1Мен іштей: «Ал енді, рақаттана шаттанып, жақсы нәрселерді тексеріп көрейінші!» — деп ойладым. Бірақ бұл да бекершілік екен.
2Себебі ойнап-күлуді «ақылсыз іс» деп таптым, әрі рақатқа берілу жайлы: «Бұл не нәрсеге қол жеткізеді?» — дедім.
3Содан ойға шомдым да, шарап ішіп көңіл көтерейін деп шештім. Санам мені әлі де парасатпен жетелесе де, ақымақтыққа берілдім. Осылайша адамға осы өткінші дүниедегі қысқа ғұмырында ең тиімдісі не екенін біліп алуға тырыстым.
4Мен үлкен істерге де кірістім: өзіме арнап сарайлар салып, жүзімдіктер отырғыздым.
5Өзім үшін бау-бақшалар да дайындап, оларға түрлі жеміс ағаштарын ектім.
6Тоғайларымда өсіп тұрған ағаштарымды суғару үшін тоғандар жасадым.
7Сатып алған құлдарымнан басқа, өз сарайымда туылған құл-күңдерім де болды. Ірілі-ұсақты малдарымның көп болғаны сонша, бұрын-соңды Иерусалимдегі патшалардың бірде-біреуінде соншама мал болып көрген емес.
8Мен алтын-күміс жиып, патшалар мен аймақтардың қазыналарын молынан иемдендім. Қасыма әнші-күйшілер мен түрлі күй аспаптарын жинап алдым. Сөйтіп адам баласының рақатына бөлендім.
9Осылай мен ұлылыққа ие болып, бұрынырақ Иерусалимде патшалық құрғандардың барлығынан асып түстім. Соның бәрінде де ақыл-парасатымнан айырылмадым.
10Көзім түсіп, ұнатқанның ешқайсысынан бас тартқан жоқпын. Ешқандай көңіл көтеруден де шет қалған емеспін. Бірақ та жан дүниемнің басты қуанышы атқарған еңбегім болды. Ал еңбегімнің қызығы сол еңбектің өзі ғана еді.
11Қолға алған жұмыстарыма әрі атқарған бейнетті еңбегіме назар аударғанда олардың да жел соңынан қуғандай бекершілік екенін, сондай-ақ, осы өткінші дүниеде шынайы табысқа жетуге болмайтынын байқадым.
Құдайсыз даналық пен еңбектің түбінде мәнсіз болуы12Содан мен даналық жайында әрі топастық пен ақымақтық туралы ойлай бастадым. Өйткені келешек патшалар осы мәселе жөнінде бұрын істелгендерден басқа не істер екен?
13Жарық нұр қара түнектен қалай артық болса, даналықтың да ақымақтықтан солай артық екеніне көз жеткіздім.
14Дананың көзі өз орнында, ал ақымақ қара түнекте сипаланып жүреді. Бірақ соңында екеуі де бірдей тағдырға ұшырайтын болады.
15Мен іштей: «Ақымақтың басына түсетіні маған да тиесілі болса, онда соншама дана болып не бар?» — деп, бұны да бекершілік деп қорыттым.
16Ақымақ сияқты, дана жан да жұрт есінде ұзаққа қалмайды. Болашақ күндерде бәрі де ұмытылады. Ақымақ сияқты, дана жан да өлуге тиіс.
17Содан мен осы өткінші дүниеде болып жатқан істерге наразыланып, өмірді жек көріп кеттім. Себебі бәрі де жел соңынан қуғандай бекершілік екен.
18Осы дүниеде атқарған ауыр еңбегімнің бар өнімін де жек көре бастадым, өйткені оны өзімнен кейінгі бір адамға қалдыруым қажет.
19Ол дана бола ма, ақымақ бола ма, онысын кім біледі? Ол бәрібір менің ауыр еңбекпен әрі ақыл-парасатпен қол жеткізгендерімнің барлығына ие болады. Бұл да бекершілік!
20Сонымен осы өткінші дүниеде атқарған бүкіл бейнетті еңбегімнен көңілім қалып түңілдім.
21Себебі бір адам ақыл-парасатпен, біліммен және шеберлікпен еңбек еткеннен кейін соның жемісін бұған еш еңбек сіңірмеген басқа біреуге қалдыруға тиіс болады. Бұл да бекершілік әрі жанға қатты бататын жайт.
22Солай болғанда адам баласына осы өткінші дүниеде атқарған бейнетті еңбегінен және жан салған ұмтылысынан не пайда?
23Ол өмір бойы міндетін өтеп, азап пен мехнат шегіп жүреді, тіпті түнде де оның ақыл-санасы толықтай тынықпайды. Бұл да бекершілік.
Құдайға мойынсұна өмір сүрудің артықшылығы24Адам баласына ішіп-жеуден әрі атқарған еңбегінен рақат табудан артық ештеңе жоқ екен. Бұларды да Құдайдың бергеніне көзім жетті.
25Себебі Құдай бермесе кім ішіп-жеп, қызық көре алады?
26Өзін риза ететін адамға Құдай даналық, білім және қуаныш сыйлайды. Ал теріс жолмен жүретін күнәкарға Ол байлық жинап, сақтап қою уайымын тапсырады. Бірақ күнәкар соларын Құдайды риза еткен адамға қалдырып кетуге мәжбүр болады. Мұндай өмір шынында жел соңынан қуғандай бекершілік.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.