Даниял 9 - Киелі кітап(QazBi2010)

Даниялдың өз халқы үшін мінажат етуі

1Ахасуердің ұлы мидиялық Дарийдің Бабыл еліне патшалық құруының бірінші жылы болатын.

2Сол кезде мен, Даниял, Киелі жазбаларды оқып жатқанда Жаратқан Иенің Еремия пайғамбарға жеткізген хабарынан Иерусалимнің қаңырап бос қалуының жетпіс жылға созылуға тиіс екенін ұқтым.

3Содан мен Құдай Иеге ерекше бет бұрып сиынып мінажат еттім. Қатты қайғырып ораза ұстадым, азалы киім киіп, басыма күл сеуіп Оның рақым етуін сұрап жалбарындым.

4Құдайым Жаратқан Иеге сиынып тұрып былай деп күнәларымызды мойындадым:

«Уа, Тәңір Ием, ұлы да айбынды Құдай! Сен Өзіңді сүйіп, тапсырған өсиеттеріңді ұстанатындарға Келісіміңдегі уәделеріңді адалдықпен орындап, мызғымас мейіріміңді көрсетесің!

5Біз (исраилдіктер) күнә жасап, іс-әрекетіміз әділетсіз болып келді. Біз зұлымдық жасап, Саған қарсы бас көтердік, бұйырған өсиеттерің мен заңдарыңнан бас тарттық.

6Патшаларымызға, әміршілеріміз бен ақсақалдарымызға, жалпы, еліміздің бүкіл халқына Сенің хабарларыңды жеткізген қызметшілерің — пайғамбарларды да тыңдамай кеттік.

7Уа, Жасаған Ие, Сен әділсің, ал бүгінгі күні біз қара бет болдық. Бәріміз де — Яһуда мен Иерусалимнің адамдары әрі алыстағы да, жақындағы да бүкіл Исраил халқы Саған опасыз болғандықтан, әр түрлі елдерге тарап кетіп, ұятқа қалып отырмыз.

8О, Тәңір Ием, Өзіңе қарсы күнә жасағанымызға бола барлығымыз да, патшаларымыз, әміршілеріміз бен ақсақалдарымызды қоса, түгелдей қара бет болдық.

9О, Құдай Иеміз, Сен мейірімді де кешірімдісің, ал біз Саған қарсы шығып,

10мойынсұнбадық. Құдайымыз Жаратқан Ие, Өзіңнің қызметшілерің — жіберген пайғамбарларың арқылы берген тәліміңнің тура жолымен жүрген де жоқпыз.

11Осылайша біз, бүкіл Исраил халқы, Сенің Таураттағы заңдарыңды бұзып, Саған мойынсұнудан бас тартып, сырт айналып кеттік.

Сондықтан да күнә жасап келген біздің басымызға Құдайдың қызметшісі Мұса ежелде Тауратта жазып қалдырған қарғысқа және антпен бекітілген жазаға ұшырадық.

12Өзіңнің бізге және билеушілерімізге айтқан сөздеріңді жүзеге асырып, бізді ғаламат апатқа душар еттің. Иерусалимнің басына түскендей ауыр апат бұрын-соңды аспан астында болған емес.

13Мұса Тауратта алдын ала жазып қалдырғандай, сол ауыр апат түгелдей басымызға түсті. Солай болса да, біз күнәларымыздан бас тартып, Құдайымыз Жаратқан Иенің шынайы ілімін ұғынуға көңіл бөлген жоқпыз, әрі Оның рақым көрсетуін сұрап жалбарынбадық.

14Осылайша Жаратқан Ие Өзі алдын ала білдірген осы қасіреттерді бізге жіберді, себебі Оның айтқандарына құлақ асқан жоқпыз. Ал Құдайымыз Жаратқан Ие Өзінің бүкіл іс-әрекетінде әділ.

15Уа, Құдай Иеміз, Сен ежелде халқыңды құдіретті қолыңмен Мысырдан құтқарып алып шықтың. Соған бола Сенің даңқың күні бүгінге дейін жер бетіне жайылып келеді. Алайда біз күнә жасап, жамандыққа салынып келеміз.

16Уа, Жасаған Ие, Өзіңнің адалдығың мен мейіріміңе бола таңдаған қалаң Иерусалимге және Өзіңе бағыштаған Сион тауыңа деген қаһарлы ашуыңнан қайта гөр! Біздің күнәларымыз әрі ата-бабаларымыздың әділетсіз істері Иерусалимді және Өзіңнің халқыңды айналамыздағы барлық халықтардың мазағына айналдырды.

17Ал енді, уа, Құдайымыз, мендей қызметшіңнің мінажаттары мен өтініштеріне құлақ сала гөр! О, Тәңір Ие, қаңырап бос тұрған киелі үйіңе өз даңқың үшін қайтадан оң көзіңмен қарай гөр!

18Уа, Құдайым, құлағыңды бұрып, назар аудара гөр! Өз атыңмен аталған қаланың қаңырап бос жатқанына көз сала гөр! Біз өз әділдігімізге емес, тек Сенің орасан рақымыңа ғана сүйеніп Өзіңе өтініш жасаймыз.

19Уа, Жасаған Ие, құлақ сала гөр! О, Тәңір Ие, кешіре гөр! Уа, Ием, үнімізді естіп, өтінішімізге жауап бере гөр! Өз даңқың үшін, уа, Құдайым, оны ұзаққа соза көрме! Өйткені Өзіңнің қалаң да, халқың да Сенің атыңмен аталған».

Жәбірейілдің жетпіс рет «жеті кезең» туралы жеткізген хабары

20Мен осылай деп мінажат етіп, Құдайым Жаратқан Иенің алдында өз күнәм мен халқым Исраилдің күнәсін мойындап, Құдайыма бағышталған қасиетті Сион тауы үшін жалбарынып тұрдым.

21Мен сиынып жатқан сол кезде-ақ алғашқы көріністе адам кейпінде көрген Жәбірейіл періште лезде ұшып келді. Бұл кешкі құрбандық ұсынылатын уақыттың шамасы еді.

22Жәбірейіл маған былай деп тәлім берді:

— Ей, Даниял, бұл жолы мен саған түсінік пен білім беру үшін келдім.

23Сен жалбарына бастаған кезде-ақ жауап берілген еді. Қазір соны саған жеткізуге келіп отырмын, себебі сен Құдайға өте ұнамдысың. Сондықтан мынаған көңіліңді бөліп, көріністің мағынасын ұғып ал:

24Сендердің әділетсіз істеріңді тоқтатып, күнә жасауларыңды қойдырып, өздеріңді зұлымдықтың арамдығынан тазарту үшін, әрі мәңгілік әділдікті әкеліп, аяндар мен пайғамбарлық сөздерді бекітіп, киелі үйдегі ең қасиетті бөлімді қайтадан Құдайға бағыштау үшін сенің халқыңа және Құдайға бағышталған Иерусалим қаласына жетпіс рет «жеті кезең» белгіленген.

25Сондықтан мынаны ұғып, біліп ал: Иерусалим қайтадан салынсын деген жарлық шыққан кезден бастап, Құдай тағайындаған Билеуші келетін уақытқа дейін жеті рет «жеті кезең» және алпыс екі рет «жеті кезең» өтеді. Қала өзінің алаңы, айналасындағы қамалымен бірге қайтадан салынады, бірақ бұл қиын-қыстау кезеңде болады.

26Алпыс екі рет «жеті кезең» өткен соң Құдай тағайындаған Билеуші құрбан етіледі, Оның қолында түк жоқ болып қалады. Өзге бір билеуші әскерлерімен келіп, қаланы да, киелі үйді де қиратып, топан судай талқандайтын болады. Сол заманның соңына дейін соғыс болып, Құдайдың бұйрығына сай барлығы қаңырап бос қалады.

27Билеуші бір «жеті кезеңге» халықтың көпшілігімен келісім жасап бекітеді. Сол бір «жеті кезеңнің» ортасында ол Құдай Тағалаға арнап құрбандық пен сый-тарту ұсынуды тоқтатады әрі ғибадатхананың бір бөлігінде қаңырап бос қалдыратын жиренішті бір нәрсені орнатқызады. Зұлым билеушіге белгіленген қаһарлы жаза оның басына төгілгенше осы жиренішті нәрсе сол жерде тұра беретін болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help