1(Сүлейменнің жыры.)
Уа, Құдай, патшаңа әділ шешімдер сыйлай гөр,
Патшаның ұлына да әділдікті үйрете гөр,
2Ол халқыңа әділетпен билік құрсын,
Жарлыларыңа әділ үкім шығарсын.
3Қыраттар халқыңа молшылық берсін,
Қырдан олар әділдіктің өнімін терсін.
4Патша халықтың жарлыларын қорғасын,
Мұқтаждың ұрпақтарын да аман сақтасын,
Ал қанаушыларын басып жуасытсын.
5Күн мен ай нұрын шашып болмайынша,
Халқың Сені қастерлесін ұрпақтан ұрпаққа.
6Игілікті болсын патшаның билігі:
Қайта қаулата өсірген шабындықты
Аспаннан жауған көктемгі жаңбырдай,
Иә, топырақтың шөлін қандырған нөсердей.
7Патша заманында әділдер өркендесін,
Ай өшпейінше молшылық жайыла берсін.
8Ол билік құрады теңізден теңізге дейін,
Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін,
9Құла түздің тұрғындары оған бас ұрады,
Ал жаулары топырақты жалайтын болады.
10Тарсис пен аралдардың патшалары
Патшаңа алым-салық төлеп тұрады,
Әрі Себа мен Сәбаның патшалары
Сый-тартулар әкеліп отырады.
11Күллі патшалар оған бас иеді,
Күллі ұлттар оған қызмет етеді.
12Патша құтқарады жалынған мұқтажды
Және қолдаушысы жоқ қаналғанды,
13Ол әлсіз бен кедейді қамқорлайды,
Оларды ажалдан аман сақтайды,
14Әрі зорлық-зомбылықтан қорғайды,
Олардың қанын қымбат деп санайды.
15Ғұмыры патшаның ұзақ болсын,
Оған Сәбаның алтынынан сый тартылсын,
Лайым жұрт патшасы үшін мінажат қылсын,
Күн сайын жарылқануы үшін Тәңірге сиынсын!
16Жердің беті егінге тола берсін,
Қырда дәнді сабақтары өсіп-өнсін,
Олар Ливан орманындай сыңсып тұрсын,
Қаланың тұрғындары да шөптей көбейсін.
17Патшаның есімі мәңгілікке ұлассын,
Күннің сәулесіндей ұзаққа созылсын,
Ол арқылы барлық ұлттар жарылқансын,
Есімі оның үздіксіз мақталатын болсын!
18Лайым мадақталсын Исраил сиынатын Құдай,
Тек Жаратқан Ие — керемет жасайтын Құдай!
19Оның даңқты есімі мәңгі дәріптелсін,
Күллі жер Оның салтанатына кенелсін.
Аумин, иә, аумин.
20(Есей ұлы Дәуіттің мінажаттары осымен аяқталады.)
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
