Нехемия 12 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қайта оралған діни қызметкерлер мен леуіліктердің тізімі

1Салатиел ұлы Зоробабелмен және Ешуамен бірге қайтып келген діни қызметкерлер мен леуіліктер мыналар: Сераях, Еремия, Езра,

2Амариях, Маллух, Хатуш,

3Шеханиях, Рехум, Меремот,

4Иддо, Гиннетон, Абиях,

5Миямин, Моадиях, Билға,

6Шемаях, Жояриб, Едаях,

7Саллу, Амоқ, Хелкия мен Едаях.

Бұлар бас діни қызметкер Ешуаның кезіндегі діни қызметкерлердің жетекшілері және олардың ағайындары болатын.

8Леуіліктер: Ешуа, Бинуй, Қадмиел, Шеребиях, Яһуда, Маттаниях өзінің ағайындарымен бірге мадақтау мен шүкіршілік ән-жырларын орындауға жауапты.

9Олардың ағайындары Бақбұқиях пен Унни әлгілерге қарама-қарсы бетте тұрып, ән-күй қызметтерін атқарады.

10(Бұрынғы бас діни қызметкер) Ешуа Жохақымның әкесі, Жохақым Елияшиптің әкесі, Елияшип Жояданың әкесі,

11Жояда Жонатанның әкесі, Жонатан Ядуаның әкесі болды.

12Жохақымның заманында діни қызметкерлердің әулет басылары мыналар еді: Сераях әулеті — Мераиях, Еремия әулеті — Хананиях,

13Езра әулеті — Мешулам, Амариях әулеті — Жоханан,

14Маллух әулеті — Жонатан, Шеханиях әулеті — Жүсіп,

15Харым әулеті — Адна, Меремот әулеті — Хелқай,

16Иддо әулеті — Зәкәрия, Гиннетон әулеті — Мешулам,

17Абиях әулеті — Зіхри, Міниәмін мен Моадиях әулеті — Пілтай,

18Билға әулеті — Шаммуа, Шемаях әулеті — Ехонатан,

19Жояриб әулеті — Матынай, Едаях әулеті — Ұззи,

20Саллу әулеті — Қаллай, Амоқ әулеті — Ебер,

21Хелкия әулеті — Хашабиях, Едаях әулеті — Нетанел.

22Елияшип, Жояда, Жоханан және Ядуаның (бас діни қызметкер болған) кездерінде леуіліктердің әулет басылары тізімге тіркелген еді. Діни қызметкерлердің әулет басылары парсы патшасы Дарийдің заманында тіркелді.

23Леуі руының Елияшип ұлы Жохананның заманына дейінгі әулет басылары Шежіре жазбасына жазылып қалдырылды.

24Леуіліктердің топ жетекшілері: Хашабиях, Шеребиях, Қадмиел ұлы Ешуа. Мадақтау мен шүкірлік ән-жырларын айтқанда олардың қарсысында өздерінің ағайындары тұрады. Құдайдың таңдаған адамы Дәуіттің қалдырған нұсқауларына сәйкес, осы екі топ кезектесіп ән-жыр айтып тұратын болуы керек.

25Қақпалардың маңындағы қойма бөлмелерін күзететін қақпашылар: Маттаниях, Бақбұқиях, Абадиях, Мешулам, Талмон, Ақуб.

26Олар Ехосадық немересі Ешуа ұлы Жохақым, аймақ әкімі Нехемия және діни қызметкер әрі дін мұғалімі Езра қызмет етіп жүрген осы кезде міндеттерін атқаруда.Иерусалимнің қабырғаларын Құдайға бағыштау

27Иерусалим қаласының қабырғаларын Құдайға бағыштау рәсіміне арнап жер-жерде тұрып жатқан леуіліктер шақырылып, Иерусалимге жиналды. Олар осы қуанышты рәсім мен тойға қатысып, шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтып, даңғыра, жетіген, шертерлермен сүйемелдейтін болды.

28Сонымен қатар Иерусалимнің төңірегіндегі ауданнан, нетопаттықтардың елді мекендерінен,

29Бет-Ғылғалдан, Геба мен Азмаует маңындағы далалық жерлерден сонда тұратын әншілер жиналды. Өйткені әншілер Иерусалимнің төңірегінде өздеріне елді мекендер салып алған болатын.

30Бағыштау рәсімі басталмас бұрын діни қызметкерлер мен леуіліктер тазару рәсімінен өтіп, өздерін қайтадан Жаратқан Иенің қызметіне бағыштады. Содан олар халыққа, қақпаларға және қабырғаға тазару рәсімін жасап оларды Жаратқан Иеге бағыштады.

31Мұнан кейін мен Яһуданың басшыларын ертіп алып қабырғаның үстіне шықтым. Шеру құрып, шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтып жүретін екі топты тағайындаған едім. Біреуі қабырғаның үстімен оң жаққа, Күл қақпасына қарай кетті.

32Осы топтың соңынан мыналар еріп жүрді: Хошаях және Яһуда басшыларының жартысы —

33Азариях, Езра, Мешулам,

34Яһуда, Бунямин, Шемаях, Еремия,

35сондай-ақ керней тартатын бірнеше діни қызметкер шәкірттері және Жонатан ұлы Зәкәрия. Жонатан Шемаяхтан, Шемаях Маттанияхтан, Маттаниях Миқаядан, Миқая Зақурдан, Зақур Асафтан тараған болатын.

36Зәкәриямен бірге оның ағайындары Шемаях, Азарил, Милалай, Ғилалай, Мағай, Нетанел, Яһуда, Ханани де жүріп отырды. Олар Құдайдың таңдаған адамы Дәуіттің қалдырған нұсқауларына сәйкес саз аспаптарында ойнады. Осы шеруді дін мұғалімі Езра бастап жүрді.

37Қайнар қақпасынан өткен соң олар Дәуіттің шаһарына апаратын баспалдақтармен тура ішкі қабырғаға қарай өрлеп барды. Содан олар Дәуіттің сарайының жоғарғы жағынан өтті де, қала қабырғасының шығыс жағындағы Су қақпасына келіп тоқтады.

38Ал екінші шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтатын топ қарама-қарсы сол жаққа қарай кетті. Мен Яһуданың басшыларының екінші жартысымен бірге қабырғаның үстімен олардың соңынан еріп отырдым. Біз Тандыр мұнарасы, Кең қабырға,

39Ефрем қақпасы, Көне қақпа, Балық қақпасы, Хананел және Жүздік мұнараларының жанынан өтіп, Қой қақпасына дейін жеттік. Ақыры, біз Қарауыл қақпасына келіп тоқтадық.

40Сол жерде шүкірлік пен мадақтау ән-жырларын айтатын екі топтың екеуі де Құдайдың киелі үйіне келіп тұрды. Мен де басшылардың жартысымен бірге сонда тұрдым.

41Керней тартатын діни қызметкерлер: Елиәкім, Мағасиях, Міниәмін, Миқая, Елиохенай, Зәкәрия, Хананиях.

42Сондай-ақ Мағасиях, Шемаях, Елазар, Ұззи, Жоханан, Малқиях, Елам, Езер де сол жерде тұрды. Әншілер Израхияхтың басқаруымен қатты дауыспен ән-жыр айтып тұрды.

43Сол күні халық көптеген малдарды құрбандыққа шалды. Құдай зор қуаныш сыйлап, бәрі шат-шадыман болды. Әйелдер мен бала-шағалар да мәз болып қатты қуанды. Иерусалимдегі қуанышты мерекенің үні алысқа естіліп тұрды.

Ғибадатханадағы белгілі қызметтерді атқарушылар

44Сол күні бірнеше адам арнайы қойма бөлмелерінің басқарушысы болып тағайындалды. Сол бөлмелерге сый-тартулар, алғашқы өнім және өнімнің он бөлігінің бірі қойылып сақталады. Осылайша қалаларға жататын егістіктерден түскен өнімнің Таурат заңындағы нұсқау бойынша діни қызметкерлер мен леуіліктерге тиесілі бөліктері сол қоймаларға әкелініп жиналады. Себебі Яһуданың халқы діни қызметкерлер мен леуіліктердің қызмет жасап жүргеніне риза болып қуанды.

45Олар өздерінің Құдайына жақсылап қызмет етіп, тазарту рәсімін де орындап жүрді. Сондай-ақ, әншілер мен қақпашылар да міндеттерін Дәуіт патшаның және оның ұлы Сүлеймен патшаның қалдырған нұсқаулары бойынша атқаратын.

46Ежелде, Дәуіт пен Асафтың заманында, Құдайды мадақтап, шүкірлік ән-жырларын орындайтын әншілердің жетекшілері тағайындалған болатын.

47Осылайша Зоробабелдің және Нехемияның замандарынан бері Исраил халқы әншілер мен қақпашыларға күнделікті азық-түлік үлестерін беріп келеді. Олар, сондай-ақ, басқа да леуіліктерге тиесілі азық-түлікті бөліп отырады. Ал леуіліктер (өз кезектерінде) Һаронның ұрпақтары — діни қызметкерлерге тиісті үлесті бөліп береді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help