Нақыл сөздер 2 - Киелі кітап(QazBi2010)

Даналыққа бет бұрғанның жарылқануы

1Балам, егер сөздерімді қабылдасаң,

Һәм жадыңда өсиеттерімді сақтасаң,

2Құлағың даналыққа ұдайы түрік болса,

Әрі жан дүниең парасатқа дайын тұрса,

3Егер де білім мен парасатты шақырсаң,

4Көмілген күміс пен қазынадай іздесең,

5Сонда Жаратқан Иені қастерлеуді ұғарсың,

Құдай жайлы білімді иемденіп аларсың.

6Себебі Жаратушы даналық сыйлар,

Білім мен түсінік Оның аузынан шығар,

7Әділдерге Ол парасатты сақтап, ұсынар,

Кінәратсыз жүргендерді қалқандай қорғар.

8Ақиқат жолын Тәңір Ие назарында ұстар,

Өзіне бағышталғанның жолын аман сақтар.

9Осылай әділ, тура, ақ дегеннің мәнін ұғарсың,

Ізгі жолдың қайсы екенін таба аларсың.

10Өйткені даналық жан дүниеңе енер,

Білім де жаныңды қуанышқа кенелтер,

11Сонда сені ақыл-парасат аман сақтар,

Дұрыс түсінік те әрдайым бақылап қорғар.

12Даналық сені құтқарып алар теріс жолдан

Және жалғандық айтушының ықпалынан,

13Тура жолдан тайып, түнекте жүргендерден

14Әрі жамандық жасағанға қуанатындардан,

Зұлымдықтың азғындығына шаттанатындардан,

15Жүрген жолдары қисық, адасқан сол жандардан.

16Даналық сені сақтайды бұзылған әйелден,

Жеңіл жүрісті оның жағымпаз сөздерінен.

17Ол жастайынан қосылған қосағынан бас тартқан,

Құдайының Келісімін есінен шығарған.

18Оның үйіне кіргендер өлім жолына түсер,

Оның жолымен жүргендер о дүниеге жетер.

19Оған барған пенделер қайтып келмес,

Шынайы өмірдің жолына енді түспес.

20Сондықтан жүр ізгілердің ізіменен,

Лайым жүр әділдердің жолыменен!

21Себебі әділдер елді мекендейді,

Кінәратсыздар сонда тұра береді.

22Ал зұлымдар елден аластатылады,

Опасыздар түп-тамырымен құртылады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help