Жақыптың хаты 5 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Сонымен, байлар, құлақ түріп тыңдаңдар! Бастарыңа төніп тұрған қасіреттеріңе бола зар еңіреп жылаңдар!

2Дүние-мүліктерің шіріп, киімдерің күйеге жем болды,

3алтын мен күмістеріңді тот басты. Солардың тоты сендерге қарсы айғақ болып, тәндеріңді оттай жалмайды. Осы заманның ақыры жақын болса да, өздеріңе қазына жинап келесіңдер!

4Міне, сендер егіндеріңді жинаған жұмысшыларға төлемеген тиесілі жалақылар өздеріңе қарсы айғақ болып шағынып тұр! Орақшылардың айқайлаған дауыстары Әлемнің Иесінің құлағына жетті.

5Сендер бұ дүниеде молшылыққа белшеден батып, рақат кешіп келесіңдер. Құритын күндерің жетсе де, бордақыланған малдай семірудесіңдер.

6Тіпті өздеріңе қарсы шықпаған әділдерді соттап, өлтірдіңдер!Мәсіхтің қайтып келуін сабырмен күту

7Ендеше, бауырластарым, Иеміз қайтып келетін кезге дейін шыдаңдар. Диқанға қараңдаршы: ол егіндік жерінен алатын құнды өнімін тосып, оны күзгі және көктемгі жаңбырдың суғаруын төзімділікпен күтеді.

8Сендер де сабырмен күтіп, жүректерің мызғымас табанды болсын. Өйткені Иеміз жуырда қайтып келмек.

9Сотталмауларың үшін, бауырластарым, бір-біріңнің үстеріңнен шағым айтпаңдар. Үкім шығаратын Иеміздің жуырда қайта оралатынын білесіңдер ғой. Ол есік алдына келіп қалғандай жақын.

10Бауырластарым менің, азап шегіп, төзе білуде Жаратқан Иенің атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгі алыңдар.

11Сол төзімді адамдарды бақытты деп санаймыз. Әйүп пайғамбардың шыдамдылығы туралы естігенсіңдер, Жаратқан Иенің ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да білесіңдер. Иеміздің жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор!

Бұлтартпай шындықты айту, бауырласы үшін сеніммен сиыну

12Ең бастысы, бауырластарым, ант етуші болмаңдар! Көк пен жердің немесе басқа да нәрселердің атымен ант етпеңдер. Қайта, сендер «иә» дегенде шынымен иә, «жоқ» дегенде шынымен жоқ болуға тиісті. Әйтпесе Тәңір Ие сендерді жауапқа тартпақ.

13Кейбіреулерің азап шеккенде, Құдайға сиынсын, көңілді болғанда, мадақтау жырлары мен әндерін айтсын.

14Қайсыбіреуің ауырып қалса, қауым жетекшілерін шақыртсын. Олар соның маңдайына Жаратқан Иенің атынан май жағып, оның үстіне қолдарын жайып сиынсын.

15Сеніммен сиынғандарыңа бола Иеміз науқастың денсаулығын қайтадан қалпына келтіріп, сауықтырмақ. Егер ол күнә жасаған болса, кешірілмек.

16Сондықтан сауығып кету үшін, жасаған күнәларыңды бір-біріңе айтып мойындап, бір-бірің үшін сиыныңдар! Әділ адамдардың Құдайға сиынуларының күші орасан зор.

17Ілияс пайғамбар да біз сияқты пенде болатын. Алайда ол жаңбыр жаумасын деп шын жүректен сиынғанда, үш жарым жыл бойы жерге жаңбыр тамбады.

18Ол қайтадан жауын болсын деп сиынғанда, аспаннан жаңбыр құйылып, жер тағы да өнімін берді.

19Бауырластарым, қайсыбіреуің ақиқат жолынан тайса, басқа біреуің оны кері қайтарсын!

20Естеріңде болсын: кім күнәкарды теріс жолдан қайтарса, сол оның жанын рухани өлімнен құтқарып, көптеген күнәларының кешірілуіне себепші болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help