Ишая 46 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаратқан Иенің сенімділігі әрі жалған тәңірлердің бекерлігі

1Бел тізе бүгіп, Небо да иіледі. Осы жалған тәңірлердің мүсіндері малдарға тиеліп, әкетіледі. Бұларды салтанатпен көтеріп жүретінсіңдер. Салмағы зілдей олар — шаршаған көліктерге ауыртпалық.

2Осылайша жалған тәңірлердің бәрі бірдей тізе бүгіп, құлайды. Олар ауыр мүсіндерін қорғай алмайды, қайта, өздері де тұтқынға түседі!

3«Тыңдаңдар Мені, ей, Жақыптың ұрпақтары, сөзіме құлақ салыңдар, ей, Исраил халқының тірі қалғандары! Сендерді туғаннан-ақ қолдап келіп, өмір бойы көтеріп те жүремін.

4Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін, шаштарың ағарған кезде де қолдай беремін. Сендерді жаратқан едім, бұдан былай да көтеріп жүремін. Мен ауыртпалықтарыңа төзіп, құтқарып қорғай беремін.

5Мені кіммен салыстырып, кімге ұқсатасыңдар? Яки Мені кіммен теңестіресіңдер?

6Адамдар таразыға күміс өлшеп, соған шебер зергерді жалдап алады. Қалталарынан мол алтын төгіп беріп, содан тәңір мүсінін жасатқызады. Осы «қуыршақ тәңірге» бас иіп, оның алдына етпетінен жығыла табынады!

7Оны иықтарына көтеріп алып жүріп, арнайы жерге қояды. Мүсін сол жерде әрдайым тұра беріп, орнынан қозғала да алмайды. Жұрт оған қанша айқайлап, жалынып-жалбарынса да, ол ешқандай жауап бере алмайды да, пәледен құтқара алмайды да.

8Сонымен, ей, жолдан тайғандар, бұл жайттарды естеріңде берік сақтап, көңілдеріңе түйіп алыңдар!

9Баяғыда болғандарды да ұмытпаңдар! Жалғыз Мен ғана шынайы Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ, Маған ұқсас ешкім де болмайды!

10Ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін. Мен мақсатымды орындап, Өзіме ұнайтындарды іске асыратын боламын деп уәде беремін.

11Шығыстағы алыс елден біреуді шақырып, алып келемін. Ол жауларына қырғидай тиіп, мақсатымды белсене орындайды. Мен айтқанымды еш шүбәсіз жүзеге асырамын, солай шешкен соң оны орындаймын!

12Ей, жүректері қасарысқандар, әділдіктен қашық жүргендер, айтқандарыма құлақ түріңдер!

13Мен осы жерде әділдігімді жүзеге асыратын боламын. Ол алыс емес, жақындап қалды, Менің құтқаруым кешікпейді! Мен Сион шаһарын азат етемін, бүкіл Исраил елін салтанатты ұлылығыма бөлейтін боламын».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help