1Санбаллат, Тобиях, арабиялық Гешем және қалған дұшпандарымыз да менің қабырға құрылысын бітіріп, оның бірде-бір құлаған жерінің қалып қоймағаны туралы хабар алды. Ал қақпалардағы есіктерді мен әлі де орнатып болмаған едім.
2Сондықтан Санбаллат пен Гешем маған кісі жіберіп:
— Оно алқабындағы елді мекендердің бірінде кездесейік! — деп шақырды. Олар маған қастандық жасауға ниеттеніп жүрген болатын.
3Мен оларға хабаршыларымды жіберіп:
— Мен мұнда зор іспен айналысып жатырмын. Сондықтан сол жерге төмен түсіп бара алмаймын. Не үшін жұмысты тоқтатып, сіздерге ылдилап баруым керек? — деп жауап бердім.
4Олар маған дәл солай төрт рет кісілерін жіберіп, мен де оларға сол жауабымды соншама рет қайтардым.
5Санбаллат маған осылайша бесінші рет қызметшісін жібергенде соның қолында мөрленбеген ашық хаты болды.
6Хатта былай деп жазылған екен: «Айналадағы халықтардың арасында қауесет тарап жатыр. Гешем де соны айтуда. Өзіңіз бен басқа яһудилер көтеріліс жасауды ниеттеніп жатыр екенсіздер. Қала қабырғасын да сол себептен тұрғызып жатқан көрінесіздер. Осы хабарлар бойынша өзіңіз солардың патшасы болмақшы екенсіз.
7Мұнан басқа сіз өзіңіз жайлы «Яһуданың өз патшасы бар!» деп жариялауға Иерусалимде пайғамбарларды да тағайындап қойыпсыз. Ал енді, бұл сөздер (Артақсерікс) патшаның құлағына жетпей қоймайды. Сондықтан келіңіз, осы мәселе туралы бірге ақылдасайық!»
8Ал мен оған: «Сіздің айтқандарыңыздың ешқайсысы да істелініп жатқан жоқ! Оларды ойлап шығарған — өзіңіз!» — деген жауап жібердім.
9Сол адамдар бізді қорқытуға тырысып: «Олардың қолдары әлсіреп, жұмысты тоқтатып қоятын болады», — десті. Бірақ мен: «Қолдап, қайрат-жігер бере гөр!» — деп мінажат еттім.
10Кейінірек мен Мехетабелдің немересі Делаях ұлы Шемаяхқа соқтым. Сол адам үйін ішінен бекітіп алған екен. Шемаях мені:
— Құдайдың киелі үйінде, ғибадатхананың ортасында кездесіп, есікті іштен тас бекітіп алайық! Өйткені сізді өлтіруге адамдар келейін деп жатыр. Олар түнде келіп, жаныңызды алмақшы! — деп сақтандырды.
11Бірақ мен оған:
— Мендей адам бас сауғалап қаша ма? Және мендей адам ғибадатхананың ішіне кіріп, тірі қала ала ма? Жоқ, бармаймын! — дедім.
12Шемаяхты жіберген Құдай емес екенін мен жақсы ұққан едім. Керісінше, Тобиях пен Санбаллат пара беріп жалдап алғандықтан, Шемаях мен туралы осындай жалған пайғамбарлық сөз айтты.
13Ондағы мақсаттары мені қорқытып, маған күнә жасату болды. Егер де солай істесем, дұшпандарым мені жамандап, кінәлауға сылтау тапқан болар еді.
14«Уа, Құдайым, Тобиях пен Санбаллаттың істеген осы іс-әрекеттерін есіңнен шығара көрме! Сондай-ақ, пайғамбар әйел Ноғадияның және мені үрейлендірмек болған тағы басқа пайғамбарлардың да істегендерін есіңде сақтай гөр!»
Қайта салу жұмыстарының аяқталуы15Осылайша қабырғаны нығайтып қалпына келтіру жұмыстары елул айының жиырма бесінде, елу екі-ақ күннің ішінде аяқталды.
16Күллі дұшпандарымыз бұл туралы естіп, айналамыздағы халықтардың бәрі қорқып, түңілді. Бұл істің толықтай жүзеге асқанына Құдайымыздың Өзінің себепші болғанына олардың көздері жетті.
17Сол күндері Яһуданың жетекшілері Тобияхқа көптеп хат жолдап, оның хаттары да бұларға келіп жатты.
18Яһудадағы көптеген адам оған ант беріп сөз байласқан еді. Өзі Арах ұлы Шеханияхтың күйеу баласы болып, ал ұлы Жоханан Барақиях ұлы Мешуламның қызына үйленген еді.
19Сол яһудилер Тобияхты менің алдымда мақтап, айтқандарымды оған жеткізіп жүрді. Ал Тобиях мені қорқыту үшін маған хаттарын жіберіп отырды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.