1Солтүстіктегі Хасор қаласының патшасы Ябин оңтүстік қалаларының күйрегендері туралы естігенде, мына патшалар мен халықтарға жедел хабар жіберді: Мадонның патшасы Жобабқа, Шимрон мен Ахшаптың патшаларына,
2әрі солтүстіктегі таулы аймақта, Кінерет көлінің оңтүстігіндегі Иорданның алқабында, батыстағы төменгі қыраттарда және батыс жақтағы таулы Дорда билік құрған патшаларға,
3сондай-ақ, шығыс пен батыс қанахандықтарға, аморлықтарға, хеттіктерге, перездіктерге, таудағы ебустіктерге және Хермон тауының етегіндегі Миспаның маңында тұратын хевтіктерге. (Осылардың бәріне Ябин патша хабар жіберіп оларды Исраил халқына қарсы соғысуға шақырды.)
4Сонда бұл патшалар барлық сарбаздарын әрі көптеген аттары мен соғыс күймелерін ертіп шайқасқа аттанды. Олардың жасақтары жиналғанда саны теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай шексіз көп болды.
5Осы патшалардың бәрі Исраилге қарсы шайқасу үшін Мером су көздерінің маңында жиналып, қостарын тікті.
6Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Олардан қорқушы болма! Ертең осы уақытта Мен Өзім осылардың барлығын Исраилдің алдында қырып-жоямын. Олардың аттарының тілерсектерін қиып, соғыс күймелерін өртеп жібер!»
7Содан Ешуа барлық жасақшыларын ертіп Мером су көздеріне аттанып, сол жауларынан тұтқиылдан тап берді.
8Жаратқан Ие оларды Исраилдің қолына тапсырып, исраилдіктер оларға күйрете соққы берді; оларды үлкен Сидон қаласына дейін, әрі Мисрепот-Майымға және шығыстағы Миспа аңғарына дейін қуып барып, бірде-бір тірі жан қалдырмай қырып-жойды.
9Ешуа Жаратқан Иенің айтқанын жүзеге асырып олардың аттарының тілерсектерін қиып, соғыс күймелерін өртеп жіберді.
10Мұнан кейін Ешуа кері бұрылып, Хасор қаласын қолға түсіріп, патшасын семсермен өлтірді. Себебі Хасор (Исраилге қарсы соғысқан) осы патшалықтардың басы болған еді.
11Исраилдіктер бүкіл қала тұрғындарын бірде-бір тірі жан қалдырмай семсердің жүзімен қырып-жойып, Хасор қаласын түгелдей өртеп жіберді.
12Сонымен қатар Ешуа сол өзге патшаларды және олардың қалаларының бәрін де қолға түсірді. Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса бұйырғандай, Тәңір Иенің қарғысына ұшыраған оларды семсердің жүзімен қырып-жойды.
13Ал исраилдіктер төбе бастарында орналасқан бұл қалалардың тек Ешуа өртеп жіберген Хасордан басқа ешқайсысын өртеген жоқ.
14Исраилдіктер сол қалалардың мал-мүлкін олжалады, бірақ олардың адамдарын бірде-бір тірі жан қалдырмай семсердің жүзімен құртты.
15Жаратқан Ие Өзінің қызметшісі Мұсаға бұйырғандарды Мұса Ешуаға тапсырған еді. Ешуа соларды жүзеге асырып, Жаратқан Иенің Мұсаға берген бірде-бір бұйрығын орындаусыз қалдырған жоқ.
Ешуаның жеңістерінің нәтижесі16Осылай Ешуа мына елдің барлығын да қолға түсірді: (Яһудадағы) таулы жерді, оңтүстіктегі Негевте орналасқан күллі елсіз даланы, (соның шығыс жағындағы) Гөшен қаласының бүкіл жерін, батыстағы төменгі қыраттарды, Иорданның алқабын, (солтүстік) Исраилдің таулы аймағы мен төменгі қыраттарын.
17Бұл жер (оңтүстіктегі) Сейірге қарай өрлеп баратын жолдағы Халақ тауынан бастап, Хермон тауының түбінде орналасқан Ливан аңғарындағы Бағал-Ғадқа дейін созылды. Ешуа ондағы барша патшаларды қолға түсіріп, көздерін құрту үшін,
18олармен ұзақ уақыт соғыс жүргізді.
19Гибеон қаласын мекендейтін хевтіктерден басқа бірде-бір қала исраилдіктермен бейбітшілік келісімін жасаған жоқ. Өзге қалалардың барлығы күшпен алынды,
20өйткені Жаратқан Иенің Өзі жүректерін қасарыстырып қойғандықтан, олар Исраилге қарсы соғысқа шықты. Олар Жаратқан Иенің қарғысына ұшыраған соң, Оның Мұсаға бұйырғанына сай ешқандай аяусыз қырылып-жойылуға тиіс болды.
21Сол уақытта Ешуа (жасақшыларын ертіп) Хеброн, Дебир, Анаб қалаларының таулы аймағы және Яһуда мен Исраилдің барлық басқа тауларына аттанды да, сонда тұратын Анақтың алып ұрпақтарының көзін құртты. Исраилдіктер Тәңір Иенің қарғысына ұшыраған солардың өздерін де, қалаларын да қырып-жойды.
22Содан исраилдіктердің жерінде Анақтың ұрпақтарының ешқайсысы қалмай, тек Газа, Ғат пен Азот қалаларында тұратындары ғана тірі қалды.
23Осылай Ешуа Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғандарының барлығына сәйкес бүкіл елді иемденіп алды. Оны исраилдіктерге өздері жататын рулары бойынша мұралық меншіктеріне үлестіріп берді.
Сонымен соғыс бітіп, елде тыныштық орнады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.