Қорынттықт. 1-хат 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Арнау және сәлем

1Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен

2Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз.

3Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін!

Құдайдың қауымды жарылқауына шүкірлік

4Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады.

5Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар.

6Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды.

7Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер.

8Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек.

9Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған.

Қауымдағы жікке бөліну мәселесі

10Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар!

11Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым.

12Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер.

13Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!)

14Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін.

15Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар!

16Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ.

17Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді.

Құдайдың даналығы мен құдіретінің Мәсіхтен көрінуі

18Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр.

19Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын».

20«Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе?

21Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді.

22Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді.

23Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді.

24Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді.

25Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті.

26Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді.

27Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады.

28Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды.

29Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды.

30Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды.

31Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help