1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры,
2Барсабиямен жақындасып күнәға батқан Дәуітке Натан пайғамбар келген оқиғаға байланысты мінажат.)
3Шексіз сүйіспеншілігіңе бола,
О, Құдай, маған рақым ете гөр,
Мейіріміңнің молдығына бола
Қылмыстарымды өшіріп тастай гөр.
4Мені әділетсіздігімнен арылтып,
Күнәларымнан түгел тазарта гөр.
5Қылмыстарымды жақсы білемін де,
Күнәларым әрдайым тұр есімде.
6Мен Өзіңе қарсы күнә жасадым,
Сенің көз алдыңда зұлымдық істедім.
Осылай әділ Сенің айтқандарың,
Мүлтіксіз де маған жүргізген сотың.
7Мен күнәкар болып дүниеге келдім,
Құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім.
8Сен жүректің таза болуын қалайсың,
Жан дүниеме даналық та құясың.
9Құрбандық қанын бүркіп, күнәмді кеше гөр,
Сонда көз алдыңда пәк таза боламын,
Күллі күнәмнан мені жуып-шая гөр,
Сонда қардан да аппақ тазарамын.
10Шаттық үнін маған қайтадан естірте гөр,
Сен әлсіреткен денемді қуанта гөр,
11Күнәларыма енді назар аудармай,
Бар қылмыстарымды өшіріп тастай гөр.
12Уа, Құдайым, жүрегімді тазарта гөр,
Рухымды берік қылып, жаңарта гөр.
13Қасыңнан мені қуып шыға көрме,
Киелі Рухыңды менен ала көрме,
14Мені құтқарғаныңа қуантып тағы,
Сыйлай гөр азғырылмайтын берік рухты.
15Қылмыскерлерге ақ жолыңды үйретейін,
Күнәкарлар сонда Саған бұрмақ беттерін.
16Қан төккен мені арылтсаңшы кінәмнан,
Сенсің ғой жалғыз Құтқарушы Құдайым.
Тіліммен әділдігіңді мадақтаймын.
17Аузыма ерік бере гөр, Жаратқан Ием,
Сені емін-еркін мадақтап, дәріптейін.
18Құрбандық шалуымды қаламай тұрсың,
Өртеу құрбандығын да ұнатпай тұрсың,
Әйтпесе оларды ұсынар да едім.
19Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық —
Күнәсіне шынымен өкінген рух.
Шын опық жеп, бағынған жүрекке Сен
Теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием.
20Игі еркіңмен Сионды өркендете гөр,
Қамалын оның қайта тұрғыза гөр.
21Сонда Саған ұнамды пәк тартулар
Шалынбақ һәм өртелетін құрбандықтар,
Үстеліңе торпақтар да ұсынылмақ,
Сенің жолыңа солар бағышталмақ.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
