Амос 7 - Киелі кітап(QazBi2010)

Шегірткелер, от және тіктеуіш жіптің көріністері

1Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Ол шегіртке үйірлерін жасап шығарды. Бұл патшаның өнімі жиналып болып, одан кейінгі өнім көктеп шыға бастаған кезде болды.

2Шегірткелер бүкіл елдегі көкті жеп қойғанда мен:

— Уа, Жаратушы Тәңір Ие, бізді кешіре гөр! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым.

3Сонда Жаратқан Ие райынан қайтып:

— Жарайды, бұлай істемеймін! — деп шешті.

4Содан соң Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Тәңір Ие елді жазалау үшін от лаулатты. Сол от үлкен де терең теңізді және елдегі егістіктерді жалмап қойды.

5Сонда мен:

— Уа, Жаратушы Тәңір Ие, тоқтата көрші! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым.

6Сонда Жаратқан Ие райынан қайтты.

— Жарайды, бұлай да істемеймін! — деп шешті Жаратушы Тәңір Ие.

7Ол маған тағы мына көріністі көрсетті: Жасаған Ие бір тік қабырғаның жанында тұр екен. Қолында тік бағытты көрсететін, ұшына бір кесек қорғасын байланған тіктеуіш жіп бар еді.

8Жаратқан Ие менен:

— Не көріп тұрсың, Амос? — деп сұрады. Мен:

— Тіктеуіш жіпті, — дедім. Сонда Жасаған Ие маған тіл қатып былай деді:

— Мен тіктеуіш жіпті өз халқым Исраилдің ортасына орнатамын. Бұдан былай Мен олардың күнәларына шыдамдылық көрсетпеймін!

9Ысқақтың үрім-бұтағының биіктеу жерлердегі табыну орындары қаңырап бос қалады, Исраил елінің киелі табыну орындары ойрандалады! Сонда Мен семсермен Еробоғам патшаның әулетіне қарсы шығамын!

Дінбасы Амасияхтың пайғамбарға қарсы шығуы

10Ал Бетелдегі табыну орнының діни қызметкері Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғамға мынадай хабар жіберді:

— Амос Солтүстік Исраил халқының дәл ортасында сізге қарсы үгіт жүргізіп жатыр! Біздің еліміз оның айтқан барлық сөздеріне төзе алмайды.

11Өйткені Амос: «Еробоғам семсерден қаза тауып, Исраил халқы еш шүбәсіз өз елінен жер аударылады!» деп жүр.

12Мұнан кейін Амасиях Амосқа былай деді:

— Ей, көріпкел, бар! Яһуда еліне қашып кет! Наныңды сонда тауып же, пайғамбарлық сөзіңді сол жерде айт!

13Ендігәрі Бетелде пайғамбарлық сөз айтушы болма! Бетел — патшаның сиынатын киелі жері әрі бүкіл патшалықтың құлшылық ететін үйі! —

14Бірақ Амос Амасияхқа былай деп жауап берді:

— Мен жай пайғамбар емеспін, пайғамбардың шәкірті де болған емеспін. Мен мал бағып, тұт ағаштарын өсіріп, жемістерін жинаумен айналысатынмын.

15Ал Жаратқан Ие мені отардың соңынан шақырып алып, «Барып, халқым Исраилге Менің хабарымды жеткіз!» деп тапсырма берді.

16Ал енді, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Сен Маған: «Солтүстік Исраилге қарсы пайғамбарлық сөз айтпа! Ысқақтың үрім-бұтағына қарсы сөйлеме!» дейсің.

17Сол үшін Жаратқан Ие саған мынаны айтады: «Сенің әйелің қалада жезөкше болып, ұл-қыздарың семсерден қаза табады. Жеріңді басқалар өлшеуіш жіппен өлшеп бөлісіп алады. Ал сен өзің болсаң, жат жерде өлесің. Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы өз елінен жер аударылып кетеді!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help