Римдіктерге хат 13 - Киелі кітап(QazBi2010)

Үкіметке мойынсұну туралы

1Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға мойынсұныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан.

2Сондықтан билікке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртібіне қарсы тұрады. Мұндай қарсыласқандар жазаларын тартатын болады.

3Билеушілерден жақсылық істегендер емес, жамандық істегендер қорқуға тиіс. Билік иесінен қорықпай жүргің келсе, жақсылық істей бер, сонда одан мақтау аласың.

4Өйткені ол сенің мүддең үшін Құдайға қызмет етуші. Ал егер жамандық істесең, қорыққаның жөн, ол семсерін беліне бекер байлап жүрген жоқ. Билік иесі — Құдайдың қылмыскерге жазасын тартқызатын қызметшісі ғой.

5Сонымен, сендер тек жазадан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұждандарыңның таза болуы үшін де мойынсұнуларың керек.

6Сондықтан да алым-салық төлеп тұрсыңдар, себебі билік иелері — Құдайдың қызметіндегілер, олар ел басқарумен үздіксіз айналысуда.

7Әркімге тиістісін беріңдер: алым-салықты — салықшыларға, кеден салығын — кеденшілерге төлеп, сый-құрмет пен қадірді — тиістілерге көрсетіңдер.

Мәсіхтің қайта оралуын асыға күтіп таза өмір сүру жайлы

8Қарыздарыңды уақтылы өтеп қайтарыңдар, әсіресе, бір-біріңді сүю парызын өтеп тұрыңдар. Адамның басқаларды сүюі Құдайдың заңын да орындағаны.

9«Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; басқаның иелігіне сұқтанба!» және тағы басқа бұйрықтар Таурат заңында былай деп тұжырымдалған: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»

10Сүйіспеншілікке кенелген адам маңайындағыларға жамандық істемейді. Сондықтан сүйіспеншілік көрсету — Құдайдың заңын орындау.

11Осыны іске асырыңдар, себебі қандай заманда өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер: қазір рухани ұйқыдан оянып, сақ болатын уақытымыз келді. Біздің Мәсіхке сене бастаған кезімізден гөрі қазір құтқарылуымыз жақынырақ тұр.

12Түнгі уақыт бітуге таяп қалды, ал Мәсіхтің күні жақындады. Сондықтан қара түнектегі жаман істерден бас тартып, жамандыққа қарсы тұратын «нұрдың қаруын» асынайық!

13Күндізге жарасатындай әдетпен өмір сүрейік: шектен тыс той-думанға, маскүнемдікке, неке адалдығын бұзуға, азғындыққа, дау-дамайға әрі күндестікке салынбайық!

14Одан да Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етіңдер. Ескі болмыстарыңның күнәлі құмарлықтарын қанағаттандыруды ойлаудан бас тартыңдар!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help