Забур жырлары 77 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құтқарушы Құдайға табанды мойынсұнуға шақыру

1(Асафтың насихат жыры.)

Уа, халқым, тәліміме көңіл бөлші,

Айтатын сөздеріме құлақ түрші,

2Астарлы әңгімелерді айтамын,

Әуелден бар құпияларды ашамын.

3Өзіміз естіп білген әңгімелерді,

Аталарымыз айтқан нәрселерді

4Солардың ұрпақтарынан жасырмаймыз,

Келер буынға оларды жариялаймыз:

Жаратқан Иенің даңқты істерін,

Оның құдіреті мен кереметтерін.

5Өйткені Иеміз Жақыптың ұрпағына

Ережесін орнатып, Исраил халқына

Арнап Таурат заңын шығарып тапсырды,

Ол ата-бабаларымызға соларды

Балаларына үйретуге бұйырды.

6Келер ұрпақ оларды жақсы танысын,

Кейін туар перзенттері де ұғынсын,

Олар да өз балаларына үйретсін.

7Осылай бұлар Құдайға үміт артсын,

Оның кереметтерін есте сақтасын,

Әрі өсиеттерін нық орындасын.

8Олар бабаларындай істеп жүрмесін:

Бас көтергіш қыңыр ұрпақ бола көрмесін,

Жүректерін Құдайға арнаудан безбесін,

Ой-ниеттері Құдайға сенімсіз болмасын.

9Ефремнің ұрпақтары садақпен қаруланған,

Ал шайқасар күні кері бұрылып қашқан,

10Құдайдың Келісімін сақтамаған,

Таурат заңын ұстанудан бас тартқан,

11Құдайдың ежелгі істерін ұмытқан:

Ғажап кереметтерін Ол жасаған

12Мысыр елінде, Соған алқабында

Ата-бабаларының көз алдында.

13Сол кезде Құдай теңізді қақ бөлген,

Арғы жағаға халықты жеткізген,

Теңіз суын қабырғадай тұрғызған,

14Күндіз бұлтты, түнде отты бағанамен

Өзі оларды жетелеп бастап жүрген.

15Шөл далада жартасты қақ айырған,

Терең тұңғиықтан су шығарған,

Халқының шөлін молынан қандырған.

16Жартастан Жаратқан бұлақтар ағызған,

Өзендей төмен қарай сарқыратқан.

17Алайда халық күнә жасай берген,

Хақ Тағалаға қарсы түзде бас көтерген,

18Талғамдарына қарай тамақ талап еткен,

Тәңірді іштей сынап еркінсіген,

19Былай деп қарсы сөйледі Құдайға:

«Айдалада Құдай тамақ бере ала ма?

20Рас, жартасты ұрғанда су тасқындап,

Жылғамен аға жөнелді сарқырап,

Алайда Ол нан да бере ала ма,

Етпен де халқын қамти ала ма?!»

21Мұны естіп Жаратқан Ие ашуланды,

Жақыпқа зәрінің оты тұтанды,

Иә, Исраилге қатты қаһарланды,

22Өйткені олар Құдайға сенбеді,

Оның құтқаруына үміттенбеді.

23Бірақ та Ол бұлттарға бұйрық берді,

«Аспанның қақпаларын» ашып берді,

24Халыққа жейтін маннаны жаудырды,

Сөйтіп оларға нанды аспаннан жіберді,

25Адамдар «періштелер нанын» жеді,

Қарындары тойғанша Құдай мол берді.

26Құдай аспанда шығыстан жел тұрғызды,

Құдіретімен оңтүстіктен жел соқтырды,

27Ол аспаннан тозаңдай мол ет жаудырды:

Теңіз жағалауындағы құм сықылды

Сансыз көп боп ұшып келген құстарды

28Халық қоныстанған жердің ортасына

Қондырды, шатырларының маңайына.

29Осылайша халық тойына ет жеді,

Құдай оларға аңсағандарын берді,

30Ал құмартқан тамақтарын жеп болмастан,

Ауыздарындағы етті жұтпастан,

31Оның зәрі оларға қарсы көтерілді,

Ол ең мықты адамдарын өлтірді,

Сұлатып исраилдік жас жігіттерді.

32Алайда халық күнә жасай берді,

Ғажаптарын менсінбей Құдайға сенбеді.

33Сонда Ол күндерін бекер қылып қысқартты,

Оларды қорқытып, жылдарын доғартты.

34Құдай кейбіреулерін құртқанда,

Басқалары Оған бет бұрды соңында,

Өкініп, қайтты теріс жолдарынан,

Сиына берді Құдайға таң азаннан.

35Естеріне түсті: «Құдай — құздай панамыз,

Иә, Алла Тағала — Құтқарушымыз».

36Олар жағымпазданды бірақ ауыздарымен,

Жаратқанға жалған айтты тілдерімен,

37Шын жүректен Оған адал болмады,

Келісімін Оның берік ұстанбады.

38Алайда Құдай сондай шапағатты,

Күнәларын кешіріп, оларды құртпады.

Әлденеше рет Ол ашуынан бас тартты,

Жалынды қаһарын толық тұтатпады,

39Олардың тәндік екенін ұмытпады,

Шыққан демдей қайтпайтынын ұғынды.

40Қанша рет олар иен түзде бас көтерді,

Айдалада Оны қапаландырды!

41Қайта-қайта еркінсіп сынап Құдайды,

Исраилдің Киелі Құдайын қайғыртты,

42Олар ұмытты Оның шексіз құдіретін,

Қанаған жауларынан құтқарған кездерін:

43Мысырда көрсеткен ғажап істерін,

Соған алқабындағы кереметтерін,

44Мысыр өзендерін Ол қанға айналдырды,

Ағынынан ешкім су іше алмады,

45Оларға шақсын деп көптеп масаларды,

Зақымдасын деп жіберді бақаларды,

46Шегіртке құрттарына қиды егіндерін,

Шегірткелерге еңбектерінің өнімдерін,

47Бұршақпен жойды Ол жүзім бақтарын,

Аязбен қиратты тұт ағаштарын.

48Жаудың малына да бұршақты жаудырды,

Табындарын найзағай астында қалдырды.

49Құдай қаһарының тізгінін ағытты,

Ашу-ызасы мен қастығын танытты,

Құртушы хабаршыларын жөнелтті,

50Лаулаған қаһарына Тәңір жол берді,

Ажалдан жаудың жандарын сақтамады,

Оларды обаның індетіне табыстады.

51Мысырдың тұңғыштарының құртты көздерін,

Хамның үйлеріндегі мықты өскіндерін.

52Ал Құдай өз халқын алып шықты қойлардай,

Иен далада бастап жүрді отардай,

53Оларды аман-есен жетеледі,

Сонда халық ешқандай үрейленбеді,

Бірақ жауларын теңіз жалмап жіберді.

54Құдай халқын әкелді киелі еліне,

Құдіретпен иемденген таулы өлкесіне,

55Алдарынан ұлттарды шығарды қуып,

Олардың жерлерін мұраға берді бөліп,

Үйлерін де Исраил руларына мекендетіп.

56Бірақ олар әлі де Құдайды сынады,

Бас көтеріп, Хақ Тағалаға бағынбады,

Оның берген жарлықтарын сақтамады,

Бабаларының қылықтарын қайталады,

57Құдайдан бас тартып опасыздық жасады,

Кеуіп қалған садақтай сенімсіз болды.

58Биіктеу жерлерде тәңірсымақтарға арнап

Ғибадат ететін орындарын салып,

Құдайдың ашу-ызасын туғызды,

Жалған тәңір мүсіндерін тұрғызды,

Құдайдың зор қызғанышын тудырды.

59Мұны естіп Құдайдың қаһары тұтанды,

Ол Исраилден жиреніп мүлдем бас тартты,

60Содан тастап кетті Шилодағы тұрағын,

Адамдар арасындағы киелі шатырын.

61Ол тіпті өз құдіретін паш еткен сандығын

Халқының жауларының қолына түсірді,

Иә, Өзінің ұлылығының осы белгісін

Сол дұшпандарының қолдарына тапсырды!

62Құдай меншікті халқына қаһарланды,

Семсер жүзіне оларды табыстады,

63Халықтың жас жігіттерін өрт жалмады,

Қыздарына той әндері айтылмады,

64Діни қызметкерлері семсерден құрыды,

Жесірлері жоқтау да айта алмады.

65Соңында Иеміз тұрды ұйқыдан оянғандай,

Ішіп алып қызбаланған балуандай,

66Жауларына соққы беріп, кері тойтарды,

Оларды шексіз масқараға қалдырды.

67Кейін Тәңір Жүсіптің әулетін таңдамады,

Ол Ефрем руын басшылыққа қоймады,

68Орнына таңдап алды Яһуда руын,

Әрі Өзі қатты ұнатқан Сион тауын,

69Киелі үйін зәулім аспандай орнатты,

Жер іспетті оны мәңгілікке нығайтты.

70Қызметшісі етіп Дәуітті таңдады,

Қой отарынан Құдай оны шақырды,

71Саулық бағып жүрген жерінен алдырды,

Жақыптың ұрпақтарын оған бақтырды,

Меншікті Исраил халқын қамқорлатты.

72Ол халқын бағып жүрді шын жүректен,

Жетелеп алып жүрді епті қолымен.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help