1Күз жетіп, халық бір адамдай Иерусалимге жиналып келді.
2Сонда Ехосадық ұлы Ешуа өзінің діни қызметкер ағайындарымен бірге және Салатиел ұлы Зоробабел өз ағайындарымен бірге Исраилдің сиынатын Құдайына арнап құрбандық үстелін сала бастады. Олар соның үстінде шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды ұсынбақ болды. Бұл Құдайдың Өзі таңдаған адамы Мұса арқылы табыстаған Таурат заңында жазылған ережелерге сай өтуге тиіс еді.
3Айналадағы өзге ұлттардан қорықса да, олар осы құрбандық үстелін өзінің бұрынғы негізінің үстіне қайта салды. Оның үстінде таңертең және кешке Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандықтарды шалып, ұсынып отырды.
4Халық Таурат заңында жазылған тәртіп бойынша Күркелер мейрамын өткізіп, оның әр күніне сәйкес түгелдей өртелетін құрбандықтардың ережеге сай тиісті санын ұсынып отырды.
5Олар сонымен қатар күнделікті түгелдей өртелетін құрбандықтарды да, айдың алғашқы күні және Жаратқан Иенің тағайындаған мейрамдарына бағышталған құрбандықтарды да шалып, ұсынып отырды. Халық Жаратқан Иеге арнап ерікті тартулар да жасады.
Ғибадатхананың құрылысын бастау6Халық жетінші айдың бірінші күні Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандықтарды ұсына бастады. Сол кезде Жаратқан Иенің ғибадатханасының негізі әлі де салынбаған болатын.
7Сондықтан халықтың басшылары тас қалаушылар мен ағаш шеберлеріне күміс беріп, жалдап алды. Басшылар сидондық және тирлік саудагерлермен Ливан тауларынан самырсын бөренелерін Жерорта теңізі арқылы Яффадағы кемежайға жеткізулері жайында келісті. Сол үшін саудагерлерді азық-түлік, шарап және зәйтүн майымен қамтамасыз етті. Себебі парсы патшасы оларға осылай істеуге рұқсат берген болатын.
8Осылайша Салатиел ұлы Зоробабел және Ехосадық ұлы Ешуа өз ағайындарымен: діни қызметкерлермен, әрі өзге леуіліктермен және жер аударылудан Иерусалимге қайта оралған басқа да халықпен бірге осы ұлы іске кірісті. Бұл олардың Иерусалимдегі Құдайдың киелі үйіне келгендерінен кейінгі екінші жылдың екінші айында болды. Жасы жиырмаға жеткен және одан жоғары леуіліктер Құдай Иенің киелі үйінің құрылысын басқаруға тағайындалды.
9Бүкіл жұмысқа бірігіп басшылық етіп жүрген леуіліктер мыналар еді: Ешуа, оның ұлдары мен ағайындары, Яһуданың ұрпағы Қадмиел және оның ұлдары. Хенададтың ұрпақтары да олармен бірлесе жұмыс істеді.
10Сөйтіп құрылысшылар Жаратқан Иенің киелі үйінің негізін қалап болды. Содан кейін арнайы киімдер киген діни қызметкерлер кернейлермен, әрі леуілік Асафтың ұрпақтары сылдырмақтармен өз орындарына тұрғызылды. Сол екі топ ежелде Исраил патшасы Дәуіт бекіткен тәртіппен Жаратқан Иені дәріптемек болды.
11Олар кезек-кезек Жаратқан Иені мадақтап, Оған шүкірлік айтып ән салды:
«Жаратқан Ие ізгі, Оның Исраилге
Деген рақымы ұласады мәңгілікке!»
Бүкіл халық Жаратқан Иені қатты дауыспен мадақтап оларға жауап беріп отырды. Себебі Жаратқан Иенің киелі үйінің негізі қаланған еді.
12Сонда бұрынғы киелі үйді көздері көрген қарт діни қызметкерлер, леуіліктер және әулет басшылары осы жаңа киелі үйдің негізінің салынғанын көргенде қатты жылады. Ал басқа көптеген адамдар қуаныштан айқай салды.
13Осылайша қуанғаннан айқайлаған халықтың дауысын жылап-сықтағандардың дауысынан ажырату мүмкін емес еді. Айқай-шу өте зор болып, алысқа естіліп тұрды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.