Титке хат 2 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қауымдағы топтарға арналған нұсқаулар

1Ал сен дұрыс ілімге сай келетінді үйретуің керек.

2Егде тартқан ер адамдар қырағы, байыпты әрі байсалды, олардың сенімі, сүйіспеншілігі және шыдамдылығы шынайы да берік болуға тиіс.

3Сол сияқты, егде әйелдердің жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: олар ешкімге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйрететін болсын.

4Егде әйелдер қыз-келіншектерді күйеулері мен балаларын сүйіп,

5байсалды, кіршіксіз таза, үй шаруасына ұқыпты әрі мейірімді болып, күйеулеріне мойынсұнуға жігерлендіріп үйретсін. Осылайша олар Құдай сөзінің жамандалуына жол бермесін.

6Осы секілді, жігіттерді де байсалды болуға шақыр.

7Өзің барлық істе де ізгіліктің үлгісі, тәлім беруде адал және байыпты бол.

8Айтқан сөзің айыпталмайтындай дұрыс бола берсін, сонда қарсыластарымыздың бізді жамандайтын еш нәрселері болмай, ұятқа қалады.

9Басыбайлы қызметшілер қожайындарына барлық істе де мойынсұнып, көңілдерінен шығуға ұмтылсын. Оларға қарсы сөйлемей,

10ұрлық жасамай, әрдайым шын көңілмен адал болулары керек; осылайша Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтсін.

Мәсіхтің қайта оралуына үміттеніп, әділ өмір сүру

11Өйткені Құдайдың бүкіл адамзатқа құтқарылуды ұсынатын рақымы анық білінді.

12Ол бізді Оған ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ және Құдайға ұнамды өмір сүруге бағыттайды.

13Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады.

14Ол бізді бүкіл жамандық атаулыдан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы ету үшін жанын қиып, құрбан болды.

15Бұларды қауымдарға барлық беделіңмен айтып беріп, насихаттап, елемейтіндерді әшкереле. Ешқайсысы сені менсінбей жүрмесін.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help