Аян 17 - Киелі кітап(QazBi2010)

Айуанға мінген опасыз әйел

1Жеті тостағаны бар жеті періштенің бірі қасыма келіп, маған былай деді:

— Жүр, мен саған көптеген сулардың үстінде отырған «аты шулы опасыз әйелдің» сотталып, жазалануын көрсетейін.

2Жер бетіндегі патшалар онымен азғындыққа түсті. Күнәкар дүниенің тұрғындары «опасыз әйелдің шарабынан» мас болып, оның азғындығына мүлдем берілді.

3Сонда мен Киелі Рухқа ерекше бөленіп, періште мені айдалаға апарды. Сол жерде бір ал қызыл айуанның үстінде отырған әйелді көрдім. Айуанның жеті басы мен он мүйізі болды. Оның тұла бойында Құдайды қорлайтын атаулары жазылған екен.

4Әйел алтынмен, қымбат тастар және інжу-маржанмен әшекейленген, қою күлгін және ал қызыл түсті киім киіпті. Ол қолына өзінің жексұрын, былғаныш қылықтарын бейнелейтін нәрселерге толы алтын тостаған ұстап отырды.

5Ал маңдайында «Құпия: ұлы Бабыл, әлемдегі барлық опасыздық пен жексұрындық жасайтындардың анасы» деген атағы жазулы тұрды.

6Мен әйелдің Құдай халқының қанынан мас болғанын көрдім. Ол Исаға адал болып қалғандықтан шейіт болғандардың төгілген қанын ішкен еді. Әйелді көргенде қатты таңғалдым.

7Періште:

— Сен неге таңғалдың? — деп сұрады. — Саған әйелдің және оны көтеріп жүрген жеті басты, он мүйізді айуанның құпия мәнін айтып берейін:

8сен көрген айуан бір рет өмір сүрді. Ол қазір өмір сүрмесе де, түпсіз тұңғиықтан шықпақшы. Ал кейін ол құртылып кетпек. Күнәкар дүниенің тұрғындары, яғни әлемнің жаратылған кезінен-ақ «Мәңгілік өмір кітабына» есімдері жазылмаған адамдар, айуанға қарайды. Олар оның бір рет өмір сүріп, қазір өмір сүрмей, ал кейін қайтадан пайда болатынына таңғалады.

9Бұл дана ой-сананы қажет етеді. Жеті бас әйел отырған жеті төбені бейнелейді. Олар, сондай-ақ, жеті патшаны да астарлап білдіреді.

10Солардың бесеуі тақтан құлаған, тағы біреуі қазір билік құрып отыр, ал соңғысы әлі келген жоқ. Ол келгенде азғана уақыт билік құратын болады.

11Бір кезде өмір сүрген, ал қазір өмір сүрмейтін айуанның өзі — сегізінші патша. Ол да әлгі жетеудің сапында болып, құрып кетпек.

12Сен көрген он мүйіз әлі билік құрмаған он патшаны білдіреді. Оларға айуанмен бірге қысқа уақытқа патшалық билік берілмек.

13Осы онның мақсаты біреу-ақ: олар өздерінің күш-қуаты мен билігін айуанға аманаттап,

14Тоқтыға қарсы соғысқа шығады. Бірақ Тоқты оларды жеңіп шығады. Себебі Ол — «иелердің Иесі, патшалардың Патшасы»! Ал қасындағылар — Оның шақырылып, таңдалған, адал ізбасарлары.

15Періште маған тағы да тіл қатып былай деді:

— Сен опасыз әйел үстінде отырған суларды көрдің. Бұлар ұлттар мен халықтарды, тайпалар мен тілдерді белгілейді.

16Сен көрген он мүйіз де, айуан да опасыз әйелді жек көреді. Сондықтан олар оны елсіз-күйсіз, тыр жалаңаш қалдырып, талан-таражға салады, оның тәнін жалмап, қалдықтарын өртеп тып-типыл етпек.

17Себебі Құдай олардың жүректеріне әсер етіп, өз мақсатын орындатады: оларға өзара келісіп, Құдайдың айтқандары іске асқанға дейін өз биліктерін айуанға аманаттау тілегін дарытты.

18Сен көрген әйел күнәкар дүниедегі патшаларға үстемдік жүргізетін ұлы Бабыл қаласын бейнелейді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help