Нақыл сөздер 13 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Ақылды бала әке тәрбиесін қабыл алар,

Ал мысқылшыл ескертуге құлақ аспас.

2Адам игі сөздерінің жемісін көрер,

Ал опасыз жан зорлық-зомбылық көздер.

3Аузына ие болған өмірін сақтар,

Аузын айқара ашқан пәлеге ұшырар.

4Жалқау мол аңсағанмен аз алар,

Ынтамен еңбек еткен тоқ болар.

5Әділ өтірік сөзді жек көрер,

Зұлым арсыз ісімен абыройын төгер.

6Таза жанды әділдігі аман сақтар,

Күнәкарды зұлымдығы құлатар.

7Бай болғансыған біреудің түгі де жоқ,

Ал кедейсіген басқа біреу байлыққа тоқ.

8Байлық байдың өміріне төлем болар,

Ал кедей қоқан-лоқыдан аман болар.

9Әділдің нұры жарқырап жанар,

Зұлымның шырағы өшіп қалар.

10Менмендік дау-жанжал туғызар,

Даналық ақылдасқандарда болар.

11Оңай олжа тез таусылар,

Еңбекпен жинаған байлығын молайтар.

12Ұзаққа созылған үміт жүрек қажытар,

Орындалған тілек өмірді құлпыртар.

Данамен жолдас болған дана болар

13Нақыл сөзді елемеген кесірін көрер,

Нұсқауды құрметтеген пайдасын көрер.

14Данышпанның тәлімі — өмір бұлағы,

Ол адамды ажал торынан құтқарады.

15Ақыл-парасат адамды ұнамды қылар,

Зымиянның жолы тым ауыр болар.

16Зерделі білгірлікпен әрекет етер,

Зердесіз надандығын паш етер.

17Зұлым хабаршы пәлеге тап болар,

Адал хабаршы амандық орнатар.

18Тәрбиеден безген жоқтық пен масқараға ұшырар,

Ескертуге көңіл бөлген қадір-құрметке ие болар.

19Аңсағаны іске асса көңіл сүйсінер,

Арам ісінен қайтудан надан жиренер.

20Данамен жолдас болған дана болар,

Наданмен жолдас болған пәлеге қалар.

21Күнәкардың соңынан пәле қалмас,

Әділ жан ізгі сыйынан ада қалмас.

22Ізгі жанның мұрасы үрім-бұтағына қалар,

Күнәкардың байлығы әділ жанға сақталар.

23Кедей жыртқан тың жерден егін бітік шығар,

Ал әділетсіздіктің кесірінен бір бөлігі ұрланар.

24Жазасын тартқызбаған баласын сүймейді,

Баласын сүйген оны жасынан тәрбиелейді.

25Әділ жан тамағын тойып ішер,

Арамзаның қарны аш жүрер.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help