Әйүп 27 - Киелі кітап(QazBi2010)

Әйүптің кінәратсыздығын қайтадан баса айтуы

1Әйүп сөзін жалғастырып былай деді:

2— Менің құқығымды алып қойған мәңгі тірі Құдайдың алдындағы шын сөзім, иә, жан дүниемді ренішке кенелткен құдіреті шексіз Тәңірдің алдындағы шын сөзім:

3Кеудемде жаным болғанша, Құдай маған тыныс алуға мұрша бергенше,

4аузымнан еш өтірік шықпасын, тілім де ешбір жалған сөз айтпасын!

5«Сендердікі дұрыс» деп ешқашан мойындамаспын, өле-өлгенше өзімнің адалдығымнан бас тартпаспын!

6Иә, мен әділдігімді мықтап ұстанып, одан айырылмаспын, өмірімнің ешбір күні үшін ар-ұжданымда өкініш сезінбеспін.

7Дұшпандарым зұлымдардың жазасын тартсын, қарсыластарым заңсыздардың көретіндерін көрсін!

8Өйткені арсыздың артатын қандай үміті қалар еді? Құдай көзін құртып, жанын алады емес пе?!

9Басына қиындық түскенде, Құдай оның жалбарынған үніне ден қоя ма?

10Әлде ол құдіреті шексіз Тәңірге риза болып, Құдайға әрдайым сиынатын бола ма?

11Мен сендерге Құдайдың іс-әрекеті жайлы тәлім бермекпін, құдіреті шексіз Тәңір туралы білімді жасырмаймын.

12Ал мұның бәрін өздерің де көріп отырсыңдар, сонда осы мәнсіз әңгіме неге керек?

13Құдайдың зұлым адамға белгілеген тағдыры, әрі құдіреті шексіз Тәңірдің зорлықшылға бұйырған «мұрасы» мынау:

14Олардың балалары көп болса да, семсерден өледі және ұрпақтары аштықтан жапа шегеді.

15Осылардан аман қалса, індеттен көз жұмады. Арттарында қалған жесірлері жоқтау да айтпай қояды.

16Зұлымдар күмісті шаңдай мол үйіп алып, киімді балшықтай сірестіріп молынан жинайды.

17Алайда соның пайдасы бәрібір әділдерге тиетін болады, күнәсіздер сол күмісті бөлісіп алады.

18Зұлымдардың салған үйлері өрмекшінің өрмегіндей әлсіз болады. Олар егістік күзетшісінің бұтақшалардан жасаған күркесіне ұқсайды.

19Зұлымдар төсекке жатарда бай еді, бірақ енді қайтып олай болмайды. Олар көздерін ашып, ұйқыдан тұрса, байлығынан түк те қалмапты.

20Қорқыныш олардың басына топан судай қаптап, түнгі дауыл оларды іліп алып кетеді.

21Шығыстан соққан күшті боран көтеріп әкеткенде, құдайсыздар ғайып болады. Құйын оларды өз орындарынан алып кетеді.

22Күшті дауыл зұлымдарға аяусыз шүйіліп, олар оның құдіретінен бас сауғалай қашады.

23Жұрт оларды мазақ қылып, қолдарын шапалақтап, орындарынан ысқырады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help