1Қанахан елінде исраилдіктер мына жерлерді мұралық меншікке қабылдап алды. Соларды оларға діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және Исраилдің рубасылары үлестірді.
2Жаратқан Ие Мұса арқылы бұйырғандай, тоғыз руға және тағы бір рудың жартысына мұралық жерлері жеребе тасталып белгіленді.
3Себебі Мұса кезінде екі руға және басқа бір рудың жартысына мұралық жерлерін Иорданның шығыс жағынан белгілеген болатын. Ал леуіліктерге ол осы рулар қатарлы мұралық жер бөліп берген жоқ.
4Жүсіптен екі ру: Манаса мен Ефрем тараған еді. Сонымен леуіліктерге елден өздерінің мұралық аймағы үлестірілмей, тек тұруға қалалар және малдарын бағуға жайылымдар ғана бөлінді.
5Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы бұйырғанына сәйкес елді бөліп алды.
Хебронның Халептің әулетіне белгіленуі6Бірде Яһуда руының біраз адамы Ғылғалда Ешуаға жақындап келді. Сонда араларындағы Кенез ұрпағы Ефунне ұлы Халеп оған былай деді:
— Құдайдың таңдаған адамы Мұсаға Жаратқан Ие сіз екеуіміз туралы Қадеш-Барнидің маңында не дегенін өзіңіз жақсы білесіз.
7Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса мені Қадеш-Барниден елді барлап келуге жібергенде қырық жаста болатынмын. Елді барлап, көріп-білгенімді шынайы айтып келдім.
8Барлауға бірге өрлеп барған басқа бауырластарымыздың айтып келген сөздері халықтың зәре-құтын ұшырды. Ал мен Құдайым Жаратқан Иенің жолымен толығымен жүрдім.
9Сондықтан да сол күні Мұса маған мынадай уәде еткен еді: «Сен Құдайым Жаратқан Иеге толықтай сенімді болғандығыңнан, сенің аяқ басып келген жерің өзіңнің және ұрпақтарыңның тұрақты меншігі болады».
10Ал енді, Мұсаның осыны айтқанынан бері қырық бес жыл өтті. Алайда біздер — Исраил халқы айдаланы кезіп жүрген осы уақыт бойы Жаратқан Ие Өзінің уәдесі бойынша мені аман-есен сақтап келді. Міне, жасым сексен беске келсе де, алдыңызда тұрмын.
11Мұса мені елді барлауға жіберген кездегідей қазір де мықтымын. Сол кездегідей қазір де шайқасқа шығып, соғысуға әлім жетеді.
12Сізден өтінерім: Жаратқан Ие сол кезде уәде еткен таулы аймақты маған табыстай көріңіз! Кезінде сіз Жаратқан Иенің берген уәдесін өзіңіз естігенсіз. Бұл жерді Анақтың ұрпақтары мекендейді, олардың қалалары үлкен және күшті бекітілген. Алайда Жаратқан Ие Өзі айтқандай маған жар болса, оларды қуып шыға аламын.
13Сонда Ешуа Ефунне ұлы Халепке батасын беріп, оған мұралық меншік ретінде Хеброн қаласын табыстады.
14Сол заманнан бері күні бүгінге дейін Хеброн қаласы Кенез ұрпағы Ефунне ұлы Халепке тиісті. Себебі ол Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен адал болған еді.
15Хеброн қаласы бұрын Анақ ұрпақтарының ішіндегі Арба деген ең алып адамның атымен Кирият-Арба деп аталатын.
Осылайша соғыс бітіп, елде тыныштық орнады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.