1Яһуданың бүкіл халқы он алты жасар патшазада Ұзияхты әкесі Амасияхтың орнына патша етіп тағайындады.
2Кейін Ұзиях (Қызыл теңіздің шығанағындағы) Елат қаласын қайтадан Яһуда еліне қосып, салғызды. Бұл әкесі Амасиях патша көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелген кезден кейін болды.
3Ұзиях патша болған кезде жасы он алтыда еді. Ол Иерусалимде елу екі жыл бойы билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехолия болатын.
4Әкесі Амасиях (алғашқыда) істегендей, Ұзиях та Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
5Құдайды қастерлеуге үйреткен ұстазы Зәкәрия болатын. Соның көзі тірісінде патша Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркіне мойынсұнып жүрді. Содан Құдай оны жарылқап, зор табысқа жеткізді.
6Ұзиях жорыққа аттанып, філістірлермен соғысып, Ғат, Ябнех, Ашдод қалаларының қамалдарын қиратып тастады. Кейін ол Ашдод аймағында және філістірлердің қалған жерлерінде өз қалаларын салғызды.
7Патша філістірлерге, Ғұр-Бағалда тұрып жатқан арабтарға және меундіктерге қарсы күрескенде Құдай жар болып оны қолдады.
8Аммондықтар да Ұзияхқа алым-салық төлеп тұрды. Оның күшейіп кеткені сонша, атақ-даңқы Мысыр еліне дейін жайылды.
9Сонымен қатар Ұзиях Иерусалимнің Бұрыш, Аңғар қақпаларында және қала қамалының бұрылатын жерінде күзет мұнараларын тұрғызып, нығайтты.
10Батыстағы төменгі қыраттар мен жазықта өзінің меншікті малы көптеп жайылып жүрді. Содан патша елсіз далада күзет мұнараларын салғызып, көптеген құдықтар қазғызды. Ол жер өңдеуді де ұнатып, жоғарғы қыраттар мен шұрайлы жерлерде егіншілері мен жүзім өсірушілеріне жұмыс істеткізетін.
11Ұзияхтың тізімге тіркеліп, топ-топқа бөлініп, әрдайым шайқасқа дайын тұрған әскері де бар болатын. Оны тізімдеп, топтастыру жұмысын патшаның қолбасшысы Хананияхтың басшылығымен хатшы Еиел мен басқарушы Мағасиях атқарды.
12Қуатты жауынгерлер арасындағы әулеттер басшыларының жалпы саны екі мың алты жүз еді.
13Олардың қол астына үш жүз жеті мың бес жүз адамнан тұратын әскер бағынды. Бұл, патшаның әмірімен жауларына қарсы аттанатын орасан зор күш болды.
14Ұзиях бүкіл әскер үшін қалқан, найза, дулыға, сауыт, садақ жасатып, сақпанмен атуға арналған тастарды да дайындатты.
15Патша өзінің озат шеберлері ойлап тапқан жебелер мен дәу тастарды атқылай алатын соғыс құрылғыларын Иерусалимнің күзет мұнараларында және қамалының бұрыштарына орнатты. Құдайдың керемет қолдауының арқасында Ұзиях өте күшейіп, атақ-даңқы алысқа тарады.
Ұзияхтың еркінсіп күнә жасап, жазалануы16Алайда патша күшейіп алғаннан кейін кеудесін көтеріп, менменсінуді шығарды. Ол Жаратқан Иенің киелі үйіне өз бетімен кіріп, жалғыз Оған ғана бағышталған хош иісті заттарды түтетіп, Құдай Иесіне қарсы күнә жасады.
17Патшаның соңынан бас діни қызметкер Азариях Жаратқан Иенің басқа да батыл сексен діни қызметкерімен бірге кіріп,
18Ұзиях патшаға қарсы шықты. Олар: «Уа, Ұзиях, Жаратқан Иеге құрбандық ұсына алатын сіз емес, тек Һаронның ұрпағынан шығып, осы міндетке бағышталған діни қызметкерлер ғана. Киелі орыннан шыға көріңіз. Мына істеп отырғаныңыз күнә. Құдай Ие оныңызды мақұлдамайды!» — деп ескертті.
19Қолына хош иісті заттар салынған табаны ұстап, Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық үстелінің қасында тұрған Ұзиях мұны естігенде діни қызметкерлерге қатты ашуланды. Сол сәтте-ақ олардың көз алдарында Ұзияхтың маңдайында алапес ауруының дағы пайда болды.
20Бас діни қызметкер Азариях пен өзге діни қызметкерлер патшаға қарағанда оның маңдайында алапес пайда болған еді! Мұны көре сала олар патшаны сыртқа қарай тықсырып шығара бастады. Оның өзі де Жаратқан Иенің жазасына ілігіп қалғанын түсініп, тысқа шығып кетуге асықты.
21Ұзиях патша өле-өлгенше алапес күйі қала берді. Ауруы себепті ол Жаратқан Иенің ғибадатханасына кіре алмай, жеке бір үйде тұрды. Оның ұлы Жотам сарайдағы істерді басқарып, елдің халқына билік жүргізді.
22Амос ұлы Ишая пайғамбар Ұзияхтың қалған іс-әрекеттерін басынан аяғына дейін баяндап жазған.
23Ұзиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына патшалар қабірлері орналасқан алаңқайдағы мазарға қойылды, себебі ол алапес болған еді. Оның ұлы Жотам орнын басып патша болды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.