1Араларыңда азғындық — тіпті басқа ұлттардың адамдары жасамайтын азғындық бар деген шүбәсіз хабар маған да жетті: араларыңдағы біреуің әкесінің жұбайымен көңілдес екен.
2Ал сендер көкіректеріңді көтересіңдер! Оның орнына қайғыланып, осындай қылықты жасағанды орталарыңнан шығарып тастағандарың дұрыс болар еді!
3Тәнім алыста болғанмен, рухыммен орталарыңдамын. Сондықтан мен араларыңда жүргендей, осыны істеген күнәкарға үкім шығарып қойдым:
4сендер Иеміз Иса Мәсіхтің атынан жиналыңдар, мен де рухыммен орталарыңда боламын. Сонда Иеміз Исаның билігімен
5әлгі адамды ескі күнәкар болмысын әлсірету үшін қауымнан шығарып, шайтанның қолына тапсырыңдар. Осылай ол теріс жолынан қайтып, жаны Иеміз қайта оралатын күні құтқарылсын.
6Мақтанғандарың еш дұрыс емес. «Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытады» дегенді білмейсіңдер ме?
7«Ескі ашытқыдай» (күнә атаулыны) араларыңнан шығарып тастаңдар! Сонда «жаңа қамырдай» рухани таза боласыңдар. Өйткені Құтқарылу мейрамына құрбандыққа шалынған тоқтылар іспетті, Мәсіх біздер үшін өмірін құрбан етті. Сол арқылы сендер жаңа, пәк таза адам болдыңдар.
8Сондықтан да бұрынғы зұлым да сұрқия әдеттеріміздің «ескі ашытқысынан» арылып, қасиетті өмір кешіп, адалдық пен ақиқаттың «тәтті нанының» дәмін татып, тойлайық!
9Өткендегі хатымда сендерге «Азғындармен араласпаңдар!» деп жазған болатынмын.
10Онда мен осы дүниелік азғын, дүниеқоңыз, қарақшы немесе жалған тәңірлерге құлшылық етуші адамдарды ойлаған жоқпын. Әйтпесе бұ дүниеден түгелдей безіп кетуге тиіс болар едіңдер ғой.
11Алайда өзін сенімдегі бауырласпын деп атағанмен, азғын, дүниеқоңыз, жалған тәңірлерге құлшылық етуші, өсекші, маскүнем немесе алаяқ болып жүрген ешкіммен де араласпауларың керек. Мұндайлармен тіпті дастарқандас та болмаңдар.
12Қауымнан сырт адамдарды соттау біздің шаруамыз ба? Неге ішіндегілердің күнәларын тергемейсіңдер?
13Сыртта жүргендердің үкімін Құдай шығарады. Ал өздерің «зұлымдық жасайтынды араларыңнан аластатыңдар!»
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
