Қорынттықт. 1-хат 13 - Киелі кітап(QazBi2010)

Сүйіспеншілік туралы толғау

1Мен адамдардың түрлі тілдерінде

Және періштелердің тілдерінде

Жатық та мүдірмей сөйлей білсем де,

Бірақ егер сүйіспеншілігім болмаса,

Сөздерім сыңғырлаған қоңырауға

Әрі шылдырлаған асатаяққа

Ұқсап мәнсіз боп қалады сонда.

2Мен Құдайдың хабарларын жеткізсем,

Күллі құпия-сырларды да білсем,

Әр түрлі білімді иемденсем,

Тау қозғайтындай сенімге кенелсем,

Бірақ егер сүйіспеншілігім болмаса,

Түкке де тұрмаймын мен онда.

3Егер үлестірсем бар байлығымды

Бейшара жарлы-жақыбайларға,

Тіпті құрбан қылсам да жанымды,

Тәнімді қисам отқа жағуға,

Бірақ егер сүйіспеншілігім болмаса,

Маған келер пайда жоқ бұдан да.

4Сүйіспеншілік шыдамды да қайырымды,

Еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды,

5Әдепсіз, өзімшіл, ашушаң да болмайды,

Ол көрген жәбірін есінде сақтамайды,

6Әділетсіздікті еш құптамайды,

Қайта, ол ақиқатқа сүйсінеді,

7Дәйім қорған болып, ұдайы сенеді,

Үмітін еш үзбей, бәріне шыдайды.

8Сүйіспеншілік ешқашан сарқылмайды.

Құдайдың хабарын жеткізу тоқталар,

Бөтен тілдерде сөйлеу де сарқылар,

Білім дарыны да кейін доғарылар.

9Себебі біздің біліміміз жетіспейді,

Құдайдың хабарын жеткізуіміз шектеулі,

10Алайда жетілгендік келген кезде

Шектеулінің барлығы да бітеді.

11Бала кезімде балаша сөйлейтінмін,

Балаша ойлап, балаша пайымдадым.

Бірақ та ержеткеннен кейін мен

Қол үздім балалық қасиеттерден.

12Сол сияқты, біздің қазір көргеніміз

Айнадағы көмескі бейне іспетті,

Ал болашақта бетпе-бет анық көреміз.

Қазіргі білетінім тек қана шектеулі,

Ал Құдайдың мені толық білетіні секілді,

Бәрін де толықтай білемін сол кезде.

13Сонымен сенім, үміт, сүйіспеншілік:

Осы үшеуі әрқашан да қалады.

Ал солардың ішінде сүйіспеншілік

Мәңгі бақи ең бастысы болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help