Даниял 8 - Киелі кітап(QazBi2010)

Даниял пайғамбар көріністе көрген қошқар мен теке

1Бірінші көріністен кейін, Белшазар патшаның билік құрған үшінші жылы, тағы бір көріністі көрдім.

2Сол көріністе мен Елам аймағындағы Сузы қорғанында, Улай өзенінің жағасында тұр екенмін.

3Айналама көз салсам, өзен жағасында тұрған қос мүйізді қошқарды байқадым. Оның екі мүйізі де ұзын, ал біреуі екіншісінен ұзындау екен. Сол ұзындауы кейінірек өсіп шыққан болатын.

4Қошқар батыс, солтүстік пен оңтүстікке қарай сүзгілеп айбат шегіп тұрды. Ешбір жануардың оған қарсы тұруға күш-қуаты жетпеді де, оның құдіретінен құтқаратын ештеңе болмады да. Содан қошқар қалағанын істеп, айбаттанып кетті.

5Мен бұған қарап, ойланып тұрдым. Сол сәтте екі көзінің арасында шодырайған дәу мүйізі бар бір теке тұяғын жерге тигізбейтіндей жылдамдықпен батыстан бүкіл жер бетімен өтіп бара жатты.

6Теке мен бұрынырақ өзен жағасында көрген қос мүйізді қошқарға қарай бет алып, оған барлық қаһарлы күшімен тап берді.

7Осылай теке қошқарға бас салып, оның екі мүйізін де сындырып тастады. Текеге қарсы тұруға қошқардың қауқары жетпей, теке оны жерге құлатып, таптай бастады. Қошқарды текеден құтқара алатын ешкім де болмады.

8Содан теке тіпті айбаттанып, асқақтап кетті. Бірақ әбден күшейді деген кезде оның дәу мүйізі сындырылды. Оның орнына аспанның төрт бағытын меңзеген төрт шодырайған дәу мүйіз өсіп шықты.

9Солардың бірінен тағы бір кішкентай мүйіз өсіп шығып, күш-қуаты артып, оңтүстікке, шығысқа және «көрікті елге» қарай ұлғая берді.

10Оның құдіреті тіпті аспанға дейін жетіп, «көктің әскеріне» бас салды. Солардың кейбіреулерін жерге лақтырып, аяғымен таптады.

11Ол тіпті «көктің әскерінің» Басшысы — Құдайға қарсы шығуға дейін күшейіп кетті. Құдайға арнап күнделікті құрбандық ұсынуға тыйым салып, Оның киелі үйін арамдады.

12Алайда «көктің әскеріне» оны сол күнәсі үшін жоюға рұқсат берілмеді. Соның нәтижесінде ғибадатхананың рәсімдері арамданып, шындық аяқ асты етілді. Бұл мүйіз осындай істерінің бәрінде табысты болды.

13Содан соң мен екі қасиетті періштенің өзара сөйлесіп, біреуінің былай деп сұрағанын естідім:

— Осы көріністе көрсетілген оқиғалар орындалғанға дейін қанша уақыт өтпек? Күнделікті құрбандық ұсынуды тоқтатып, киелі үйді арамдап бос қалдырған бас көтеру қашанға дейін созылмақ? Киелі үй мен «көктің әскері» қашанғы аяқ асты етілмек? —

14Екінші періштенің жауабы мынау болды:

— Бұл екі мың үш жүз кеш пен таңға созылады. Содан кейін киелі үй қайтадан арамдықтан тазарып, Құдайға бағышталады!

Жәбірейілдің пайғамбарға көріністің мағынасын түсіндіруі

15Мен, Даниял, осы көріністі көріп, оны түсінуге тырысып отырғанымда, кенеттен алдымда ер адамға ұқсас біреу пайда болды.

16Сонда Улай өзені жағынан: «Жәбірейіл, мына адамға көріністің мағынасын түсіндіріп айтып берші!» — деген біреудің дауысын естідім.

17Жәбірейіл мен тұрған жерге жақындап келгенде, қатты қорқып, иіліп, жерге етпетіммен жата кеттім. Ол маған: «Ей, пенде, бұл көріністің сол ауыр заманның ақыр соңы жайында екенін біліп қой», — деді.

18Жәбірейіл маған сөйлеп тұрған кезде мен есімнен танып, етпеттей жатқан едім. Ол маған қолын тигізіп, мені оятып, орнымнан тұрғызды.

19Содан соң Жәбірейіл былай деді: «Мен саған кейінірек, Құдайдың қаһарлы үкімі шығарылатын кезде, не болатынын айтпақшымын. Өйткені бұл аян сол ауыр заманның алдын ала белгіленген ақыр соңы жайында.

20Сен көрген қос мүйізді қошқар Мидия мен Персияның патшаларын білдіреді.

21Сабалақ жүнді теке — Грекия патшалығын, ал текенің екі көзінің арасындағы дәу мүйізі — сол патшалықтың алғашқы патшасын бейнелейді.

22Ал сынып қалған мүйіздің орнына шыққан төрт мүйіз — оның халқынан пайда болатын төрт патшалықты білдіреді. Бірақ солардың күштері онікімен тең келмейтін болады.

23Осы патшалықтардың билігінің соңғы кезеңінде, яғни (Құдайға қарсы) бас көтерушілер зұлымдыққа әбден бой алдырған кезде, айлакерлігі асқан бір арсыз патша шығады.

24Ол қатты күшейеді, бірақ өзінің күш-қуатымен емес. Сол арсыз патша таңғалдыратындай ғаламат ойран туғызып, не істегісі келсе де, сонысын жүзеге асырып отырады. Патша күшті басшыларды әрі Құдайға бағышталған халықты ойрандап кетеді.

25Әлгі патша асқан ақылдылықпен алдамшы жоспарларын жүзеге асырып, асқақтап мақтанатын болады. Патша алаңсыз отырған көптеген адамды қырып-жойып, тіпті әміршілердің Әміршісі — Құдайдың Өзіне қарсы бас көтереді. Алайда ол құритын болады, бірақ құруы адам баласының қолынан болмайды.

26Жаңағы көріністе (екі мың үш жүз) күн мен түн туралы берілген мәлімет нағыз шындық. Алайда аян алыс болашақта ғана орындалатын оқиғалар туралы болғандықтан, сен оны мөрлеп сақтап қой!»

27Мен, Даниял, қатты қалжырап-шаршап бірнеше күн бойы ауырып жаттым. Содан кейін орнымнан тұрып, қайтадан патшаның ісіне кірістім. Мен көрген көрініске қатты абыржыдым. Ол түсініктен тым жоғары болды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help