Еремия 33 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жазаланудан кейінгі сауығу жайлы уәде

1Еремия әлі де қарауылдар ауласында отырған кезде Жаратқан Ие оған екінші рет сөзін арнап былай деді:

2— Жерді жаратып, оған пішін беріп, орнықтырған Құдай Менмін, есімім «Жаратқан Ие». Мынаны да нық айтамын:

3Маған дауыстап мінажат ет, жауап беремін, сен білмейтін ұлы да құпия жайттарды білдіремін!

4Өйткені Исраилдің Құдай Иесі қамал қабырғасын қоршаған жаудың жасаған үймектеріне және қаруларына қарсы нығайту үшін осы қаладағы бұзылған үйлер мен Яһуда патшаларының сарайлары туралы мынаны айтады:

5Қала қорғаушылары халдейлерге қарсы қаншама күрессе де, сол үйлер Мен Өзімнің лаулаған қаһарыммен қырғынға ұшыратқандардың мәйіттеріне толатын болады! Себебі олардың барлық зұлым істеріне бола Мен осы қаладан бас тарттым.

6Бірақ кейін осы қаланы қалпына келтіремін. Мен рухани дертінен халқымды сауықтырып, амандық пен тыныштыққа, адалдық пен шыншылдыққа кенелтемін.

7Яһуда мен Исраил халқымды жер аударылған жақтарынан қайта алып келіп, оларды бұрынғыдай етіп қайтадан отырғызып орнықтырамын.

8Оларды Менің алдымда жасаған күнәларының бәрінен тазартып, солардың Маған қарсы бас көтергенде жасаған әділетсіз істерінің барлығын кешіремін.

9Сонда осы қала Менің оған істеген барлық жақсылықтарым туралы естіген жердің барлық халықтарының алдында Маған атақ пен қуаныш, мадақ пен даңқ әкеледі. Сол халықтар Менің осы қалам үшін жасаған барлық жақсылықтарыма және берген аманшылық пен тыныштығыма шошына дірілдейтін болады.

10Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер осы жер туралы: «Мынау — адамы мен малынан айырылып қаңырап бос қалған құла түз!» дейсіңдер. Алайда адам да, мал да тұрмайтын Яһуданың қалаларында әрі Иерусалимнің қаңырап бос қалған көшелерінде әлі де

11қуаныш пен шаттықтың үні, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстары естілмек! «Әлемнің Иесін мадақтаңдар, өйткені Жаратқан Ие ізгі, Оның берік мейірімі мәңгілік!» деп, киелі үйге Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін тартуларын алып келе жатқан адамдардың мақтау айтқан дауыстары тағы да естілетін болады. Себебі Мен жер аударылып кеткен халықты қайтадан әкеліп, оның жағдайын бұрынғыдай игілікке кенелтемін! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.

12Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады: Адамы да, малы да жоқ мына қаңырап бос қалған жерде: оның барлық қалаларының маңайында қайтадан жайылымдар болып, онда бақташылар малдарын бағып жүреді.

13Сол кезде таулы аймақтың қалаларында, батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағында, Буняминнің жері мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдарда және Яһуданың қалаларында қайтадан отар-отар ұсақ малдар өсіп-өніп, оларды санайтын шопандардың қол астынан өтетін болады. Мен, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін.

Әділ «Жас Өскін» әрі Дәуітпен жасалған Келісім

14«Мынау естеріңде болсын: Менің Исраилге және Яһудаға берген мейірімді уәдемді жүзеге асыратын уақытым келетін болады, — дейді Жаратқан Ие. —

15Сол заман туғанда Мен Дәуіттің әулетінен бір «Жас Өскінді» өсіріп шығарамын. Сол әділ Патша елде әділетті жүзеге асырып, әділдік пен шыншылдықты орнатады.

16Сол кезде Яһуда елі құтқарылып, Иерусалим халқы аман-есен тұратын болады. Сонда қаланың аты «Әділдігіміздің қайнары — Жаратқан Ие» деп аталмақ.

17Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраилдің патшалық тағында әрдайым Дәуіттің әулетінен шыққан біреу отыратын болады.

18Леуілік діни қызметкерлердің де шалынып, өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын өртеп, басқа да сый-тартуларды ұсынатын адамдары менің алдымда үзілмейтін болады».

19Бұдан кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:

20«Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер де Менің күн мен түн жайлы Келісімімді бұзып, оларды енді қайтып өз белгілі уақытында болмайтын қыла алсаңдар,

21сонда ғана Менің қызметшім Дәуітпен жасаған Келісімім біржола күшінен айырыла алар еді, әрі Дәуіттің тағында отырып патшалық құратын өз ұрпақтары болмас еді. Солай болғанда ғана Менің алдымда қызмет атқарып жүрген леуілік діни қызметкерлермен жасаған Келісімім де біржола күшінен айырыла алар еді.

22Мен қызметшім Дәуіттің және Менің алдымда қызмет етіп жүретін леуіліктердің ұрпағын аспандағы жұлдыздардай, теңіз жағалауындағы құм қиыршығындай сансыз көбейтемін».

23Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:

24«Мына адамдардың не айтқандарын естідің бе? Олар: «Жаратқан Ие Өзі таңдап алған екі үрім-бұтақтан бас тартыпты!» деп жүр. Осылайша олар Менің халқыма менсінбей қарап, оны тіпті халық деп санамайды да.

25Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер де Менің күн мен түн жайлы Келісімім әрі аспан мен жерге бекіткен заңдарым

26Жақып пен қызметшім Дәуіттің үрім-бұтақтарынан бас тартып, олардың бірде-біреуін Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың ұрпақтарына бұдан былай патшалық билік жүргізуге таңдамас едім. Өйткені Мен оларға рақым көрсетіп, жер аударылып кеткен жақтарынан елге қайтарып, олардың жағдайын бұрынғыдай игілікке кенелтемін».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help