1Содан кейін біреу маған бір өлшеуіш қамыс таяқты беріп, былай деді:
— Бар да, Құдайдың киелі үйін және ондағы түтету үстелін өлшеп, сол жердегі ғибадат етіп жатқандардың санын есепте!
2Алайда киелі үйдің сыртқы ауласын өлшеме, оны есептен шығарып таста! Себебі Құдай оны Өзіне мойынсұнбаған басқа ұлттарға уақытша табыс етті. Олар киелі қаланы қырық екі ай бойы табандарының астына таптайтын болады.
3«Бірақ Мен Өзімнің екі хабаршымды тағайындаймын. Олар азалы киім киіп қайғырып, сол бір мың екі жүз алпыс күн бойы Менің хабарымды жариялайтын болады».
4Екі хабаршы — «қос зәйтүн ағашы» және әлемнің Иесінің алдында тұрған «қос шам қойғыш».
5Егер кейбіреу оларды жәбірлемек болса, онда ауыздарынан от-жалын шашып, жауларын жалмап қояды. Оларға зиянкестік жасағысы келгендер осылай құртылады.
6Екеуі Құдайдың хабарын жариялаған кездерінде өз қалаулары бойынша жаңбыр жаумайтындай етіп аспанды жауып тастау, суды қанға айналдыру және жерді әр түрлі пәлелерге душар еткізу биліктері бар.
7Екі хабаршы Мәсіхтің хабарын түгелдей жариялап болғаннан кейін, тұңғиықтан шыққан бір хайуан олармен соғысып, жеңіп шығып, өлтіреді.
8Мұнан кейін олардың сүйектері «үлкен қаланың» көшесінде жатады. Екеуінің Иесі (Мәсіх) айқышқа шегеленіп, өлтірілген сол қаланы (яғни Иерусалимді) астарлап «Содом» және «Мысыр» деп те атайды.
9Үш жарым күн бойы барлық халықтар, рулар, тілдер және ұлттардың адамдары екі хабаршының мәйіттеріне қарап, қабірге қоюға рұқсат бермейтін болады.
10Олардың өліміне күнәкар дүниенің адамдары шаттанып, тойлап, бір-біріне сый-сыяпаттар жібереді. Себебі осы екі пайғамбар күнәкар адамзатқа азап әкелген болатын.
11Бірақ үш жарым күн өткеннен кейін, Құдайдың өмір беретін демі олардың бойларына еніп, екеуі де орындарынан түрегелді. Оларды көргендердің бәрін зор үрей биледі.
12Екі пайғамбар көктен өздеріне үн қатып: «Мұнда көтеріліңдер!» — деген дауысты естіді. Дұшпандары қарап тұрған кезде олар бұлтпен көкке көтеріліп кетті.
13Дәл сол сәтте болған қатты жер сілкіністен қаланың оннан бір бөлігі талқандалып, жеті мың адам қырылды. Ал қалған халықты қатты қорқыныш билеп, олар көктің Иесі — Құдайдың даңқын мадақтады.
14Екінші пәле аяқталды, енді үшіншісі жақындап келе жатты.
Жетінші керней15Жетінші періште кернейін тартқанда, көктен: «Әлемді басқару билігі Жаратқан Иеміздікі және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі! Ол мәңгілік билік жүргізетін болады!» — деген қатты дауыстар шықты.
16Құдай тағының алдында өз тақтарында отырған жиырма төрт ақсақал жерге бас ұра жығылып, Құдайға тағзым етіп былай деді:
17«Уа, бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым бар және мәңгі болып келген Құдай Ие! Сен ұлы құдіретіңді қолыңа алып, Патшалық құра бастадың, соған ризашылығымызды білдіреміз.
18Саған мойынсұнбаған ұлттар ашу-ызаға кенелді. Алайда Сенің қаһарыңды шашып, о дүниеге аттанғандарды соттайтын уақытың келді. Енді Сен қызметшілеріңе: пайғамбарларың мен барлық халқыңа, Өзіңді құрметтейтін үлкен-кішінің бәріне де сыйыңды бересің. Ал жерді құртқандардың өздерін құртасың».
19Сонда Құдайдың көктегі киелі үйі ашылып, ондағы Келісім сандығы көрінді. Найзағайлар жарқылдап, қатты дауыстар мен күн күркірі естіліп, жер сілкініп, бұршақ қатты жауды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.