1Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің қайтып келуі мен біздің Оның қасына жиналуымызға байланысты сендерден мынаны өтінеміз:
2кейбіреулер «Иеміз Мәсіхтің келетін күні болып қалған екен» деген лақапты таратса, сендер бірден абыржып, қорқып қалмаңдар! Олар осы жайлы аян көрдік, не (Құдайдан) хабар жетті, не бізден хат алдық десе де, бәрібір иланбаңдар!
3Ешкім сендерді амалын тауып алдап кетпесін. Себебі Иеміз келер алдында адамдар Құдайдан бас тартып, опасыздық жасайды, әрі әділетсіздіктің қолдаушысы, кейін мүлдем құритын кісі пайда болады.
4Ол Құдайға және Оның ұлылығын білдіретін бар нәрсеге қарсы тұрып, өзін олардан жоғары қояды, тіпті Құдайдың киелі үйінде отырып алып, өзін «құдаймын» деп жариялайды.
5Қастарыңда болған кезімде менің осыны айтып отырғаным естеріңде емес пе?
6Күні бүгінге дейін сол кісіні қандай күш шығармай ұстап тұрғанын білесіңдер. Себебі оған белгіленген уақыт бар.
7Әрине, адамдарды Құдайдың заңына қарсы тұрғызатын құпия күштер қазірдің өзінде әрекет етуде! Бірақ соларды ашық шығармай, ұстап тұрған қасиетті күшті алдымен Құдай алып тастауы керек.
8Оның заңына қарсы тұрушы кісі содан кейін шығады. Алайда оны Иеміз Иса қайтып келіп, бәріне салтанатты түрде көрінгенде, аузынан шыққан леппен-ақ мүлдем жояды.
9Ал Құдайдың заңына қарсы тұрушы кісі келгенде, шайтанның әрекетіне сай зор күш-қуат, әр түрлі алдамшы ғажайып істер мен кереметтер көрсетпек.
10Ол кейін құритындардың бәрін күллі жамандықтармен тура жолдан адастырады. Себебі олар өздерін құтқара алатын шындықты ұнатпай, оны жүректеріне жолатпады.
11Сондықтан да Құдай оларды өтірікке иланып, түзу жолдан оп-оңай адасатын қылып қояды.
12Сонымен шындыққа сенбей, әділетсіздікке құмартқандардың бәрі сотталатын болады.
Елшілердің сенушілерді жігерлендіріп, бата беруі13Иеміз сүйген қымбатты бауырластар, сендер үшін Құдайға үнемі алғыс айтуға міндеттіміз. Себебі Ол сендерді Киелі Рухының арқасында Өзіне бағышталып қасиетті өмір сүріп, әрі шындыққа сеніп құтқарылуларың үшін әуел бастан таңдап алған еді.
14Біздің сендерге уағыздаған Ізгі хабарымыз арқылы Құдай сендерді Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатты ұлылығынан үлестеріңді алуға да шақырды.
15Сондықтан, бауырластар, сенімдеріңе берік, табанды болып, біздің ауызша және жазбаша үйреткен тәлімімізден таймаңдар.
16Лайым бізді сүйетін, әрі рақымын төгіп, мәңгілік жұбаныш пен үзілмес үміт берген Иеміз Иса Мәсіх пен Құдай Әкеміз
17жүректеріңді жігерлендіріп, сендерге іс жүзінде де, сөз жүзінде де ізгілік жасауға күш бергей.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
