1Мұса мен Һаронның бастауымен өз топтары бойынша Мысыр елінен шыққаннан кейін исраилдіктер көшіп-қонып жүрген сапарында төмендегі жерлер арқылы өтті.
2Мұса Жаратқан Иенің бұйрығымен көшіп-қонып жүрген жолдарында өздері аялдаған жерлердің аттарын жазып алып отырды. Солар мыналар еді:
3Бірінші айдың он бесінші күні, құтқарылу мейрамынан кейінгі келесі күні исраилдіктер мысырлықтардың көз алдында Рамсес қаласынан нық сеніммен алға басып шықты.
4Жаратқан Ие мысырлықтардың барлық тұңғыштарын қырғынға ұшыратқандықтан, олар сол күні тұңғыштарының мәйіттерін жерлеп жатты. Себебі Жаратқан Ие олардың жалған тәңірлеріне Өзінің үкімін жүзеге асырған еді.
5Исраилдіктер Рамсестен көшіп шығып, Соқотқа жетіп, қостарын тікті,
6олар сол жерден шығып, айдаланың шет жағындағы Етамға барып тоқтады.
7Халық Етамнан шығып, Бағал-Сефонның шығысындағы Пи-Һахиротқа қарай кері бұрылды да, Миғдолдың маңында аялдады.
8Кейін олар Пи-Һахироттан шығып, Қамысты теңізден өтіп, арғы жақтағы иен далаға жетті. Олар Етамның жанындағы айдаламен үш күн жол жүріп, Мараға барып аялдады;
9Марадан шығып, Елимге жетіп тоқтады. Сол шұратта он екі су көзі, жетпіс құрма ағашы болды.
10Кейін халық Елимнен шығып, Қамысты теңіздің жағасына жетіп, қостарын тікті;
11бұл жерден шығып, олар Сін атты елсіз далаға барып аялдады.
12Халық сол даладан шыққаннан кейін Допқаға,
13Допқадан шығып, Алушқа,
14Алуштан шығып, Рефідимге жетіп тоқтады. Сол жерде халық ішетін ауыз су болмады.
15Олар Рефідимнен шығып, Синай атты елсіз далаға жетіп тұрақтады.
16Кейін халық сол даладан шығып, Қиброт-Хатауаға,
17сол жерден шығып, Хасиротқа,
18Хасироттан шығып, Ритмаға жетіп, қостарын тікті.
19Олар Ритмадан шығып, Римнон-Пәреске,
20сол жерден шығып, Либнаға,
21Либнадан шығып, Риссаға,
22Риссадан шығып, Кеһелатаға жетіп аялдады.
23Сол жерден олар Шәфер тауына барып,
24Шәферден Харадаға жетіп,
25Харададан Макехелотқа,
26Макехелоттан Тахатқа,
27Тахаттан Тарахқа барып, қонды.
28Сол жерден Митқаға,
29Митқадан Хашмонаға,
30одан Мосеротқа,
31Мосероттан шығып, Бене-Яқанға жетіп, аялдады.
32Бене-Яқаннан Хор-Агидгадқа,
33содан Жотбатаға,
34Жотбатадан Абронға барып тоқтады.
35Аброннан шығып, Есион-Гәберге,
36сол жерден қайтадан Сін атты елсіз далаға жетіп тоқтады. Сол аймақ Қадеш деп те аталады.
37Қадештен шыққаннан кейін халық Едом елінің шетіндегі Һор тауына жетіп тұрақтады.
38Діни қызметкер Һарон Жаратқан Иенің айтқанына сәйкес Һор тауына көтеріліп, сол жерде көз жұмып дүние салды. Бұл, исраилдіктердің Мысыр елінен шыққаннан кейінгі қырқыншы жылдың бесінші айының бірінші күні болды.
39Дүние салғанда Һаронның жасы жүз жиырма үште еді.
40Сол кезде Қанахан елінің оңтүстік (Негев) бөлігінде тұрып жатқан Арадтың қанахандық патшасы исраилдіктердің көшінің елге жақындап қалғаны туралы естіді.
41Халық Һор тауынан шығып, Салмонаға,
42одан Пунонға,
43Пуноннан Оботқа,
44Моаб елінің шекарасындағы Ие-Абаримге жетіп тоқтады.
45Сол жерден олар Дибон-Ғадқа,
46одан Алмон-Диблатаимға,
47содан Абарим қыратындағы Небо тауына жетіп, қостарын тігіп тұрақтады.
48Халық Абарим қыратынан шыққаннан кейін Иерихонға қарама-қарсы, Иордан өзенінің жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарына жетіп қонды.
49Сонда олар Моабтың елсіз алқаптарында Иордан өзенін бойлап Бет-Ешимоттан Әбел-Ситтимге дейінгі аралықта жайғасты.
Уәделі елді иемдену жайлы нұсқаулар50Жаратқан Ие сол жерде, Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында, Мұсаға тіл қатып былай деді:
51«Исраилдіктерге мынаны айт: Сендер Иордан өзенінен өтіп, Қанахан еліне кірген кезде
52елде тұрып жатқандардың барлығын қуып шығып, олардың ойып жасаған және балқытып құйған тәңір мүсіндерінің бәрін де жойып, жоқ қылыңдар! Биіктеу жерлердегі табыну орындарын да талқандап қиратыңдар!
53Елді иемденіп, сонда қоныстаныңдар, себебі Мен сол елді сендердің иеліктеріңе беріп қойғанмын.
54Оның жерін жеребе тастап әулеттерің бойынша өзара бөлісіп алыңдар. Халқының саны көп әулетке көбірек, ал халқының саны аз әулетке азырақ жер берілетін болсын. Жеребе бойынша кімге қай жер үлесіне тиген болса, сол жер онікі болады. Жерді сендердің ата-бабаларыңнан тараған руларың бойынша бөлісіп, мұралық меншіктерің ретінде иемденіп алыңдар.
55Ал егер елдің тұрғындарын қуып жібермесеңдер, онда елде қалып қойғандары көздеріңе тікендей кіріп, денелеріңе жаңқадай қадалып, қоныстанған сол елдеріңде сендерге жәбір көрсететін болады.
56Сонда Мен оларға істемек болғандарымды сендердің өз бастарыңа түсіремін».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.