Забур жырлары 7 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдан жауларды шектеп, әділдік орнатуын сұраған дұға

1(Бунямин руынан шыққан Құштың қылығы туралы Дәуіттің Жаратқан Иеге айтқан әні. Екпінді әуенмен айтылады.)

2Уа, Құдай Ием, Сенен пана табам,

Арашалай гөр мені қуғыншыларымнан.

3Құтқарушым жоқ, жау мені быт-шыт қылады,

Арыстандай паршалап, дал-дұлымды шығарады.

4Уа, Құдай Ием, егер күнә істеген болсам,

Яки қолыммен қылмыс жасаған болсам,

5Бейбіт жолдасыма сатқындық жасаған

Не дұшпанымды болсам себепсіз тонаған,

6Онда жаулар мені қуып, ұстап алсын,

Жанымды аяғымен жерге таптасын,

Абыройымды топыраққа былғасын.

7Уа, Жаратқан, қаһарлана көтеріле гөр,

Жауларымның долдануына қарсы шыға гөр,

Өзің бұйырғандай әділдік орната гөр,

Мен үшін ендеше әрекеттене гөр.

8Жиналып тұрсын халықтар айналаңа,

Биіктен билік құршы қайтадан оларға.

9Уа, Жаратқан, Сен халықтарды соттайсың,

Мені ақтай гөр, Ием, әділ де адалмын.

10Әділ Құдайым, жан дүниемізді сынайсың,

Енді доғартсаңшы зұлымдардың сұмдығын,

Әрі нығайтсаңшы әділдердің қорғанышын.

11Алла Тағала мені қалқандай қорғайды,

Шын жүректен адалды Ол аман сақтайды,

12Құдай мәңгі әділ соттаушы болады,

Тәңір күнде зұлымдарға ашуланады.

13Егер адам бас тартпаса күнәсінен,

Онда Құдай қайрайды өткір семсерін,

Керіп, кезеніп дайындайды садағын,

14Отқа қыздырады үшкір жебелерін,

Сөйтіп даярлайды өлтіргіш қаруларын.

15Міне, арамза адам зұлымдық ойлайды,

Жан дүниесінде ол пәлені сақтайды,

Содан өтіріктері оның туындайды.

16Ол ор қазып, соны тереңдетіп дайындайды,

Алайда сол тұзағына өзі кейін құлайды.

17Осылай зұлымдығы өз басына келеді,

Жауыздығы өзінің төбесіне түседі.

18Жаратқанның әділдігін мадақтаймын,

Алла Тағаланың есімін жырлаймын.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help