін қалай шайқасқан болса, қазір де солай шайқасатын болады.

31Әкесінің ұлын көтеріп алып жүргені сияқты, Құдай Иеміздің де сендерді иен далада жүрген жолдарыңның барлығында қамқорлап келгенін өздерің көрдіңдер. Сендерді осы жерге бастап алып келген де Сол».

32Алайда сендер Құдай Иеміздің істегендеріне қарамастан Оған сенім артпадыңдар!

33Ал Ол сапарларыңның кезінде түнде жайнаған отпен, күндіз бағана тәрізді бұлтпен алдарыңда жүріп, тұрақтайтын жерлерің мен жүретін жолдарыңды нұсқап отырды.

34Сендердің наразылық білдірген дауыстарыңды естігенде Жаратқан Ие қаһарланып, былай деп ант етті:

35«Мен ата-бабаларыңа беруге ант еткен шұрайлы елді осы зұлым ұрпақтың ешбір адамы көрмейді!

36Тек Ефунне ұлы Халеп қана сол елді көреді. Оның аяқ басқан жерін өзіне және кейінгі ұрпақтарына табыстаймын. Себебі ол Маған, Жаратқан Иеге, толығымен мойынсұнды».

37Кейінірек Жаратқан Ие сендерге бола маған да ашуланып: «Сен де сол елге кірмейсің!

38Ал көмекшің Нұн ұлы Ешуа сол елге кіреді. Оны жігерлендіріп отыр, оның басшылығымен исраилдіктер елді иемденетін болады.

39Сендер жауға олжа болады деген балаларың — әлі де жақсы мен жаманды айыра алатын жасқа жете қоймаған нәрестелерің, міне, солар елге кіретін болады. Мен оларға елді табыстаймын, олар оны иемденіп алады!

40Ал сендер артқа бұрылып, Қамысты теңізге апаратын жолмен иен далаға бет алыңдар!» — деп бұйырды.

41Бірақ сендер былай деп жауап бердіңдер:

— Иә, біз Жаратқан Иеге Құдайға қарсы күнә жасадық. Енді Құдайымыз Жаратқан Иенің бұйырғанындай жоғары өрлеп барып, шайқасамыз! — Сол таулы жерге көтеріліп барып, шабуыл жасау оңай екен деп ойлап, барлық ер адамдарың қару-жарақтарыңды асынып алдыңдар.

42Ал Жаратқан Ие маған былай деді:

— Оларға мынаны айт: Жоғары өрлеп барып, шабуыл жасамасын! Себебі Мен сендермен бірге болмаймын. Әйтпесе жауларыңнан жеңіліп күйрейсіңдер.

43Мен сендерге мұны жеткізгенмен, еш тыңдамадыңдар. Жаратқан Иенің берген бұйрығына қарсы шығып, менмендікпен таулы жерге өрлеп бардыңдар.

44Сонда сол тауларды мекендеген аморлықтар алдарыңнан шыға келді де, араның үйіріндей арттарыңнан қуа отырып, сендерді Сейір тауынан төмендеп, Хормаға жеткенге дейінгі бүкіл жолдың бойында талқандап қырып тастады.

45Содан сендер қайтып келіп, Жаратқан Иенің алдында жыладыңдар. Бірақ Ол жалыныштарыңды тыңдап, құлағын түрген жоқ.

46Осылайша Қадештің маңында ұзақ уақытқа тұрып қалдыңдар.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help