Забур жырлары 67 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдың Синайдан Сионға барған жеңімпаз жолы

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің әні әрі жыры.)

2Құдай көтеріліп, жауларын шашыратсын,

Оны жек көретіндер алдынан қашсын.

3Түтіннің желмен ыдырайтыны сияқты,

Уа, Құдайым, жауларыңды ыдыратшы,

Балауыздың отқа еритіні іспетті,

Зұлымдарды алдыңнан құртып жіберші.

4Бірақ әділдер болса, шаттана ән салсын,

Құдай алдында күліп мәз-мейрам болсын.

5Біздің Құдайымызға ән айтыңдар,

Оның есімін дәріптеп жырлаңдар,

Бұлттармен жүретін Оны мадақтаңдар,

Жаратқан Ие — Оның аты, біліп алыңдар,

Көз алдында шат-шадыман болыңдар.

6Құдай әке болады жетімдерге,

Қорғаушы болады жесірлерге,

Тағында отыр Ол киелі мекенінде,

7Жалғыз жандарға жанұя сыйлайды,

Тұтқынды босатып, шаттыққа бөлейді,

Ал қыңырды қапырық шөлге тастайды.

8О, Құдай, халқыңды Мысырдан бастап шыққанда,

Айдалада оны ертіп жүріп отырғаныңда,

9Жер сілкініп, аспаннан жаңбыр қатты құйылды,

Уа, Құдай, көз алдыңда Синай тауында,

Исраил сиынған Өзіңнің алдыңда.

10Уәделі еліңе, я, Құдай, нөсер жаудырдың,

Кеуіп қалған жерді қайтадан жандандырдың,

11Рақыммен халқыңды елде қоныстандырдың,

Уа, Тәңірім, сол кедейлерді Сен қамқорладың.

12Жаратқан Ие мынаған бұйрық шығарды,

Көптеген қыз-келіншек оны хабарлады:

13Жау әскері басшыларымен қашып кетеді,

Ауылдағы әйел заты олжаны бөліседі,

14Мал бағып қораларында қонған солар

Күміс оранып кептер қанатына ұқсар,

Алтын әшекей тағып, мамықтай құлпырар.

15Құдіретті Құдай патшаларды шашыратты,

Салмон тауында соққан ақ боранға ұқсатты.

16Құдай жаратқан керемет — Башан тауы,

Шыңдары заңғар биік — Башан тауы.

17Зәулім шыңдар, қызғанасыңдар не үшін

Құдай тұруға таңдап алған Сион тауын,

Жаратқан Иенің мәңгі мекендейтін тауын?

18Құдайдың күймелері сан мыңдаған,

Араларында Иеміз шайқасқа аттанған,

Киелі үйіне көшіп келді Синайдан.

19Сен заңғар биікке көтерілдің,

Көптеген тұтқындарды ертіп жүрдің,

Адамдардан тартулар қабылдадың,

Бас көтергендерден де сыйлықтар алдың,

Құдай Иенің мұнда тұруы үшін.

20Әрдайым Иеміз мадақталсын,

Құтқарушы Құдайымыз даңқталсын:

Жүгімізді көтеріп жүр Ол күн сайын,

Құдайдың Өзі — бізді аман сақтайтын.

21Құдайымыз бізді қорғап-қолдайды,

Жаратушы Тәңір Ие ажалдан сақтайды.

22Құдай жауларының басын талқандайды,

Соғысқұмар, қыңыр қылмыстыларды жояды.

23Сол жауыздар жайлы Иеміз былай деген:

«Оларды Башан тауынан да алып келем,

Теңіздің ар жағынан да қайтарып әкелем.

24Сонда аяқтарың жаудың қанын басады,

Әрі иттерің қанды жалап тойынады».

25Уа, Құдай, Сенің салтанатты шеруің,

Киелі тұрағыңа Сенің кіруің

Көрінеді бар жұртқа, о, Патшам, Құдайым.

26Әншілер жүр алдында, аспапшылар соңында,

Даңғыра ойнаған қыздар араларында:

27«Жиындарда Құдайымызды мадақтаңдар,

Исраилдің ұрпақтары, Иемізді даңқтаңдар!»

28Кенже Бунямин руы бастап келеді,

Яһуда басшыларының тобы ереді,

Забулон, Нафталим басшылары да жүреді.

29Уа, Құдай, күш-қуатыңды жинашы,

Бұрын көрсеткен құдіретіңді танытшы,

30Иерусалимдегі ғибадатханаңа бола

Патшалар Саған сый-тарту әкеледі сонда.

31Жау халықтарды сөгіп жуасытшы:

Перғауын — қамыстағы хайуан сияқты,

Ал бұзаудай күшсіз ұлттар арасындағы

Бұқалар табынындай — оның әміршілері,

Олар күмістен салық талап етеді.

Соғысқұмар ұлттарды тарқатып жіберші!

32Мысырдан жіберілген мырзалар келеді,

Құш елі де қол созып Құдайға көнеді.

33Жердегі патшалықтар, Құдайға ән салыңдар,

Иемізді мадақтап ән-жыр айтыңдар,

34Дәріптеп ежелден аспанда жүрген Иемізді,

Тыңда, зор даусымен Ол күркірейді.

35Хабарлаңдар Құдайдағы құдіретті!

Исраилдің үстінде Оның салтанаты,

Әрі бұлттардан жоғары күш-қуаты.

36Құдай киелі үйінде үрей туғызады,

Исраилдің Құдайы халқын нығайтады.

Лайым Құдай мадақтала берсін!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help