Забур жырлары 140 - Киелі кітап(QazBi2010)

Адасудан әрі арамза жаудан қорғауды сұрау

1(Дәуіттің жыры.)

Уа, Ием, Сені шақырамын, асыға гөр,

Жалбарынған даусыма құлақ сала гөр,

2Дұғам алдыңа жетсін жұпар тартудай,

Саған қол жайғаным кешкі құрбандықтай.

3Уа, Жаратқан Ие, тіліме күзет қоя гөр,

Аузымның ашылуын бақылай гөр.

4Жүрегім жамандыққа құмартпасын,

Зұлымдардың істеріне қатыспайын,

Олардың ләззаттарынан дәм татпайын.

5Жазаласын мені әділетті жан,

Бұл нағыз мейірімділік болмақ маған,

Сөгіс берсін маған ізгілікті жан,

Бұл иісмайдай болмақ басыма жаққан,

Мен еш бас тартпаймын да сол жазадан,

Ал сұмдардың ісіне қарсы сиынамын Саған.

6Құздан төмен лақтырылған соң басшылары,

Қалған жұрт сөзімді ұнатып қабыл алады.

7«Егінші соқа айдап, жер жыртады,

Топырақ кесектерін қопарады,

Ажал жетіп, солай сүйегіміз шашылады!»

(Деп сол зұлымдар уайыммен айтады.)

8Тек Өзіңе қарай бағытталған көздерім,

Жалғыз Өзіңнен ғана көмек күтемін,

Уа, менің Жаратушы Тәңір Ием,

Өзіңсің паналайтын берік қорғаным,

Залымдардың қолында қалмасын жаным.

9Олардың құрған торынан мені қорғай гөр,

Зұлымдардың тұзағынан лайым сақтай гөр,

10Арсыздар өз торларына өздері түссе екен,

Ал мен содан құтылып кетейін аман-есен.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help