Елшіл. істері 2 - Киелі кітап(QazBi2010)

Киелі Рухтың сенушілерге қонуы

1Алғашқы өнім мейрамы келгенде, сенушілердің бәрі бірге болды.

2Сонда кенеттен көктен бір қатты жел соққандай шу естіліп, олар отырған бүкіл үйді алып кетті.

3Сенушілерге жалындай жалаңдаған тілдер көрінді де, бөлініп-бөлініп әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды.

4Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Оның өздеріне берген дарынына қарай бөтен тілдерде сөйлей бастады.

5Сол кезде Иерусалимде дүниенің төрт бұрышындағы әр елден келген, Құдайды қастерлейтін яһудилер тұратын.

6Осы шу естілгенде көптеген халық сол жерге жиналып, аңтарылып тұрып қалды. Себебі олардың әрбіреуі тыңдағанда сенушілердің мұның өз тілінде сөйлеп тұрғанын естіді.

7Халық қатты таңғалып: «Мына сөйлеп жатқандардың бәрі ғалилеялықтар емес пе? — десті. —

8Бұл қалайша болып тұр: біз әрқайсымыз бұлардың өз тілдерімізде сөйлегенін естіп тұрмыз?!

9Арамызда парттар, мидиялықтар және еламдықтар бар, Месопотамия, Яһудея және Қападоқияда, Понтус пен Азия,

10Фрүгия мен Памфүлия аймақтарында, Мысырда және Либияның Күренеге жақын өлкелерінде тұратындар бар; арамызда Римнен келген қонақтар — яһудилер және яһуди дініне кіргендер, сондай-ақ,

11криттіктер мен арабтар да бар. Бірақ әрқайсымыз мына кісілердің Құдайдың ұлы істерін өз тілдерімізде жариялап жатқанын естіп тұрмыз!»

12Бәрі аң-таң болып не істерін білмей, бір-бірінен: «Бұл нені білдіреді екен?» — деп сұрасты.

13Ал кейбіреулері мысқылдап: «Сірә, олар тәтті шарапқа тойып алған шығар», — деді.

Елші Петірдің жиналған көпшілікке Ізгі хабарды жеткізуі

14Сонда Петір өзге он бір елшімен бірге орнынан тұрып, қатты дауыспен халыққа былай деп сөйлеп кетті:

— Уа, халайық, яһудилер және Иерусалимде тұрып жатқан сендердің барлығың! Сендерге мұның мәнісін түсіндірейін, сөзіме құлақ түріңдер!

15Бұлар сендер ойлағандай ішіп алған емес, қазір уақыт таңертеңгі тоғыз ғой.

16Қайта, ежелде Жоел пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер енді орындалып жатыр:

17Осы заманның аяғында Мен өз Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне құямын, — дейді Құдай. — Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, жас жігіттерің аян, қарттарың түс көреді.

18Сол күндері Мен тіпті құл-күңдерімнің үстіне Киелі Рухымды төгемін. Сонда олар да пайғамбарлық сөз айтады.

19Мен аспанның биігінде кереметтер жасаймын әрі төменде, жер бетінде, ғажап істер істеймін: қан, от және бұрқыраған түтін пайда болады.

20Жаратқан Иенің ұлы да салтанатты (соты) күні келердің алдында күн — қара түнек, ай — қан қызыл болады.

21Ал Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады.

22Уа, исраилдіктер, мына сөзді тыңдаңдар: Құдай сендердің көз алдарыңда назареттік Исаға зор құдіретпен кереметтер жасатқан еді. Ол солар арқылы Өзінің Исаны жібергендігіне куәлік берді. Құдай бұларды Иса арқылы араларыңда істеді, соны өздерің білесіңдер.

23Ал Иса Құдайдың еркімен және алдын ала білуімен құрбан етілді: сендер Оны Құдайға мойынсұнбаған шетелдіктердің қолымен айқышқа шегелетіп өлтірттіңдер!

24Бірақ Құдай Исаны өлім тұзағынан босатып, тірілтіп алды. Өйткені Оның өлім құрсауында қалуы мүмкін емес болатын.

25Дәуіт пайғамбар Ол туралы былай деген:

«Ықылас-ниетім әрдайым Иемде,

Оң жағымда Ол Маған жар боп келеді:

Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде.

26Содан жүрегім шаттыққа толады,

Мәз-мейрам боп тілімнен бал тамады,

Саған сенгенімнен тәнім тыншиды.

27Сен жанымды о дүниеге қимайсың,

Қасиетті Адамыңның тәнін шірітпейсің.

28Шын өмір жолын Маған көрсетесің,

Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің».

29Ағайындар, мен сендерге бабамыз Дәуіт туралы еш қаймықпай ашық айта аламын: ол дүние салып, мәйіті қабірге қойылды. Оның қабірі біздің елімізде күні бүгінге дейін сақталып келеді.

30Ал Дәуіт пайғамбар болды және оның тағына бір Ұрпағын отырғызуға Құдайдың өзіне ант еткенін білді.

31Сондықтан Дәуіт келешекке көз жіберіп, (өз Ұрпағы) Мәсіхтің қайта тірілуі туралы алдын ала айтқан болатын: Мәсіхтің жаны о дүниеге қиылмады, әрі Оның тәні шіріп кетпеді!

32Осы Исаны Құдай қайта тірілтіп алды, біз бәріміз соған куәміз!

33Иса Құдайдың құдіретімен көкке көтеріліп, Әкеден уәделі Киелі Рухты алған соң, Оны біздің үстімізге құйып сыйлады. Мұны өздерің естіп және көріп тұрсыңдар.

34Себебі Дәуіттің өзі көкке көтеріліп кеткен жоқ. Алайда ол (Забурда) былай деген ғой:

35«Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда».

36Сондықтан бүкіл Исраил халқы мынаны анық білсін: Құдай сендер айқышқа шегелеткен осы Исаны «Иеміз» және «Мәсіх» етіп тағайындады!

37Халық мұны естігенде жүректері қарс айырылып, опық жеді. Олар Петір мен басқа елшілерден:

— Ағайындар-ау, біз енді не істеуіміз керек? — деп сұрады.

38Петір оларға былай деп жауап берді:

— Әрқайсың күнәларыңның кешірілуі үшін теріс жолдан қайтып, Иса Мәсіхтің атымен шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда сендер Құдайдың сыйын — Оның Киелі Рухын қабылдайсыңдар.

39Себебі бұл уәде сендерге, балаларыңа және алыстағылардың бәріне: Құдайымыз — Жаратқан Ие шақыратын барлығына да арналған. —

40Петір тағы көптеген сөздермен оларға: — Мына азғын ұрпақтың арасынан шығып, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылыңдар! — деп жалына ескертті.

41Петірдің сөзін қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті. Осылайша бұл күні қауымға үш мыңдай адам қосылды.Мәсіхке сенушілердің қауымдық өмірі

42Сенушілер елшілердің беріп жүрген тәлімін, өзара қарым-қатынастарын, нан үзу рәсімін және Құдайға сиынуды берік ұстанып, жалғастыра берді.

43Елдің бәрін үрей биледі, себебі елшілер арқылы Құдайдың құдіретін көрсеткен көптеген керемет істер болып жатты.

44Мәсіхке сенушілердің барлығы біртұтас қауым болып, заттарын ортақ ұстады;

45иеліктеріндегі жер танаптары мен дүние-мүліктерін сатып, содан түскен қаржыдан әркімге керегінше беріп отырды.

46Олар күн сайын ғибадатханада ниеттес көңілмен бірге болды; сонымен қатар өз үйлерінде де бас қосып, нан үзу рәсімін орындап, ақпейілмен қуана бірге тамақ ішіп отырды,

47әрі Құдайды мадақтап дәріптеді. Бүкіл халық оларды ұнатты, ал Иеміз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help