1Біліп қойыңдар, осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп, ұғындым.
2Сендер білетінді мен де білемін, сендерден еш кем емеспін.
3Шынында мен құдіреті шексіз Құдайға тікелей тіл қатып, өз ісім жайлы дәлелдеме келтіргім келеді.
4Ал өздерің маған өтіріктерді майдай жағасыңдар, барлығың да түкке тұрғысыз емшіге ұқсайсыңдар.
5Үн-түнсіз қалсаңдар ғой, шіркін! Бұл сендер үшін даналық болар еді.
6Ал енді, менің уәжімді тыңдаңдар, келтіретін дәлелдеріме құлақ салыңдар!
7Өтірік айтып Құдайды қолдаймыз, жалған сөйлеп Оны ақтаймыз деп ойлайсыңдар ма?
8Осылайша екіжүзділікпен Құдайды жақтап, Оның сөзін сөйлемекшісіңдер ме?
9Ал егер Ол бұларыңды тексерсе, өздеріңе жақсы болар ма екен? Адамдарды алдағандай, Оны да алдауға ұмтылғандарың ба?
10Сендер Құдайға жағыну үшін шындықты құпия бұрмаласаңдар, Ол сендерге қатты сөгіс береді.
11Құдайдың ғаламат ұлылығынан қорықпайсыңдар ма? Оның айбындылығы сендерді басып тастамай ма?
12Ескертулерің — күл-қоқыстай нәрсіз, келтіріп отырған дәлелдерің қатқан балшықтай әлсіз.
13Қасымда тұрғанда үндемеңдер, мен өзім сөйлеймін. Содан соң не болса о болсын.
14Сол үшін мен тәуекелге бел байлап, жанымды қиюға бармын.
15Құдай мені өлтірмек болса да, Оған үмітімді артамын. Қайткенде де іс-әрекеттерімді Оның алдында қорғайтын боламын.
16Соным арқылы құтқарыламын, өйткені ешбір әділетсіз адам Құдайдың алдына бара алмайды.
17Сөздерімді мұқият тыңдаңдар, пайымдауларыма құлақ салыңдар!
18Өйткені мен ісімді дайындадым. Өзімнің ақталатынымды білемін.
19Маған айып таға алатын біреу бар ма өзі? Болса, үндемей-ақ өле салуға бармын.
Әйүптің өз күнәларын көрсетуін Құдайдан сұрауы20Уа, Құдай, маған мына екі нәрсені істесең екен, сонда мен Өзіңнен жасырынбаймын:
21мені жазалаған қолыңды алшақтата гөр, өз үрейіңмен мені қорқытуыңды доғара гөр.
22Содан соң шақырып алшы, өзім жауап беремін. Немесе мен сөйлеймін, ал Сен айтқандарыма жауап қайтарсаң екен.
23Менің жазығым мен күнәларым қаншама? Саған қарсы шығып, күнә жасаған болсам, маған айтып берші, біліп алайын.
24Сен неге менен жүзіңді бұрып әкетесің, уа, Тәңірім? Мені неге жауың деп есептейсің?
25Жел айдаған жапырақты қорқытпақсың ба? Қурап қалған бір түйір сабанның соңына түспексің бе?
26Мен туралы ащы айыптар жазып қойып, балалық шақтағы күнәларымды мойныма артып келесің.
27Аяғымды бұғаулап, барлық жүрген жолдарымды бақылайсың, ізімнен ешбір қалмайсың.
28Содан мен шіріген нәрседей, күйе жеген киімдей тозып күйреудемін.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
