Шежірелер 2-ж. 19 - Киелі кітап(QazBi2010)

Пайғамбардың Жосапатты әшкерелеп ескертуі

1Ал Яһуда елінің патшасы Жосапат Иерусалимдегі сарайына аман-есен қайта оралды.

2Сонда Ханани ұлы Еху атты пайғамбар оның алдынан шығып, былай деді: «Зұлым адамды қолдап, Жаратқан Иені жек көретіндерді жақсы көргеніңіз дұрыс па?! Осыны істегеніңіз арқылы өзіңізге қарсы Жаратқан Иенің қаһарын туғыздыңыз.

3Алайда сізден біраз жақсылық та табылды. Сіз Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды елден құртып жоқ қылдыңыз, әрі шын жүректен Құдайға бет бұрып сиынған едіңіз», — деді.Жосапаттың халықты тура жолға шақырып, төрешілер тағайындауы

4Мұнан кейін Жосапат патша астанасы Иерусалимде тұрып қалды. Дегенмен патша жолға шығып, оңтүстіктегі Бер-Шебадан солтүстіктегі Ефремнің қыратты жеріне дейін тұратын халқын аралап та отырды. Оларды ата-бабаларының Құдайы Жаратқан Иеге кері қайтып, Оған ғана бағышталуға шақырды.

5Патша бүкіл елдегі бекіністі қалаларда төрешілер тағайындап,

6оларға былай деп бұйырды: «Істейтін істеріңе мұқият көңіл бөліп жүріңдер! Себебі адамның емес, Жаратқан Иенің атынан төрелік етесіңдер. Сендер үкім шығарған кезде Жаратқан Ие қастарыңда болады.

7Сондықтан Жаратқан Иені терең қастерлеп, зұлымдық атаулыдан шошыныңдар! Іс-әрекетеріңе мұқият назар аударыңдар! Біздің Құдайымыз Жаратқан Ие әділетсіз үкім, бет-жүзге қарау, пара алу дегеннің бірде-біреуіне төзбейді!»

8Жосапат патша, сондай-ақ, Иерусалимде бірқатар леуіліктер мен діни қызметкерлерді және Исраилдің бірнеше әулет басшыларын да төреші етіп тағайындады. Олар Жаратқан Иенің Таурат заңына байланысты және өзге де даулар жайлы шешім қабылдауға міндетті болды. Олардың қызмет көрсететін жері Иерусалим қаласы еді.

9Патша оларға нұсқау беріп былай деді: «Әрдайым Жаратқан Иені терең қастерлеп, міндеттеріңді адалдықпен және шын жүректен атқарыңдар!

10Өз қалаларында тұратын яһудалықтар сендерге қандай да бір даумен келе қалса: не төгілген қан туралы болсын, не Жаратқан Иенің Таурат заңы, өсиеттері, ережелері және шешімдері туралы болсын, оларға: «Жаратқан Иеге қарсы күнә жасамауларың керек!» деп қатты ескертіңдер! Әйтпесе Оның қаһары сендерге және сол адамдарға төнеді. Ал осылай істейтін болыңдар, онда кінәлі болмайсыңдар.

11Жаратқан Иенің Таурат заңына байланысты барлық мәселелерді шешуде сендерге бас діни қызметкер Амариях жетекші болады. Ал патшаға байланысты барлық мәселелерді шешуге Яһуданың рубасысы Ысмағұл ұлы Забадиях басшылық етеді. Леуіліктер сендерге басқару жағынан көмек көрсететін болсын. Батылдықпен әрекет етіңдер! Жаратқан Ие ізгілік істеушілерге жар болсын!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help