1Бұдан кейін Сүлеймен қоладан құрбандық үстелін жасатты. Оның ұзындығы мен ені жиырма шынтақтан, биіктігі он шынтақ болды.
2Бір дәу қазанды да қоладан балқытып құйғызды. Соның сырт пішіні дөңгелек, әрі ернеуінің бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралығы он шынтақ, биіктігі бес шынтақ болды. Дәу қазанды айналдыра өлшеп шығу үшін ұзындығы отыз шынтақ жіп қолданылды. Осы дәу қазан «теңіз» деп те аталатын.
3Оның ернеуінен төменірек шағын өгіз мүсіндері бейнеленген еді. Олар әрбір шынтақ сайын он-оннан екі қатар болып қазанмен қоса құйылды.
4Дәу қазан өгіз кейіптес он екі тұғырдың үстіне орнатылды. Сол өгіз мүсіндерінің бас жақтары тысқа: үш-үштен солтүстікке, батысқа, оңтүстікке және шығысқа, ал арт жақтары қазан ортасына қарай бағытталып орналасты.
5Дәу қазанның қалыңдығы қолдың тұтамындай, ернеуі кесенің ернеуіндей, сырт кейпі лалагүл іспетті болды. Оның ішіне үш жүз күбі су сыятын.
6Патша мұнан басқа тағы он қазан жасатып, оларды бес-бестен киелі үйдің оң және сол жақтарына орнатқызды. Шалынған құрбандықтардың өртелетін бөліктерінің бәрі алдымен солардағы сумен жуылып-шайылатын. Ал діни қызметкерлердің тазару рәсімі үшін дәу қазанның суы қолданылды.
7Сүлеймен алтыннан он шам қойғыш жасатып, киелі үйдің ішіне, бес-бестен оң және сол жақтарына орнатқызды. Мұны (Мұса пайғамбарға) көрсетілген үлгіге сәйкес істеді.
8Патша он үстел де жасатып, оларды киелі үйдің ішіне, бесеуін оң, бесеуін сол жағына қойды. Сонымен қатар су не қан бүркуге арналған жүз тостағанды да алтыннан дайындатты.
9Сүлеймен діни қызметкерлерге арналған ауланы және үлкен аула мен оның қақпаларын жасатып, қақпаларды қоламен қаптатты.
10Бұдан кейін дәу қазанды киелі үйдің оң жағына, оның оңтүстік-шығыс бұрышына жақын орнатқызды.
11Соңында күлсалғыштар мен қалақтарды және тостағандарды жасатты.
Сонымен Хурам-Әби Сүлеймен патша үшін Құдайдың киелі үйіндегі жұмыстарын тамамдады. Оның жасап дайындағандары мыналар:
12екі бағана мен олардың үстіңгі иығындағы екі үлкен тостаған кейпі және соларға ілінген шынжыр тәрізді әшекейлер,
13сол шынжырларға екі қатардан ілінген анар жемісінің төрт жүз мүсіні,
14он жылжымалы тұғыр мен олардың үстіндегі он қазан,
15дәу қазан және оның астындағы өгіз мүсінді он екі тұғыр,
16күлсалғыштар мен қалақтар, шанышқылар және тағы басқа қажетті бұйымдардың бәрі.
Хурам-Әби осы айтылғандарды Сүлеймен патша үшін Құдайдың киелі үйіне арнап жылтыратылған қоладан жасады.
17Патша оларды Иордан өзенінің бойындағы Соқот пен Сартан қалаларының арасындағы жазықта саздан дайындалған қалыптарға құйғызып жасатты.
18Құйылған қоланың көп болғандығы сонша, оның салмағын ешкім анықтаған жоқ.
19Сүлеймен сондай-ақ Құдайдың киелі үйіне арналған барлық жиһаздарды да жасатты. Олар:
хош иісті заттар түтетілетін алтын жалатқан үстел,
Құдай алдына ұсынылатын нанға арналған үстел,
20саф алтыннан жасалған шам қойғыштар мен олардың май шамдары — бұлар Мұса пайғамбарға ежелде берілген ереже бойынша ең қасиетті бөлменің алдында жанып тұруға тиіс болатын —
21гүл іспетті әшекейлер, шырақтар және білте түзеткіштер, осы соңғылар сом алтыннан жасалды.
22Білте түзеткіштер, (су не қан бүркуге арналған) тостағандар, табақтар және ішіне шоқ салынатын табалар саф алтыннан жасалды. Киелі үйдің кіреберісі, қасиетті және ең қасиетті бөлмелерінің есіктері үшін де алтын қолданылды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.