1Неге халықтар жатыр бас көтеріп,
Ұлттар іске аспайтын жоспарлар құрып?
2Жаратқан мен Оның қойған патшасына
Әлемнің патшалары қарсы тұрып,
Әкімдер кеңесіп жатыр бірігіп:
3«Бізге салған шынжырларын сындырып,
Бұғауларынан құтылайық лақтырып!»
4Көктегі тағында отырған Құдай күледі,
Солардың ойларын Жаратқан келекелейді,
5Содан ашулана зекіп, тіл қатады,
Қаһар шашып, зәрелерін ұшырады:
6«Киелі тауым Сионда Мен Өзім
Осы патшамды тағайындаған едім!»
7Паш етейін Жаратқанның жарлығын:
«Рухани ұлымсың, — деді Ол маған.
— (Өзіңді патшалыққа тағайындап)
Мен бүгінгі күні Әке болдым саған.
8Менен сұра, сонда иелігіңе сенің
Халықтарды мәңгілікке беремін,
Шартарапты қол астыңа өткіземін.
9Сен жауларды темір таяқпен ұрасың.
Лақтырып сындырғандай қыш ыдыстарын,
Талқандап құртасың өз қиқарлықтарын».
10Енді, патшалар, ақылға келіңдер,
Әлемнің билері, шындықты түсініңдер!
11Жаратқан Иені терең қастерлеңдер,
Қуана бой ұрып қызмет етіңдер!
Һәм дірілдеп күнәдан шошыныңдар,
12Ұлының аяғын сүйіп бағыныңдар!
Әйтпесе Ол кәрленіп, көздеріңді құртпақ,
Ашуы лезде жалындай лауламақ.
Ал Оған сенгендер бақытты болмақ.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
