Ишая 56 - Киелі кітап(QazBi2010)

Мойынсұнған барлық ұлттарға арналған құтқарылу және Келісім

1Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Әділетті бұйрықтарымды сақтап, әділ істер жасаңдар! Мен сендерді жақында құтқарып, әділдігімді ашық көрсететін боламын.

2Айтқандарымды мұқият орындайтын адам қандай бақытты! Демалыс күнін қор қылмай, Өзіме бағышталған күн ретінде қастерлейтін әрі жамандық атаулыдан алыс жүретін адам баласын Мен жарылқайтын боламын».

3Өзін Жаратқан Иеге түбегейлі арнаған басқа ұлт адамы: «Жаратқан Ие, сірә, мені өз халқынан бөлек қояр», — деп уайымдамасын. Белінен айырылған еркек: «Мен қурап қалған ағашқа ұқсаймын», — деп те қайғырмасын.

4Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: «Егер белінен айырылғандар Менің еркімді орындауды таңдап, демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса,

5онда Мен оларға ғибадатханамнан және оның алаңдарынан орын беріп, мәңгі өшпейтін ат пен абырой сыйлаймын. Бұл, ұл-қыздар арқылы қол жеткізуге болатын абыройдан да артық.

6Сол сияқты, егер басқа ұлт адамдары Маған ғибадат етіп, Мені сүйіп, қызметшілерім болуға өздерін түбегейлі арнаса, әрі демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса,

7онда Мен, Жаратқан Ие, олардың Өзіме бағышталған қасиетті Сион тауына келулеріне жол беремін. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін. Сол басқа ұлттық сенушілердің Өзімнің құрбандық үстелімде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын. Себебі Менің киелі үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады».

8Жаратушы Тәңір Ие жер аударылып, шашырап кеткен исраилдіктерді қайтадан жинамақ. Ол былай деп жариялайды: «Мен халқымды жинап алып, оларға басқаларды да қоспақпын!»

Жаратушының Өзінен безгендерді айыптап жазалауы

9«Дала мен ормандағы жыртқыш аңдар, бәрің де осында келіңдер! Халқымның жаулары, келіп, бас салыңдар!

10Исраилді күзетіп жүруге тиісті басшылары соқыр да надан! Барлығы үре алмайтын мылқау, қиялдап жатып, ұйықтағанды жақсы көретін иттер сияқты.

11Олар қомағай, тоюды білмейтін төбеттерге ұқсас! Түсінігі жоқ осы бағушылардың бәрі өз беттерімен жүріп, әрқайсысы өз пайдасын ғана ойлайды.

12«Кәне, шарап алып, соңынан сыраны сімірейік. Ертең де бүгінгідей, тіпті бұдан да күшті болады!» деседі сол зұлымдар».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help