1Мадақтаңдар Жаратқан Иені!
Жаратқан Ие ізгі, мақтаңдар Оны,
Мәңгі ұласады берік рақымы!
2Құдіретті істерін кім айта алар,
Иемізді кім лайықты мадақтай алар?
3Әділдікті ұстанғандар жарылқанар,
Ұдайы олар әділ істер жасар.
4Халқыңа көрсеткенде мейіріміңді,
Уа, Жаратқан Ие, мені де ескерші,
Көмекке келіп, мені құтқара көрші.
5Содан мен де таңдаған адамдарыңның
Көретін игілігіне ортақ болайын,
Халқыңның қуанышын да бөлісейін,
Меншікті халқыңмен бірге Сені құрметтейін.
6Біз ата-бабамыздай күнә жасадық,
Заңсыздық істеп, зұлымдыққа баттық.
7Ата-бабамыз Мысырда болған кезде
Керемет істеріңнің мәнін түсінбеді,
Істеген жақсылықтарыңды ұмытты,
Қамысты теңізде Өзіңе қарсы шықты.
8Бірақ құдіретті күшін таныту үшін
Өз атына бола Құдай құтқарды халқын.
9Қамысты теңізді құрғатты бұйрығымен,
Жай бастап алып жүргендей айдаламен
Алып шықты оларды теңіздің түбімен.
10Құдай өз халқын дұшпандарынан құтқарды,
Жау қолынан оларды босатып алды.
11Қанаушыларының барлығын су басты,
Жаулардың біреуі де аман құтылмады.
12Сонда халық Оның сөздеріне иланды,
Оған арнап мадақтау әндерін шырқады.
13Бірақ олар тез ұмытты Тәңірдің істерін
Әрі сұрап күтпеді Оның ақыл-кеңесін,
14Айдалада құмарлықтарына салынды,
Құла түзде Құдайды еркінсіп сынады.
15Құдай халыққа сұрағандарын берді,
Бірақ әлсірететін індет те жіберді.
16Қоныста олар күндеп қызғанды Мұсаны
Әрі Жаратқанға бағышталған Һаронды.
17Сонда жер жарылып, Датанды жұтып қойды,
Абиронның тобын да көміп тастады.
18Олардың жиынында жалын лаулады,
От жалыны зұлымдарды жалмап қойды.
19Хориб беткейінде халық жас бұқаны
Құйып жасап, сол мүсінге табынды,
20Олар сиынып келген салтанатты Құдайын
Алмастырды мүсінімен шөп жейтін бұқаның,
21Өздерін құтқарған Құдайды ескермеді,
Ол Мысырда ұлы істер жасаған еді,
22Хамның елінде кереметтер істеген еді,
Әрі үрейлі істер Қамысты теңізде.
23Сонда Құдай халықты құртамын деді,
Бірақ Өзі таңдаған Мұса пайғамбар өтінді,
Құртамын деген ашуынан қайтуын тіледі.
24Кейін халық аңсаған елін менсінбеді,
Құдайдың уәдесіне сенім жүктемеді,
25Шатырларында Оған қарсы күңкілдеді,
Жаратқанның даусына құлақ түрмеді.
26Сонда Ол қол көтеріп оларға ант берді:
«Айдалада құритын боласыңдар! — деді,
27— Халықтар арасында ұрпақтарың өледі,
Жат жерлерге олар шашырайды!» — деп шешті.
28Пеғорда халық Бағалға құлшылық етті,
Өлі «тәңірлердің» құрбандықтарын жеді,
29Арам істерімен Құдайды ашуландырды,
Сондықтан індет араларына жайылды.
30Ал Пінехес тұрып, зұлымдыққа қарсы шықты,
Індеттің апаты осылайша тиылды.
31Сол үшін Пінехес Құдай алдында ақталды,
Ұрпақтан ұрпаққа мәңгі бақи мақталды.
32Халық Құдайды Меріба суының маңында да
Ызаландырып, жапа шеккізді Мұсаға,
33Олар Мұсаны кейітіп өшіктірді,
Сонда ол қызбаланып ағат сөйледі.
34Халық Қанахандағы азғын ұлттарды
Жаратқан Ие бұйырса да құртпады.
35Қайта, олармен қоян-қолтық араласты,
Солардың арам істеріне ортақтасты.
36Жат ұлттардың пұттарына бірге табынды,
Осылайша торға түсіп, арамданды,
37Өз ұл-қыздарын жын-перілерге арнады:
Құрбандыққа шалып, ешбір аямады!
38Кінәсіз жандардың олар төкті қанын,
Қанаханның пұттарына өз ұл-қыздарын
Құрбандыққа шалып, олардың қанын ұсынды,
Сол қанмен Қанахан елін арамдады.
39Осындай істерімен халық өзін қорлады,
Қасиетті Келісімге сатқындық жасады.
40Содан халқына қарсы қаһарланды Жаратқан,
Әбден жиренді Өзінің меншікті халқынан.
41Оларды бөтен ұлттарға тапсырды,
Үстерінен жек көрген жаулары билік құрды,
42Сол дұшпандары қыспақтап қанады,
Халықты билеп-төстеп қорлады.
43Жаратқан Ие көп рет халқын құтқарды,
Ал олар бас көтерулерін жалғастырды,
Күнәларының кесірінен құлдырады.
44Дегенмен Құдай халықтың қиыншылығына
Көзін салып, құлақ түрді жалыныштарына,
45Халқымен жасаған Келісімін ескерді,
Зор рақымымен оларды есіркеді,
46Содан Ол халқын тұтқында ұстаған бар елдерді
Оларды аяп мүсіркеуге мәжбүрледі.
47О, Құдай Иеміз, құтқарып ала гөр бізді,
Ұлттар арасынан жинап ала гөр кері,
Сонда біз дәріптейміз киелі атыңды,
Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды.
48Исраилдің Құдай Иесі мадақталсын,
Мәңгіліктен мәңгілікке Ол даңқталсын,
Барша халық мақұлдап «Аумин!» десін!
Лайым Жаратқан Ие дәріптелсін!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.