1Бұлар да Сүлейменнің нақыл сөздері. Оларды жинақтағандар — Яһуда елінің патшасы Езекияның қызметкерлері.
2Істі құпиялау — Құдайдың даңқы,
Оны зерттеп ашу — патшаның даңқы.
3Аспанның заңғар, жердің терең екеніндей,
Патшаның ой-ниетін білмес ешкім түгелдей.
4Күмісті балқытып қоқыстан аластатар,
Саф күмістен зергер құнды ыдыс жасар,
5Дәл солай патшадан сұмдарды алшақтатыңдар,
Патшаның тағы сонда әділдікпен нығаяр.
6Патша алдында асқақтама,
Ұлықтар орнына тұрып алма,
7Мырзаңның көз алдында ұялғанша,
Саған игі, «төрге шық» деп шақырса.
Көргеніңді сотқа айтуға асықпа,
8Қарсыласың жеңіп шықса соңында,
Қайтесің өзіңді масқара қылғанда?
9Көршіңмен мәселеңді жеке талқыла,
Басқа адамның бірақ сырын ашпа.
10Әйтпесе естіп қалған сені ұялтар,
Масқараң мәңгілік өзіңде қалар.
11Орнымен айтылған сөз күміс табаққа
Салынған алтын алмадай тамаша.
12Тыңдайтын құлаққа дананың әшкересі
Алтын сырға мен саф алтын әшекей іспетті.
13Жазғы орақ кезіндегі
Сергіткен қар секілді,
Қожайынының жанын сергітеді
Жіберген сенімді елшісі.
14Бермес сый-тартуымен мақтанушы
Құрғақ жел мен жаумас бұлтқа ұқсайды.
15Билеушіні төзімділікпен сендірер,
Қарсыласты майда тілмен көндірер.
16Бал таба қалсаң
Же оны шамаңа қарап,
Артық жеп қойсаң
Жиренерсің құсып тастап.
17Көршіңе тым жиі барып
Кетірме қадіріңді,
Әйтпесе сенен мезі болып
Жек көріп кетер өзіңді.
18Өзгеге қарсы жалған куә болған —
Сойыл, семсер, үшкір жебедей қауіпті жан.
19Опасызға үміт арту апатты күні,
Бұл — сынған тіс, сал болған аяқ іспетті.
20Салқын күні басқаның шапанын тартып алған,
Яки жарақатқа сірке су құйған жан
Сияқты — қайғылыға көңілді өлең айтқан.
Таспен атқанды аспен ат!21Жауың сенің аш болса тамақтандыр,
Егер ол шөлдесе шөлін қандыр!
22Сен осылай етіп басына оның
Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың,
Һәм Жаратқан қайтарар саған қарымтасын.
23Сөз жоқ, солтүстік самал жаңбыр жаудырар,
Жала жапқыш тіл ашулы кейіп туғызар.
24Ұрысқақ әйелмен бір үйде тұрғанша,
Үй төбесіндегі күркеде тұрған артық оңаша.
25Алыс елден әкелінген жақсы хабар
Шөлдегенге берілген салқын суға ұқсар.
26Арамзадан қорқып, көнген әділ жан —
Бүлінген құдық пен бұлақтай лайланған.
27Балды тым көп жеу пайдалы емес,
Өз даңқы үшін ұмтылу абырой бермес.
28Өзіне ие бола алмайтын жан
Қорғансыз қаладай, қамалы құлаған.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
