1Яһуда елінде Жохақымның патшалық құрған үшінші жылы Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалим қаласына шабуыл жасап, оны қоршап алды.
2Сонда Яһуданың патшасы Жохақым да, Құдайдың киелі үйінен алынған бірнеше ыдыстар да Жасаған Иенің еркімен Бабыл патшасының қолына түсті. Сол қасиетті ыдыстарды патша Шинар аймағына әкетіп, өзі табынатын жалған тәңірдің ғибадатханасының қазына қоймасына сақтап қойды.
3Бабыл патшасы сондай-ақ өзінің сарай қызметкерлерін басқаратын уәзірі Ашпеназға исраилдік патша әулетінен және ақсүйек тұқымынан шыққан бірнеше жасөспірім баланы Иерусалимнен алып келуге бұйырды.
4Бұлар ешбір кемтарлығы жоқ, келбетті, ғылымның бар жағынан да хабардар, парасатты да зерделі әрі патша сарайында қызмет атқаруға қабілетті болуға және халдейлердің тілі мен әдебиетін үйренуге тиісті еді.
5Патша оларға өз дастарқанындағы тамағы мен шарабынан күнделікті үлес тағайындады. Сол жасөспірімдер үш жыл бойы тәлім алғаннан кейін патша оларды сарайындағы қызметке кірістірмек болды.
6Яһуда руынан таңдап алынған жасөспірімдер арасында Даниял, Хананиях, Мишаел, Азариях деген балалар бар еді.
7Уәзір сол төртеуінің аттарын өзгертіп, Даниялға Балташазар, Хананияхқа Садырақ, Мишаелге Мисақ, Азарияхқа Әбдінего деп жаңадан ат қойды.
8Алайда Даниял патшаның тамағы мен шарабын ішіп-жеп өзімді арамдамаймын деген берік шешім қабылдаған болатын. Сондықтан ол сарай қызметкерлерін басқаратын жаңағы Ашпеназ уәзірге осы туралы өтініш жасады.
9Құдай бұл уәзірдің жүрегін жібітіп, оны Даниялға оң көзімен қарайтын етті.
10Сонымен уәзірдің Даниялға берген жауабы былай болды: «Мен патша иемнен қауіптенемін. Ішіп-жейтін тағамдарыңды тағайындаған оның өзі еді ғой. Егер сендердің басқа балаларға қарағанда жүдеп бара жатқандарыңды байқап қалса, сендердің кесірлеріңнен менің басым кетеді!»
11Сонда Даниял төртеуінің үстінен қарауға уәзір бекіткен қызметкерден былай деп өтінді:
12«Тақсыр, бізге он күн бойы жеуге тек адал тағамдар, ішуге су ғана беріп сынап көрсеңіз екен.
13Содан кейін біздің түріміз бен патша дастарқанынан ішіп-жеген басқа балалардың түрін салыстырып көріңіз. Әрі қарай бізбен өз көзіңізбен көргеніңізге сай әрекет етерсіз, тақсыр».
14Қызметкер осыған келісіп, оларды он күн сынайтын болды.
15Сол он күн өткен соң байқап қараса, бұл балалардың түрлері патша дастарқанынан тамақтанған жастардың бәрінен өңдірек әрі толығырақ болып көрінді.
16Оларды басқаратын қызметкер содан бастап патшаның берген тамағы мен шарабын былай қойып, оларға тек адал тағамдар беруін жалғастыра берді.
17Жаңағы төрт жасөспірімге Құдай білім және әдебиет пен даналықтың барлық жағын да үйренуге зеректік сыйлады. Ал Даниял оның үстіне әр түрлі аяндар мен түстердің мағынасын түсінетін ерекше дарынға да ие болды.
18Осылайша Набуходоносор патшаның белгілеген мерзімі аяқталып, уәзір исраилдік жас жігіттерді патшаның алдына алып барды.
19Патша олармен сөйлескенде Даниял, Хананиях, Мишаел, Азариях төртеуінің барлық жағынан да басқалардан басым екенін байқады. Сол себепті бұл төртеуі патшаға қызмет етуге кірісті.
20Патша олардан қандай мәселе туралы ақыл-кеңес сұрамасын, өзінің бүкіл патшалығындағы абыздары мен балгерлерінен гөрі олардың он есе білімдірек екенін анықтады.
21Бұдан былай Даниял парсы патшасы Кирдің Бабылға билік құрған бірінші жылына дейін сол қызметінде қала берді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.