Зәкәрия 4 - Киелі кітап(QazBi2010)

Бесінші көрініс: алтын шам қойғыш пен екі зәйтүн ағашы

1Менімен сөйлескен періште қайтып келіп, мені оятқандай сілкіп қалды.

2Ол менен:

— Не көріп тұрсың? — деп сұрады. Мен жауап беріп былай дедім:

— Бір алтын шам қойғышты көріп тұрмын. Оның төбесінде майға арналған тостағаны және жеті май шамы әрі соларға байланған жеті түтікшесі бар.

3Сондай-ақ, майға арналған тостағанның оң және сол жақтарында тұрған екі зәйтүн ағашын көріп тұрмын.

4Мен өзіммен сөйлескен періштеден:

— Мырзам, бұлар не екен? — деп сұрадым.

5Ол маған:

— Бұлардың не екенін сен білмейтін бе едің? — деген сауал қойды. Мен оған:

— Жоқ, білмеймін, мырзам, — дедім.

6Ол маған былай деп түсіндірді:

— Жаратқан Иенің Зоробабелге арнаған сөзі мынау: Күш-қуатпен де емес, билік күшімен де емес, тек Менің Рухыммен ғана табысқа жетесің! — дейді Әлемнің Иесі. —

7Мына заңғар тау не өзі? Зоробабелдің алдында заңғар тау іспетті зор қиыншылықтар жазықтай тегіс болады. Зоробабел ғимараттың соңғы тасын орнатқанда халық: «Нендей мейірім! Не деген рақым!» деп дауыстап мадақтайтын болады.

8Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап:

9«Осы киелі үйдің іргетасын Зоробабелдің өзі қалаған еді, оны бітіретін де өзі болады, — деді. — Осылайша Әлемнің Иесінің мені өздеріңе жібергенін анық білетін боласыңдар.

10Ұсақ-түйек істер істеліп үлгерілген күнді кім менсінбейді? Болашақта адамдар Зоробабелдің қолына тіктегішін алып, құрылысқа кіріскенін көрген кезде қуанатын болады. Ал әлгі жеті май шамы бүкіл жер бетіне көз салып бәрін де көріп тұратын Жаратқан Иенің «көздерін» білдіреді».

11Мұнан кейін мен періштеден:

— Шам қойғыштың оң және сол жақтарындағы екі зәйтүн ағашы нені білдіреді? — деп сұрап,

12тағы да мына сауалды қойдым: — Алтын түсті зәйтүн майын шам қойғышқа қарай ағызатын екі алтын түтікшенің жанында екі зәйтүн бұтағы бар. Олар нені білдіреді? —

13Періште менен:

— Бұлардың не екендігін сен шынымен білмейсің бе? — деп сұрады. Мен:

— Жоқ, білмеймін, мырзам! — деп жауап бердім.

14Сонда ол маған:

— Құдай осы екеуін Өзіне, бүкіл жер бетінің Иесіне, қызмет етуге май жағу рәсімінен өткізіп тағайындап қойған, — деді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help