1Өз өмірім маған жек көрінішті болды. Сондықтан шағымымды тежеусіз, еркін айтамын. Жан дүниемде сақталып келген ащы шерімді ақтарамын.
2Мен Құдайдан былай деп өтінемін: «Мені айыптай бермесең екен! Мені не үшін айыптайтыныңды ашық білдіре көрші!
3Маған қысым жасау Өзіңе жақсы болып көріне ме? Неліктен Өзің жаратқан менен бас тартасың, ал зұлымдардың ісіне жылы жүзбен қарайсың?
4Сенің көздерің пенденікіндей ме еді? Пенденің көргеніндей көретін бе едің?
5Сенің өмірің де пенденікіндей қысқа ма? Әлде жылдарың да пенденің жылдарындай зулап өтіп,
6сондықтан қайсыбір кінәмді іздеп, әділетсіз қылығымды тездетіп табуға тырысуың қажет пе?
7Бірақ Сен менің қылмыскер емес екенімді, әрі өз қолыңнан ешкімнің де мені құтқара алмайтынын білесің ғой.
8Сен мені өз қолыңмен түгелдей қалыптастырып жараттың. Ал енді мені біржола құртпақсың ба?
9Мені саз балшықты илегендей етіп жасағаның есіңде ме? Енді мені қайтадан топыраққа айналдырғың келіп отыр ма?
10Анам жүкті боларда Сен мені оның құрсағына сүттей құйып, ірімшіктей ұйыттың емес пе?
11Сүйектерім мен сіңірлерімді біріктіре тоқып, оларды тері, етпен жаппап па едің?
12Сен маған өмір сыйлап, мейіріміңді таныттың. Сенің қамқорлығың арқасында рухым аман қалды.
Құдайдың мақсаты — Әйүпті соттау ма?13Бірақ Сен мына нәрселерді өз жүрегіңде жасырып қойдың. Сенің мақсатыңның мынау екенін білемін:
14Сен мені бақылап тұрсың. Егер күнә жасасам, мұнымды жазасыз қалдырмайсың.
15Егер кінәлі болсам, қасіретке қалар едім. Тіпті әділ болғанмен, басымды көтере алмаймын. Өйткені әбден масқараланып, азап шегудемін.
16Егер басымды көтерсем, Сен арыстандай соңымнан қуып жетіп, тап беріп, қайтадан айбарлы да ғажап істер істейсің.
17Маған қарсы қайта-қайта куәлік келтіріп, өзіме бағытталған қаһарыңды күшейте түсесің. Жіберген апат-пәлелерің бірінен кейін бірі жөңкіп келе береді.
Әйүптің Құдайдан өзін жайына қалдыруын сұрауы18Ендеше неліктен мені анамның құрсағынан шығардың? Ешкім мені көрмес бұрын өліп кеткенімде ғой, шіркін!
19Ешқашан бар болмағандай, анамның құрсағынан бірден қабірге қойылған болсам ғой!
20Көрер күндерім тым қысқа! Мені жайыма қалдыра гөр, бір сәтке көңіл көтеріп тыншиын!
21Себебі жақында мен қайтпас сапарға, тас түнек пен түк көргісіз қараңғылық жайлаған аймаққа аттанамын.
22Қою қараңғылыққа шомған, астан-кестен ретсіздікке толы сол жердің жарығының өзі қара түнектей емес пе?»
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
