Нақыл сөздер 4 - Киелі кітап(QazBi2010)

Даналық пен әділдікті ұстануға арналған әке өсиеті

1Балалар, әке өсиетіне құлақ түріңдер,

Парасатқа ықылас бөліп, меңгеріп алыңдар,

2Өйткені мен сендерге игі тәлім беремін,

Бас тартып кетпеңдер үйреткен өсиетімнен!

3Өзім де әкемнің қасындағы ұлы болдым,

Көзінің қарасы, шешемнің жалғызы едім.

4Әрдайым былай деп әкем маған үйрететін:

Жүрегіңе сөздерімді берік тоқып алғын,

Өсиеттерімді орындап өмір сүргін.

5Парасатқа ие болып, даналыққа кенелгін,

Сөздерімді ұмытып, бас тартып жүрмегін.

6Даналықтан безбе, сонда ол сені қорғайды,

Ұдайы оны сүйсең, сені аман сақтайды.

7Ең бастысы — даналық, даналыққа кенелгін,

Қолыңдағы барыңмен парасатқа ие болғын.

8Жоғары оны бағала, дәрежеңді көтерер,

Айырылма одан, абыройыңды асырар.

9Даналық басыңа шір таққандай көрік берер,

Тәж орнатқан секілді құрмет-даңққа кенелтер.

10Балам, зейін қойып сөзімді қабыл ал,

Сонда сенің ғұмырың ұзақ болар.

11Мен саған даналық жолын көрсетемін,

Ұдайы сені тура жолмен жетелеймін.

12Сол жолмен бөгелмей еркін жүресің,

Жүгірсең де ешқашан сүрінбейсің.

13Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма,

Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта.

14Қылмыскерлер жолына аяғыңды салма,

Зұлымдардың соқпағымен жүретін болма!

15Бас тартып одан, әрқашан айналып өт,

Бойыңды аулақ ұстап, бұрылып кет.

16Зұлымдық істемей олар ұйықтай алмас,

Біреуді құлатпай еш тыным таппас.

17Оларға зорлық пен әділетсіздікті

Істеу тамақ ішкендей үйреншікті.

18Әділдің жолы таң шапағы іспетті

Тал түс болғанша жарқырай түседі.

19Ал қылмыстының жолы түнекке ұқсайды,

Ол неден сүрініп, құлағанын ұқпайды.

20Балам, сөзімді жүрегіңе тоқып ал,

Айтқандарыма мұқият құлақ сал.

21Сөзімді назарыңнан тыс қалдырмай,

Жүрегіңнің түкпіріне сақтап қой.

22Шын өмір сыйлайды ол мәнісін тапқанға,

Денсаулық береді оның тұла бойына.

23Ең бастысы, таза сақта жүрегіңді,

Өйткені ол — өміріңнің қайнар көзі.

24Лайым аузыңнан өтірік шықпасын,

Тілің жалғандықтан қашықтасын!

25Алға қарай көзің тура қарасын,

Алған бағыттан назарың таймасын,

26Көңіл бөл жүретін жолыңа өзіңнің,

Лайым берік болсын жолдарың сенің.

27Алға бас, оңға-солға бұрылма,

Аяғыңды жамандықтан аулақ ұста.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help