1Құдайдың таңдаған адамы Мұса қайтыс боларының алдында исраилдіктерге батасын беріп
2былай деді:
«Жаратқан Ие келген еді Синайдан,
Үстімізге көтеріліп Сейір тауынан,
Әрі шұғыласын шашып Паран тауынан.
Сан мыңдаған Өзіне бағышталғандармен
Келді оңтүстіктен, тау етектерінен.
3Иә, Ием, Сен халқыңды сүйесің,
Өзіңе бағышталған қасиеттілердің
Барлығы да қолыңда Өзіңнің,
Бәрі жиналып аяғыңа бас ұрады,
Сөздеріңді Өзіңнен қабыл алады.
4Мұса бізге тапсырды Таурат заңын,
Мұрасы болды ол Жақып қауымының.
5Бас қосқанда халықтың басшылары,
Олармен бірге Исраилдің рулары,
Жаратқан Ие болды Ешүруннің Патшасы.
6(Пайғамбар Рубен руына мынадай бата берді:)
«Рубен руы өмір сүрсін, құрымасын,
Лайым адамдарының саны азаймасын!»
7Ал Яһуда руына арнап ол былай деді:
«Уа, Жаратқан, Яһуданың даусын ести гөр,
Оны халық қылып жинап әкеле гөр!
Оның мүддесін қорғасын өз қолдары,
Демей көрші оны жауларына қарсы!»
8Леуі руына Мұса мынадай бата берді:
«Нұр және Кемелділік» атты жеребелерің
Өзіңе адал бұл жандарда бола берсін!
Уа, Ием, Маса маңында оларды сынадың,
Мерібада жартастан шыққан сулардың
Қасында олармен күрескен едің.
9Қорғау үшін сөздерің мен Келісіміңді
Әке-шешелерінің тілегін елемеді,
Олар ағайындыларын да танымады,
Тіпті өз балаларын да мойындамады.
10Жақып халқына шешімдеріңді жеткізеді,
Исраилге Таурат заңыңды үйретеді,
Алдыңда хош иісті заттар түтетеді,
Үстеліңде шалынған құрбандықты өртейді.
11Уа, Ием, Леуінің күшін жарылқай көрші,
Істеген істеріне риза бола көрші,
Леуіге қарсы шыққанды күйрете гөр,
Жек көрген жауларын тұрмастай жыға гөр!»
12Мұса Бунямин руына батасын беріп былай деді:
«Лайым Жаратқан Ие жақсы көрген
Ру Оның қасында тұрсын аман-есен,
Күн сайын Ием оны қорғайтын болсын,
Таулардың беткейлерінде қоныстансын».
13Жүсіпке Мұса мынадай бата берді:
«Жаратқан Ие жарылқасын оның елін,
Аспанның баға жетпес шығын түсіре берсін,
Шыңырау бұлақтарын ағыза көрсін.
14Күн көзінде пісетұғын үздік жемістерін,
Ай сайын жиналатын керемет өнімдерін
Жаратқан Ие ағыл-тегіл сыйлай берсін,
15Ежелгі таулардың таңдаулы өнімдерін,
Мәңгі қырлардың да тамаша егіндерін!
16Жанып жатқан бұтаның арасынан
Өзін аян еткен Иеміз Жаратқан
Жүсіпке мейірім көрсетіп, жердің
Және оны толтырып тұрған жан иелерінің
Ең тамаша өнімдерін сыйлай көрсін.
Бұл игіліктер төбесіне Жүсіптің —
Бауырларының ішінен таңдаулының
Басына әрдайым қона берсін!
17Жүсіптің айбаты тұңғыш бұқанікіндей,
Һәм күші жабайы бұқаның мүйізінікіндей,
Соларымен ол күллі бөтен ұлттарды,
Тіпті жердің түкпіріндегі халықтарды
Мүйізімен сүзгеніндей жеңіп шығады.
Ефрем руының он мыңдаған адамдары
Осындай әрі Манасаның мыңдағандары».
18Забулон (мен Исашар) жайлы Мұса пайғамбар былай деді:
«Ей, Забулон, жолға шыққанда шаттаныңдар,
Ал, Исашар, шатырларыңда қуаныңдар!
19Теңіз оларды дәулетті қылады,
Құмнан да олар байлық тауып алады,
Ұлттарды Құдайдың тауына шақырады,
Оған адал құрбандық шалып ұсынады».
20Ғад руына ол мынадай бата берді:
«Ғадтың жерін кеңейткен Ием қастерленсін!
Ғад арыстандай тынығады, ал кейін
Жемтігіне бас салып, паршалайды денесін.
21Ғад өзіне ең жақсы жерді таңдап алған,
Сонда басшының үлесі сақталған,
Халықтың игі-жақсылары бас қосқан.
Ғад Жаратқанның әділ еркін іске асырған,
Исраил жайлы шешімдерін орындаған».
22Дан руына пайғамбар мына батаны берді:
«Дан руы бір жас арыстандай болады,
Сол Башан аймағынан секіріп шығады».
23Нафталим руына арнап Мұса былай деді:
«Ей, Нафталим, Жаратқанның рақымы мен
Ағыл-тегіл жарылқауына бөленген сен
Ғалилея көлі мен оңтүстігін иемден!»
24Ашир руына ол мына батаны берді:
«Ұлдардың ішінде Ашир мол жарылқанған,
Ағайындары оны ұнатсын әрқашан,
Зәйтүн майы мол ақсын әрдайым,
Аяғын соған мала алсын ол лайым!
25Темір, қоладан болсын қақпа ысырмаларың,
Берік тұрсын бекінген қалаларың,
Көрер күндеріңе сай молайсын қуатың!»
26«Уа, Ешүрун, ешкім ұқсамас Құдайыңа,
Ол салтанатпен келеді сені қолдауға,
Бұлттар үстімен жүреді аспанда.
27Ежелден Құдай болып келеді баспанаң,
Аясында боласың мәңгілік қолының,
Ол жауыңды алдыңнан қуып шығады,
Оны жойып құртуға бұйырады,
28Сонда Исраил аман-есен тұрады,
Жақыптың бұлағы қауіпсіз болады,
Лайым аспаннан шық түсетін болсын,
Елдің наны мен шырыны молайсын!
29Уа, Исраил, қандай бақыттысың сен,
Жаратқан Ие құтқарған аман-есен
Өзіңдей басқа халық бар ма екен?
Ол сені қалқандай қорғап-қолдайды,
Семсердей саған үстемдік сыйлайды.
Алдыңда құлдық ұрады жауларың,
Биік жерлеріне аяғыңды басасың».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.